ІНДЕТТІ КЕЗЕҢГЕ ҮШ ҰСТАНЫМ

0
290

Мынау бір өтпелі кезең бәрімізді есеңгіретіп тастағаны анық. Қазір жаппай халықтың амандығы бәске тігіліп тұр. Жақын арада бұл сынақтың аяқталатын түрі де байқалмайды. Бірақ індетті кезең екен деп бойдақтар үйленбей тұрмайды. Келіндер босанбай тұрмайды. Адамдар бақилыққа аттанбай қалмайды.

Біздің қазақта осының бәрі үлкен рәсімдермен, көпшілікпен өтетін жағдайлар ғой.
Сонда не істемек керек? Талай адамның басы қатуда. Баламды қалай үйлендірем, беташарын, тойын қалай жасаймын.
Келіннің сырғасын қалай тағам?
Құдаларды қалай шақырам?
Қызымды қалай ұзатам?
Марқұмның жаназасын қалай шығартамын?
Кімдерді шақырам? Жетісін, бейсенбілігін, жылдық асын қалай өткізем?

Бүгінге дейін бұл рәсімдердің бәрі көп адам шақырып, дархан дастархан жайып, көсіле отырып, мол жамағаттың қатысуымен кеңінен өткізіліп келген.

Карантин жағдайында, індетті кезеңде мұның бірін де жасауға болмайды. Көпшіліктің басы қосылған жерде аты шулы індет өршіп бара жатыр.

Үйіне адам шақыруға болмайды деп қаншама адам баласын үйлендірмей, қызын күйеуге бермей отыр.

Екі-үш адаммен өткізіп жіберсе ҰЯТ БОЛАДЫ. ЖҰРТ НЕ ДЕЙДІ? ЕЛ КҮЛЕДІ! Осы бір жағдайлар біраз жұртқа қол байлау болып отыр.
Осыған қатысты кейбір ойларды бөлісуді жөн көрдім. Біреу келісер, біреу келіспес. Бірақ айтпасқа болмай отыр.

ЕШКІМГЕ ӨКПЕЛЕМЕУ


Ең алдымен, қазір бір адамға екінші адамға өкпелемейтінін бәріміз ұғынуымыз керек. Осынша адам күн сайын қайтыс болып жатқанда, мені неге үйіне шақырмайды деп ешкім сізге өкпелемейді. Сіз де ешкімге өкпелемеңіз!. Қызыңызды беріңіз! Келініңізді түсіріңіз! Ұзату той, құдалық, беташарға қарап отыратын кезең емес.
Тірі адам тіршілігін жасауы керек.

ТЕЛЕФОНДЫ ПАЙДАЛАНУ

Екіншіден, жаназа рәсімдеріне ет бауыр жақындар ғана барса парыз орындалады. Ал қалған кісілер телефонмен көңіл айтып, өз үйлерінде дұға жасаса!

МАРҚҰМҒА БЕРІЛЕТІН АСТАР


Үшіншіден, қайтыс болған кісінің жаназасынан кейін болатын барлық астар тоқтатылса. Марқұмға қатысты ватсап желісінен арнайы чат ашылып, әркім өз көңілі мен дұғаларын сол жерде білдірсе.
Көңіл көрген жерде дегендей, марқұмның туыстарымен жолығып қалған жағдайда дұғаларын қосымша айтса…

Әзірге осы үш ұстанымға бүкіл ел болып келіссек, біраз жағдайлар реттеле бастайтын еді деген үміттеміз.

Әзірге ең басты тілегіміз, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсыншы, ағайын! Әлі талай жиындарда бас қосатын уақыт та келеді. Бірақ қазір бәріміз ойлануымыз керек!

Бүгінге дейін бақилық болғандарды Алла рақымына бөлесін!
Ауырып жүргендер тез айығып кетсін!
Мына бір жаман індет елден шығып, ғайыпқа кетсін!

Асылбек Әуезханұлы