Абайдың өлеңге қойған төрт шарты

0
1702

Абай  поэзиясы – кең көлемді мол қазына, биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Оның философ, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, сыншы, композитор атануы кейінгі әңгіме.

Алдымен, Абай – ақын. Сол себептен де «Абай» дегенде әуелі «сөз өнері» ойға оралады. Халқы оны «ақын» деп таниды. Сонымен, Абай – ақын. Бұл аз, ол ақындардың ақыны! Ахмет Байтұрсынов «қазақта Айбайға дейін мұндай ақын болған жоқ» деп дәл айтқан. Бірақ бұл да аз, қазақта Абайдан кейін де мұндай ақын болған жоқ. Оның қайталанбас біртуарлығы осы арада жатыр. Әділ баға – осы.

Абай ақын болғанда да бүтін бір халықтың ұлттық мәдениетінің мәңгілік мерейі, әдебиетінің асқар шыңы болған кемеңгер, классик ақын. Ендеше (ақын болғандықтан) Абай шығармаларының дені – поэзия.

Кішірек кезінде ауыл молдасынан аздап сауат ашқан ақынды әкесі он жасында Семейдегі медресеге жібергені баршамызға белгілі. Әуелі ол Ғабдул-Жапардың, кейін Ахмет-Ризаның медересесінде оқиды. Құран аяттарынан «қуат алып», хадистерді оқып «көкірек көзін ашып», шариғи мұсылмандық білім ізденуі, ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетін, оның халықтық негізін терең зерттеуі, шығыс әдебиеті шайырларын өзіне ұстаз тұтуы Абайды ақын мен ақындықтың мақсат-мұраты жайлы жаңа көзқарасқа алып келді.

Сөйтіп, ақындық өнерге өз ортасы мен дәуірінің өресі жетпеген жаңалығы болып табылатын эстетикалық ойдағы соны да тың көзқарасымен, кемеліне жетіп, толысқан ақындық бағдарламасымен келіп қосылды. Оның эстетикалық дүниетанымы негізінен поэзия тілімен берілсе де, қазақ халқының ой-санасында тұңғыш рет теологиялық тұрғыдан айтылып, жазылуымен ерекшеленеді. [1, 170-бет].

Абай – мұсылман ғалымдарының еңбектерін көп оқып, онысын өлеңдеріне арқау еткен сауатты ғалым тұлға. Араб, шағатай, түрік тілдерін терең меңгерген, наху, мантық, араб тілі грамматикасын сауатты оқыған, тәпсір, ақида, усул ғылымдарын жете таныған. [2, 43-бет]

Атақты жазушы Сәбит Мұқанов: «Абайдың екі мектебі бар: біреуі – исламдық Шығыс, екіншісі – Батыс. Әбуғали Сина, имам Ғазали, имам Фараби, ибн Ғараби, ибн Тәймия сынды мұсылман ғалымдары ислам дінінің философиясы туралы бірсыпыра кітаптар жазған. Абай осылардың бәрін оқыған және оларды жақсы түсінген. Араб пен парсы тілін жақсы білгендігі және ол тілдерде жазылған ислам дінінің теориясы және практикасы туралы кітаптарды оқығаны Абайдың шығармаларында көрініп қалып отырады», – дейді. [1, 202-бет]

Есімі елге белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы ақынның «Бабыр намә», «Қабус намә», «Құтадғу білік», «Табари тәпсірімен» жақсы таныс екенін сөз арасында айтып өтеді. «Қабус намәнің» 35, 36-тарауларында «Ақындық өнер туралы», «Хафиз және музыкашылар туралы» тақырыптарға орын берілген. Сонымен бірге, Кейкабустың өз ұлына: «Жалпы, ғаруз, ақындық өнерді үйренумен қатар, өлең жазуды үйрен», – деп, ақындық өнеріне терең ден қоюға бұйырғаны да айтылған. [1, 173-бет]

Міне, осыдан Абай ақын өлең шығарып, ақын атанудың еріккеннің ермегі емес екенін, оның үлкен өнер екенін түсінген. «Бисмилләсіз басталған барлық іс келте» делінген хадисті терең ұққан ақын «Әуелі аят, хадис – сөздің басы» деген ұстанымда болған.

Осы өлең жолдары арқылы Абайдың нені мақсат тұтқанын есімі елге белгілі абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім былай деп түсіндіреді:

«Әуелі аят, хадис – сөздің басы» деп Абай тегін айтпаған. Неге сөздің басы аят дегенге келсек, аят – (ақын шығаратын) өлеңнің формасы, түрі. Демек, жаратылыстың құпиясы, оның кереметі өлең түрінде белгілі болады екен. Ақындық табиғатында періштелік бар десек, ізгілік туралы айтқанымыз, демек ізгіліктің басы аятта – Жаратушы «сөзінде». Яғни, Жаратушының, жаратылыстың тілі – поэзия. Өлеңнің нәрі – аят. Себебі ол – сөздің басы. Ал аятты насихат ету пайғамбар үлесінде. Демек, аяттан кейінгі сөз басы – хадис, яғни пайғамбар сөзі».  [3, 259-260 бб]

Сөздің басы тек Алланың атымен, пайғамбар (с.ғ.с.) хадисімен басталса ғана ол  «қисынымен қызықты» болады. Сол себепті Хакім:

«Әуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бейітмысал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы?» – дейді. [4, 1-том, 72-73 бб]

Мәселенің мәнісін шариғатқа әкеп тіреген ақын, енді өлеңге өз шарттарын қояды. Әлбетте, Алла мен оның пайғамбары (с.ғ.с.) қойған шарттар. Осы жерде «ақындық» туралы шариғат не дейді? Абай ұстаған шырақ, сүйенген негіз бізді қараңғыдан нұрға алып бара ма? Алла Тағала Құранда: «Ақындарға азғындар ғана ереді», – деген. Бұл сөз Құран Кәрімде «Шұғара» сүресінің 224-аятында келеді. [5]

Негізі бұл аятта кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайында жаман сөздер айтып, жала жапқан мүшірік ақындар туралы айтылуда. Сүренің жалғасында: «Бірақ, иман келтіріп, ізгі іс істегендер, Алланы көп зікір еткендер, зұлымдық көргеннен кейін кек алғандар басқа…» деуі арқылы жақсы жолдағы сахабаларды, мұсылман ақындарды мүшіріктерден бөліп қарауда.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешқашан ақындыққа, өлеңге тыйым салмаған. Бірақ, ақын өлеңінде ақиқатты, Алланы, пайғамбарды, елге, жерге деген сүйіспеншілікті, бірлікті-ынтымақты, т.б. тәрбиелі нәрселерді насихаттауы керек. Ақындықтың Исламда тыйым салынбай, керісінше құпталғанын Пайғамбарымызды құрайыштық мүшіріктерден өлеңмен қорғаған Хасан ибн Сәбит Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) талай рет мақтау алғандығынан-ақ байқауға болады. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Мүшіріктерді өлеңмен тығырыққа тіре. Өйткені, Жәбірейл сенімен бірге» (Бұхари, 6146), – деген екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) басқа бір хадисінде: «Өлеңде хикмет бар» [ Бухари 6145] [6] деген.

Осымен қатар, «Пайғамбар ақыны» деген атпен танымал Абдулла ибн Рауаха Алла Елшісімен (с.ғ.с.) бірге Меккеге ұмраға келгенде Алланы мадақтап, дінсіздерді жер қылатын өлеңін бастай бергенде Хазіреті Омар (р.а.) тыйып тастайды. Бұны естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хазіреті Омарға (р.а.) қаратып: «Килікпе оған. Оның өлеңдері меккелік дінсіздерге оқтан да қатты әсерлі» дегенінен жақсы өлеңдерді айтуды құптағанын көреміз.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құзырында дінсіз ақындар мен Хазіреті Хасан ибн Сәбиттің (р.а.) өлең шумақтарымен айтысып, оның өлеңінен кейін сөзден жеңіліп, әсерленген қаншама мүшріктер Ислам дінін қабылдаған.

Міне, сол себепті Абай ақын «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» дейді. Неге өлең сөздің патшасы? Біріншіден, ол өзінің «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» (1888) атты өлеңінде қоғам мен адам өміріндегі поэзияның орны және қызметі жайында ойын:

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай, елең-селең»,
– деп тереңдете түседі. [4, 1-том, 75-бет]

Бұл ойын ақын бала туғанда шілдехана, қыз ұзатқанда тойбастар өлеңдері, адам өлгенде айтылатын жоқтаулармен дәлелдей келіп, өмірде өлеңмен байланыссыз еш нәрсе жоқ екенін көрсетеді. Сол себепті бұл өнерге «патша» деп анықтама береді.

Екіншіден, өлеңнің «сөздің патшасы» атануын абайтанушы Ғарифолла Есім: «Сөздің патшасы – өлең. Мәселе сөзде. Сөз болған соң өлең бар, патшалығы бар. Сөз деген не? Қандай іс, қарекет болсын,ол сөз арқылы айқындалады. Сондықтан сөз – істің қарекет көрінісі.

Екіншіден, сөз идеяға байланысты. Идеяның өзі сөз арқылы анықталмақ. Сөзсіз идея айқындалмайды.

Үшіншіден, сөз – ойлаудың нәтижесі әрі оның процесі. Тұжыра айтсақ, қандай сөзде болсын қорытынды бар. Сөзде жаңа ой басталып, алдыңғы ой көмескіленіп тұрады. Сөздің жаңа ой басы дейтініміз сондықтан», – деп себебін түсіндірсе, енді бір ойын былай сабақтайды:

«Өлең – сөздің  патшасы» дегенде Абай өлең мен сөздің бір-бірімен байланысын «патша» деген ұғыммен білдіріп отыр. Патша болу үшін оның қасиеттері жалпы патшалыққа тән болса, сонымен бірге, патшалықтың қасиеті патшада болуы шарт. Міне, өлең деген сондай мәнге ие болып, бүкіл сөздің патшасы атанған. Сөз деген патшалық болса, өлең – оның патшасы», – дейді.[3, 193-196 бб]

Енді, өлең – сөздің патшасы болса, өлең шығарудың өз ережесі мен бағытының болуы заңды. Әйтпесе ол «патша» болудан қалады.

Бірінші шарты – өлеңнің шариғат қойған заңдарға қарсы келмеуі, халықты күнәға үндемеуі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көрсеткен сара жолды негізге алған сахабалар да шариғатқа сай келетін өлеңдер шығаратын. Сауатты ғалым сахабалар бұл өнерге орынды сындарын да айта алатын. Сол сахабалардың бірі және бірегейі, араб әдебиетінің сыншылдық жанры әрдайым қарыздар болып келген тұлға – Әзіреті Омар (р.а.).

Сахабалардан Әбу Бәкір (р.а.) шежірешілдігімен өзгеден оқ бойы озық тұрса, [7, 24-бет] ал Осман (р.а.) өлең-жырмен көп әуестенбеген. Дегенмен, тарих және әдебиет кітаптарында Осман (р.а.) сахабаның мысал ретінде оқыған кейбір өлең жолдары сирек болса да жазылған. [8, 102-бет]

Ал, Омар (р.а.) кез келген мәселеге өлеңмен мысал келтіретін болған. Өзі ақын болмаса да, өлең-жырларды тыңдауға және поэзия жанрын дұрыстауға көп көңіл бөлген жан. [9, 270-бет].

«Көркем сөздің асылы – поэзия» деп жоғары бағалаған Абай, кейде қазақ ортасында оның қадірін кетіріп жүрген ақындарды сынап алады.

«Сөз қадірін» кетірмеу – өлеңге қойылар екінші шарт. Ақын:
«Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап», – деген. [4, 1-том, 73-бет]

Бұл сын, негізінен өлең сөзді әлеуметтік шындықты суреттеуге емес, күнкөріс қамына жұмсаушылар мен «көр жерді өлең» қылушыларға арналады. Сол арқылы қазақ арасында өлең сөздің «қадірсіз» көрінген себебін ашады. Өлеңнің ермек емес, өнер екенін ол баса айтады. Өз өнерін халық мүддесіне жұсауды мақсат етеді.

Міне, осы ұстаным – өлеңге қойылар үшінші шарт. Оны мына шумақтан да байқаймыз.
«Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ, әуел баста-ақ». [4, 1-том, 75-бет]

Тағы бір өлеңінде ақын:
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі – сезімді, тілі – орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін», – дейді.[4, 1-том, 94-бет]

Төртінші шарты – өлеңге «бөтен сөздің» араласпауы. Ақын оны қаламайды. Себебі, олай ету – ақынның «білімсіз бейшаралығы». Абай шығарманың мазмұнына қатысы жоқ сөзуарлықты, ескі қиссаларда, соған еліктеп қисса жазатын ақындарда кездесетін «әсіре қызыл» теңеу, жалған қызықшылықты суреттеуді сынап өтеді.

Сол секілді халифа Омар (р.а.) да өлеңге сыртқы өлшемдер қойды. Мысалы, араб тілінің тазалығына көңіл бөлді. Шығармада тілдік қателіктің болуы оны төмен санауына және қабылдамай тастауына жеткілікті еді. Тіпті, хат құжаттарды жазуда тілдік қателіктерге жол бергендерді жазалайтын. Сөздердің тым күрделеніп кетпеуіне де назар аударатын. Өйткені, өлең адамдарды әлдебір мәселеге үндейді және қалың көпшілікке арналады. Сондықтан оның түсінікті болуы керек.

Омар (р.а.) халифа бұл тұрғыда: «Сөзді көбейтіп жіберуден сақтан», – дегені бар. Ол сөздердің лайықты түрде орналасуын да қадағалайтын. Бірде, әл-Фаруқ (р.а.) хасхас руының құлы Сухаймның өлеңін тыңдаған соң, оның «Кәрілік пен Ислам адамды күнәлардан тыюға жеткілікті» деген өлең жолдарын тыңдап, оған қатысты: «Егер де Исламды кәріліктен бұрын атағаныңда, саған сыйлық берер едім», – депті. Яғни, Исламның кәрілікке қарағанда күнәдан тыюшы ретінде әсері күштірек екенін айтқысы келген.

Сол секілді әділдік таразысы болған сахаба (р.а.) өлеңдердегі қолданылатын көркем теңеулерге де оң баға беретін. Мәтіндегі көркем мағынаға сүйсінгенде, сол өлең жолдарын қайталайтын.

Мысалы, ақын Абда ибн Тайыбтың өлеңін оқып, оның «Кісі өзі жете алмайтын іске ұмтылады. Бұл өмір – сараңдық, алаңдаушылық және үміттену» деген мазмұндағы өлең сөздеріне келгенде, осы бір көркем теңеуге сүйсіне: «Бұл өмір – сараңдық, алаңдаушылық және үміттену», – деп қайталапты.[9, 277-281 бб]

Өлеңді ермек пен көңіл көтеретін жеңіл нәрседен сөздің патшасына дейін бір-ақ көтеру – бұл қазақ өлеңіндегі революция. Осындай ұлы қадамға бара білген Ибраһим Құнанбайұлының да тұлғасы осал болмауы керек. Осылайша қазақ өлеңі адам ұлы естіп көрмеген биікке көтерілді; қазақ өлеңіне енді қалай болса солай келуге болмайтын болып қалды. Абайдан кейін өлең өлкесіне қадам басу – жүрек жұтқан батырлардың ғана қолынан келетін іске айналды.[10, 325-бет]

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,

Ақтөбе облысы,
Темір ауданы, 
«Шұбарқұдық кәсіпшілігі» ауылы,
 «Шұбарқұдық кәсіпшілігі» мешітінің имамы

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

[1] Мекемтас Мырзахметұлы, «Абай және шығыс», Алматы , «Қазақстан» 1994
[2] Б. Жүнісбеков, М.Қайрамбаева, Ш.Садықова,  Н.Өмірбекова, М.Кенемолдин, «Абай туралы естеліктер», Алматы, «Қаламгер» 2018
[3] Ғ.Есім, «Хакім Абай»,  Астана, «Фолиант» 2012
[4] «Абайдың екі томдық толық шығармалар жинағы», Алматы, Жазушы 2004
[5] Құран Кәрім, Қазақша сөзбе-сөз мағынасы, Ғ.Ақытұлы, М.Ақытұлы.
[6]  Имам Әбул Аббас Ахмад ибн Абдул Лятиф әз-Зубайди, «Сахих Бухари», Алматы 2007
[7]  Әли Мухаммад Әс-Саллаби, «Халифа Әбу Бәкір әс-Сыддық», Алматы 2019
[8] Әли Мухаммад Әс-Саллаби, «Халифа Осман ибн Аффан», Алматы 2019
[9] Әли Мухаммад Әс-Саллаби, «Халифа Омар ибн әл-Хаттаб», Алматы 2019
[10] Омар Жәлелұлы, «Харекет. Монография.Зерттеу мақалалар»,Шымкент, «Дария» 2018