Намаз оқымаған адам кәпір ме?

0
1769

Сұрақ: Исламда адамды мәжбүрлеуге және өзгеге залал келтіруге орын бар ма?

Жауап: Бүгінгі күні радикалды діни ағымдарға ерген бауырларымыздың бойында зорлық-зомбылыққа бейім, мұсылман бауырын кәпірлікпен айыптай салып, намаз оқымаса, ағайын-туыспен қатынасын үзіп, өзі өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамай, өзімен пікірлес болмағандарды жек көру немесе өзге де қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, басқаларды бүлікке шақыру сияқты зайырлы қоғамға қайшы оқыс мінездері мен көзқарастары байқалады.

Сонымен, Исламда басқа біреуді дінге күштеп шақыру, оны қорқытып-үркіту бар ма? Бұған нақты жауапты Құран Кәрімнің мына аятынан көреміз: «Дінде – күштеу жоқ» (Бақара: 256).

Ислам намаз оқымайтындарға және өзге дін өкілдеріне қалай қарайды? Олардың әрбіріне «Сен кәпірсің» немесе «Сен намаз оқысаң да, оқымасаң да кәпір болдың!» деп айтады ма? Бұлай деуіміз – радикалды көзқарастағы кейбір діни ағым өкілдері өздерін құптамаған және дінді дәл өздері сияқты ұстанбаған адамдардың барлығын кәпірге жатқызып, Алланың орнына үкім беріп қояды.

Құранда мынадай аят бар: «Ей, адам баласы! Шын мәнінде, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» (Хужрат: 13). Демек, адамдардың әртүрлі болуы, ұлттар мен ұлыстар, этностық топтар болып бөлінуі – Алланың жаратылысы. Мұнда Алла ешкімді қатыгездікке, дұшпандыққа шақырып отырған жоқ, керісінше, бір-бірлеріңді танып, араласып, тату-тәтті өмір сүруге шақырады. Егер Алла қаласа, онда біздерді ұлттар мен ұлыстар етіп жаратпай, барлығымызды бір үмбет етіп жасайтын еді.

Құранда Алла былай деген:

«(Мұхаммед Ғ.С.) егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді» (Һуд: 118).

Сондықтан бір мемлекетте түрлі адамдардың бірге өмір сүруі және олардың алуан түрлі болуы – тағдыр. Ал мұсылман адам тағдыр мәселесінде таласпайды. Өйткені, тағдырға қарсы келу – Құдайдың әміріне қарсы шыққанмен тең.

Олай болса, Исламда барлық адамның құқығы тең. Исламда намаз оқитын және намаз оқымайтын, мұсылман немесе өзге дін өкілі деп ажыратылмайды.

Радикалды көзқарастағы кейбір діни ағым өкілдері: «Басшылық намаз оқымайды. Демек, олар – кәпір, мемлекет кәпірлердің қолында» деген сияқты ұрандарды жиі айтып, дінге жаңа кірген жастарды бүлікке шақырады.

Бір күні Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларға қарап: «Сендерге мәртебесі жағынан ораза, намаз және садақадан да абзал нәрсе жайында хабар берейін бе?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Әрине», – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ол – ренжіскенді жарастыру», – деп айтады (Әбу Дауд, Термизи және Ибн Мәжа).

Бір-бірімен ренжіскен адамдарды жарастыруды және достық пен сүйіспеншілікті ораза, намаз және садақадан жоғары қойып отырған Ислам қасындағы адамға «Сен кәпірсің» деп айтуға жол бермейді.

Ал енді ата-бабасы мұсылман, қажылыққа барған, садақасын беріп, қолынан келгенше оразасын ұстайтын қазақ баласына «Сен кәпірсің» деп айтудың өзі – күпірлік.

Балғабек МЫРЗАЕВ
kazislam.kz