Сәләфилік идеологияның уағызшысы Д. Махаматовтың қоғамға келтірген зардаптары

0
2099

Бейбітшілікке бастар жоралы жолдың ең басты кепілі мен кесек факторы — елдің ынтымағы мен бірлігі болса керек. Жарасты ынтымақ, ұйыған бірлік болған жерде ғана бейбітшілік турасәлы айтуға болады. Шын мәнінде мүмин жүректердің бір-біріне қатқан үнінің, өзара үндес те үйлесімді тұтастығының қоғамдық қатынастар мен қауымдардың ара қатынасына ықпалы зор. Осы үндестік тапқан ұғым, түсініктер араларындағы бірліктің бәрінің де үйлестірушісі Алла тағаланың қалауымен ғана жүзеге асатынын Құран Кәрімнің мына бір аятынан көруге болады:  

«Ол мүминдердің жүректерін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла, олардың араларын біріктірді. Расында Ол, өте үстем, аса дана» (Әнфал сүресі, 8/63 — аят).

Құран Кәрім жанжалдасуға былайша тосқауыл қояды: 

«Аллаға әрі Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, әйтпесе әлсірейсіңдер, бойларыңнан күш-қуат кетеді. Сабырлы болыңдар. Расында Алла сабырлылармен бірге» (Әнфал сүресі, 8/46 — аят).

Құран Кәрімнің келесі бір аятында дінді жік-жік етіп, ағымға бөлінбеу керектігін былай ескертеді:  

«Ақиқатында діндерін жік-жік етіп, ағымдарға бөлінгендерге сенің ешқандай қатысың жоқ. Шын мәнінде олардың ісі Аллада. Кейін Алла оларға не істегендерінің хабарын береді» (Әнғам сүресі, 6/159 — аят).

Міне, Құран Кәрім аяттары ынтымақ-бірлікке шақырып, бөлінуден сақтандырып тұрса да бүгінгі күні мұсылмандар жік-жікке бөлініп, бір-біріне деген сыйластығы, мейірімі жоғалып барады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) бөлінушілікке себеп болатын, бірлік пен бауырмалдыққа сызат түсіретін кез-келген нәрседен сақтануға шақырған. Осыған байланысты үш кісі тұрған жерде екеуінің бір-бірімен сыбырласып сөйлесуіне  тыйым салған. Себебі, бұл әрекет үшінші кісінің ренжуіне себеп болады. Ал бұл бір-бірімен бауыр болып табылатын мұсылмандардың арасының бұзылуына әкеп соғады.  

Қоғам ішінде бүлік пен алауыздықты тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен хадис біздерге осыны бұйырады. Ал, қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салудан Алла тағала мұсылмандарды қатаң түрде тыйады. Қасиетті Құранда бұл жайында былай дейді: «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер».

​Дін қашан да саясиланған жағдайда қауіпті құбылысқа айналатындығы ақиқат. Мұны қаншама жылдан бері дін атын жамылған түрлі ағымдар мен ұйымдардың іс-әрекеттерінің салдарынан байқауымызға болады. Сол секілді діни-саяси ағымдардың бірі – уаһһаби-сәләфилік.

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ортаға шыққан бұл діни-саяси ұйымның тарихына көз салсақ көптеген ислам мемлекеттерінде, мұсылман қоғамының арасында үлкен дау-дамайдың бастаушы эпицентрі болып келеді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған тұстан бастап біздің де Отанымызға бұл діни-саяси ағымның өкілдері өз идеологияларын жастарымыз арқылы сіңіре бастады. Кейібірі діни білімсіздіктен адасқан болса, енді кейбірі жоқшылықтан, әлеуметтік жағдайының төмендігінен бұл ағымның құрсауына түсе бастады.

 Уаһһаби-сәләфиліктің қоғамға қауіпті екендігін бұған дейін көптеген зерттеушілер айтып та, жазып та түсіндіріп, көпшілікке жеткізіп келеді. Десек те, біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырғын тақырып та уаһһаби-сәләфиліктің тармақтарының бірі – мадхализм бағытын ұстанушы азамат жайлы болмақ.

Ділмұрат Махаматов – этникалық өзбек, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Жоғары теологиялық білімі бар. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Екі рет үйленген, 9 баласы бар. Ол 20 жылдан астам уақыт Сауд Арабиясында өмір сүрген. Сол жақта діни білім алған.

2018 жылы қазан айында Сауд Арабия елінде құрықталып, кейін елге экстрадацияланған Ділмұрат Махаматовты таяуда Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты 8 жылға бас бостандығынан айырды. Оған сот өкілдері діни алауыздықты қоздырып, терроризмді насихаттады деген айып тағып, мешітте және халық жиі шоғырланатын орындарда оның уағыз айтуына шектеу қойды.

​Бүгінгі мұсылман үмметінің бір-бірлерін айыптап, тіпті адасқан, кәпір, дінсіз деп жүргені жасырын емес. Мұндай жағдайға жол бергендер өздерінің білімсіздігін ғана көрсетеді. Ал білімсіздік адамды кез келген жағдайға душар етеді, тіпті Алланың ісіне де ойланбастан араласа береді. Әрине мұндай түсінікке баруына, қоғамнан оқшаулауына Махаматов Ділмұраттың ықпалы орасан зор деп білеміз. Әлгі топтардың әрқайсысы өздерін хадистегі жәннәтқа баратын топтың қатарына қосып, өзгелерін қосқысы келмегені сөзіміздің айғағы. Әсіресе сәләфилік идеологияны ұстанушылар қатарының көбісі жастар екені жасырын емес. Қазақстандық зерттеуші, психолог Л.Шакимова еліміздегі деструктивті діни ағым жақтаушы тұлғалардың өмірдерегін зерттей отырып, олардың қатарында көбіне өмірлік тәжірибесі аз, тұлғалық келбеті қалыптасып үлгермеген жеткіншектер екенін анықтаған. Барлық нәрседе, соның ішінде рухани ізденістерде де жоғары шекке (максимализмге) бейім тұратын, аңсар-мұраты қалыпты тіршіліктен жоғары, ерлік жасауға құштар, өзгерістерге құлшынысы мол, сонымен қатар ересек буынмен салыстырғанда бос уақыттың да қызығын көбірек көретін жастардың қашанда жаңашыл көрінетін жат идеологиялық және құндылықтық бағдарларға оңай елігетіні әмбеге аян жайт. Радикалды идеология құрығына шындап ілінгендердің — 48%-ы 26-35 жас аралығындағылар болса, -19%-ы  25 жасқа толмағандар екен. Олар еліміздің жастарын өз мақсаттарының орындалуында өте тиімді пайдаланып келеді.

Енді Махаматов Ділмұраттың қабылдайтын Сауд Арабиясында ұстаз, ғалымдардың бірі болған Мұхаммад ибн Салих ибн Усаймин жайында кітабынан мысал бергім келіп отыр. Хукму Тәрикус-Салати (3-7 беттер, «әл-Мәктәбут-таъауний лид-даъуати уал-иршад» баспасы, Рияд) еңбегінде: «Егер отбасы мүлдем намаз оқымаса, онда олар сөзсіз кәпірлер. Діннен безгендер. Ислам дінінен шыққан болып саналады. Мұндай жағдайда олармен бірге тұруға болмайды. Бірақ оларды дінге шақыру керек. Қайта-қайта, қоймай шақыру керек. Өйткені намазды тәрк қылған адам (Алла сақтасын) Құран, сүннет һәм сахабалардың сөзі негізінде кәпірге жатады», «Ал енді намаз оқымайтын адам кәпір болғандықтан, оның үкімі діннен безгеннің үкіміне қосылады. Ешбір аят-хадистерде намаз оқымайтын адамның мұсылман екендігі немесе жұмаққа кіретіндігі, яки тозақ отынан құтылатындығы айтылмаған» — дей келе кәпір адамға қатысты: «Олармен үйленуге болмайды, олардың сойған малының етін жеуге болмайды, олар Меккеге және харам аумағына кіре алмайды, егер жақын туысқандарының бірі бақилық болатын болса, олардың дүние-мүлкіне мұрагер бола алмайды, тіпті намаз оқымайтын адам өлетін болса, оны жуып, кебіндемеуге және оған жаназа намазын оқуға, сондай-ақ, мұсылмандардың қабіріне жерлеуге болмайды. Ондай намаз оқымайтын адамды шөл далаға апарып шұңқыр қазып үстіндегі киімімен көме саламыз», «Уа, бауырларым! Мәселе өте қатерлі. Өкінішке орай кейбір кісілер бұл мәселеге жеңіл қарайды да намаз оқымайтындармен бір үйде тұрады. Бұлай жасауға болмайды», — деп жастарды қатаң ескертумен нүктелейді.

Сәләфизм бұл дінді түсіну формуласы. Буквализм формуласы. Ақыл-есті шектеу формуласы. Аят-хадистің астарына үңілу арқылы, діннің рухына, Құдайлық мақсатқа сай, адамзаттың пайдасына, заман мен қоғамның жағдайына қарай түсіну емес, тікелей тура мағынасында түсіну формуласы. Бұл формула бойынша дінді түсінген адамға басқаша ойлау тозаққа жетелейтін, діннен шығаратын әрекет болып көрінеді.

Қандайда бір ағым, идеологияда мына 4 нәрсе болмаса өмір сүре алмайды:

1. ЛИДЕР 

Лидер (ағылшынша leader — жетекші) — қоғамға, ұйымға немесе топқа ықпал етуге қабілетті тұлға. Лидер-басшыжетекші. Бұл ағымдардағы жетекшілер рухани көсем, шейх, тақсыр, пір, ұстазт.б. неше түрлі аталуы мүмкін. Бастысы кез келген идеология басшысыз жүзеге асуы мүмкін емес. Сондықтан да барлық діни ағымдардың басында міндетті түрде басқарушы көсемінің болуы заңды. Әйтпегенде ол ағымның ғұмыры келте. Дін көсемі артынан ерген адамдарға таңдаған жолын тәптіштеп түсіндіріп, басқару тетіктерін үйретіп, идеология мен мақсаттарының кең тарауына ықпал етеді. 

2. ЖАНАШЫРЛЫҚ, МЕЙІРІМДІЛІК

Діни ағым жақтаушылары адамдарды өздерінің қатарына тартып, ұстанымдарын кеңінен тарату үшін мынадай әдістерге көшеді:   

1. Адамдармен өте көркем түрде сөйлесіп, жылы да жұмсақ сөздермен оның ішкі жан-дүниесіне енуге тырысады. Мұндай жылу, мұндай қарым-қатынас көрмеген адам әлгіні өзіне жақын тұтып, ажырамас дос ретінде есептейді. 

2. Ол сіздің бұрын-соңды көрмеген ең жақын, мейірімді, тілектес адамдай көрінуге тырысады.

3. АҚЫЛДЫ БҰҒАТТАУ (МӘҢГҮРТТІК)

Бүгінгі күнгі адамзат баласының ғылым мен техниканың, мәдениеттің жедел дамуының қайнар бұлағы ақыл-ойдың жемісі екені талассыз. Ақыл-ойсыз дүниеге адамгершілікті көзқарас білдіру, саналы тәртіп пен орынды мінез-құлық қалыптастыру, табиғат және қоғам құбылыстарына талғампаздық, дене күш-қуатын арттыру жолдарын білу, қоғам өмірінің құқықтық негіздерін игеру мәселелерін шешу мүмкін емес. Сондықтан да ақыл-ой — адам зиялылығының негізі. 

Адамның сенімі мен ойы не нәрсеге де болса анализ жасамай толықтай «соқыр» сеніммен берілетін болса, ол өзі бағытталған обьектіні қалай да еңсереді. Бұл жолда ол «бұйрықты орындаушы» ретінде ешнәрседен тайынбайды. Өзіндік «менінен» айырылып, мәңгүртке айналады. Оларды бұл бағытта кісі ақылы мен миын оның сенім және сезім әлеуетін «мақсатты пайдалану және тиімді жұмсай білудің» қас шебері деуге болады.  

2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбе қаласындағы лаңкестік шабуылға қатысып, өмір бойы бас бостандығынан айырылған 7 азаматтың бірі Алибек Акпанбетов өзінің басты қателігі мен өкінішін былай баяндап берді: «Бұл мен үшін өмірімдегі ең үлкен қателік болды. Оның қалай болғанын өзім де білмеймін. Сөздің шыны, Алла куә ғой. Эмоцияға беріліп кеттік пе, немесе суымызға бір нәрсе қосты ма? Мен сол терак кездегі кейбір нәрселерді білмеймін. Есімде жоқ. Айтарым қателеспеу керектігін, бастысы білім алу. Біздікі білімсіздік болды. Біреудің айтқанымен жүріп, «анау болмайды-мынау болмайды» десе соның айтқанынан шықпадық. Бұл дұрыс емес екен. Мойындаймын таза эмоциямен жүрдік. «Халал» десе «халал» деп, «харам» десе «харам» деп жүре бердік. Алла өзі кешірсін! Бауырларға айтарым мешітке барып имамдардан білім алсын! … Бүгінде маған көмегін беріп, артымнан іздеп келіп отырған ата-анам ғана, менің басыма іс түскенде жәрдем беріп жүрген бірде-бір бауыр жоқ. «Ахи» деп». 

Міне адамның ақыл күшін барынша тұмшалап, тек қана оның анайы  сезіммен жүруіне күш салады. Тек қана алдамшы сезімге беріліп өмір сүру адам баласы үшін үлкен опат болары анық.

4. ҰРАН 

Жалпы кез келген идеологияда нақты мақсат пен алға қарай үнемі жігерлендіріп тұратын тетіктер болары анық. Мұнсыз идеологияның ғұмыры келте. Ең бастысы адамның болмысындағы бір құдіретке сену деген ерекшелігін пайдалана отырып, Құдайға деген сенімнің адамға берер пайдалаларын бір қарағанда адамға біліне бермейтін өте шебер бұрмаланған алдамшы ұғымдарын өте оңай тәсілдермен түсіндіріп адамның сеніміне кіруге әрекет жасайды. Жақтаушыға «біз сенің бауырыңболамыз. Ахи, ухти» деп, жақын туысқандарынан, ата-анасынан толық бездіреді де, сол топтағы беделдісіне ұқсауға тырысады.

Қорыта келе мұның барлығы адамның психо-физиологиялық болмысын жаулап алудың жолдары. Егер мұны орындаған адам, сол ортада сол бағыттағылармен жалған ұғым түсінік деңгейінде болса да еркінен тыс қосақталған болса, көп жағдайда олардың құлақкесті құлдарына айналады. Яғни ақылдың қызметін гипноз, бейтараптау амалдары ауыстырғанда оның өзіндік «мені» істен шығады. Адам шын мен жалғанның арасында ақиқатты түйсіну, түсінуден шеттеп қалады. Бұл арада міндетті түрде діни орта, немесе діни ұғым-түсініктер талаптары мен шарттары араласуы қажет етілмейді. Дін бұл арада тек қана масканың қызметін («бүркеншік») атқарады. 

Кезек сәләфилік идеологияның көшбасшысы Махаматов Ділмұраттың көзқарастарына тоқталсақ:

Мұны да екіге бөлуге болады. Біріншісі салт-дәстүрді жоққа шығару. Сәләфилік — жергілікті елдің әдет-ғұрыптарына қарсы. Исламда жоқ кез келген әдет-ғұрыпты «бидғат» (Діннің негізінде жоқ жаңалық, яғни, исламның бес шартына бір шартты қосу немесе бес шарттың біреуін алып тастау) деп қарайды. Яғни, дінге кейіннен кірген «қоспа» болғандықтан оны қолдану харам деп санайды. Мұндай пікірлер ұлтымыздың ислам қағидалары шеңберінде қалыптасқан жақсы әдет-ғұрыптарына қарсы келеді. Сондай-ақ оқылған Құранның сауабын дүниеден өткен кісілерге бағыштауға тыйым салады. Ал құран бағыштау Ханафи мәзһабы бойынша сауапты іс. Себебі Құран оқудың өзі бір ғибадат. Ал ғибадатқа сауап жазылары сөзсіз. Негізінде Құран аяттарында және хадистерде өлген кісілерге тек жақсы сөз айтыңдар, дұға жасаңдар дейді. Енді сөздердің ішінде жақсы сөз кімнің сөзі дегенде әрине Алланың сөзі дейміз. Ол Құран. Олай болса қайтыс болған мұсылман адамдарға Алланың жақсы сөзі болған Құранды неге оқымасқа.

Екіншісі қоғам арасында діни алауыздықты қоздыру. Өзге дін өкілдерін (христиан, иудайзм) «жек көруді» насихаттайды. Белгілі бір (Ханафи сияқты) мәзһабты толық ұстануға қарсы шығады. Мұндай пікірлерді ғасырлар бойы ханафи мәзһабын ұстап келген аймақтар (Орталық Азия, Қазақстан, Ресей т.б.) арасында бүлік тудыру үшін таратып отыр.Сөзімнің дәлелді болу үшін Павлодар облыстық конфессияаралық қатынастарды дамыту және сараптау Орталығының директоры Раздықова Гүлназ Мақсұтқызы Kazislam.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында мынадай деректерді келтіреді:

Қазақстан Прокуратурасының ресми сайтында Ділмұраттың лекциялары мен материалдарына жасалған сараптамалар жарияланған. Арнайы мамандар ол материалдар қоғамда ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздыруға бағытталған, экстремистік деп таныды. Ділмұраттың өз тыңдаушыларына айтқандарының бірнешеуінен мысал келтірейін. «Жек көру керек болса, христиандарды жек көреді. Алайда еврейлерді христианнан да қатты жек көру керек. Тарихта еврейлер пайғамбарларды өлтіргені мәлім. Осы үшін оларды қатты жек көру қажет». Осы сөйлеміне қарап лектордың өз тыңдаушыларын өзге ұлт өкілдері мен басқа діни сенімдегі адамдарды жек көруге шақыратынын анық байқауға болады. Интернетте Ділмұраттың басқа дін өкілдері мен өзге ұлттарға, мәселен, христиандарға, иуда, сопылар мен шахидтерге күмәнмен қарайтыны туралы көптеген лекция табылды. Мұнан бөлек ол намаз оқымайтын адамдарға «бидғатшылар», «адасқандар», еврейлер мен христиандар», “намаз оқымағандар күнәһарлар” деген сынды ат қойып, айыптайды. Ділмұрат діни жазба мәтіндерінен мысал келтіре отырып, тыңдаушысына кімді жек көру керегін айтады. Сонымен қатар, Ділмұрат «ханафит матруидтар» мен исламның басқа ағымының өкілдерін жек көруге ғана емес, ондай топ адамдарымен неке де қимауға шақырады. Ал Ділмұраттың осындай ұстанымын жақтап, оны орындайтындар да салафиттердің ішінде аз емес. Осының өзінен Ділмұраттың идеяларының қоғамның біртұтастығын бұзуға бағытталғанын аңғару қиын болмас.

Сөзімізді қорытындылай келе сәләфилік идеологияны ұстанушылар діни сауатсыздыққа(білімсіздікке) бой алдыруда. Арнайы діни сауат ашу курсын оқымаған, ресми медреседе білім-тәрбие алмаған немесе жоғары діни оқу орындарын бітірмеген. Білімді құлаққап арқылы ұялы телефоннан, ғаламтордан бейресми уағызшылардан тыңдауда. Ал ғылымда ғаламтор ғылыми дерек болып есептелмейді. Анық қанығына жетуді, оқуды, іздестіруді қажет етеді. Діни тұрғыдан жүйесізамалдарға барып жатады. Мысалы: Отбасылық құндылықты сақтамауы, талақ беріп ажырасулардың көптігі. Салт-дәстүрдің байыбына бармай жоққа шығарулары. Діни ұстанымымыз Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақида (сенім) мектебінмойындамаулары. Сондай-ақ бір жақты түсініктеболулары.  Іздестірмей сыртқы формасына қарап баға беру ең үлкен қателік.

​Сөз соңында мына бір әңгімені айтып бітірсем. Бірде шайтан бір мұсылманды көріп, жылап отырғанын байқайды. Қараса намазым қабыл болды ма екен, қателігім, күналарым көп деп жылап отыр екен. Осыдан соң шайтан, ол намазға тұрғанда сенің намазың ең жақсы орындалғаны, жаныңдағылардың намазы дұрыс емес деп азғырады. Осылайша, әлгі намазхан намаз оқып болған соң, менің намазым дұрыс оның намазы бұрыс деген пікірде болады. Бұны көрген шайтан қуанбағанда не істесін. Себебі, әлгі намазханда тәкаппарлық және намазым дұрыс, міндетті түрде қабыл болады деген пікір қалыптасты. Дегенмен оның намазы керісінше тәкаппарлығының арқасында қабыл болмауы да мүмкін еді. Себебі, тәкаппарлығы үшін Ібіліс қарғысқа ұшырап, қуылған шайтан аталған болатын.

​Қазіргі күнгі сәләфилердің ойы да осы іспеттес. Себебі, олар ханафи мәзһабы тек бидғат, ал біздікі тек сахих хадиске негізделген деген пікірде жүр. 

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Дәлелхан Оспанов