Құрбан айт – ұлық мейрам

0
3749

«Құрбан» сөзі  «жақындау» деген мағынаны білдіреді.  Алланың мейіріміне лайықты түрде  ізгі амалдар жасау арқылы  жақындау.  Шариғаттағы терминдік мағынасы:  Аллаға құлшылық ниетімен ереже шарттарын ескере отырып құрбан шалу.  Араб тілінде айтта сойылатын құрбандық мал «Удхия» деп, ал айттың өзі «Ъидул-адха» деп аталады. Ал түркі халықтарында «Құрбан шалу», «Құрбан айт» деген сөздермен қолданылады. Құрбан айттың бастауы — Алланың Ибрахим пайғамбарға жіберген сынағынан кейін пайда болған. Ибрахим пайғамбар сексен алты жасына дейін бала сүймеген. Тек сексен алты жасқа келгенде   Исмайл дүниеге келеді. Бір күні Ибрахим пайғамбарға  Алладан бұйрық келіп,   ұлын құрбандыққа шалуды бұйырады. Алланың бұйрығына қарсы келе алмаған Ибрахим пайғамбар  Мина тауына  келіп, құрбандық дайындығын бастайды. Әкесі сияқты Аллаға берілген Исмайл әкесіне қарсы келмейді. Ибрахим пайғамбар бұйрықты орындай бергенде Алла оны тоқтатып «Сен менің сынағымнан өттің, маған шын берілгендігіңді дәлелдедің» — деп,  құрбандыққа  қой шалуды бұйырады. Содан бастап құрбан айтта құрбандыққа мал шалу дәстүрі басталды.  

Мұсылман халықтарының ең басты ұлық мейрамы «Құрбан айт» мерекесін бүкіл әлем мұсылмандары тойлайды.  Қазақ халқының дәстүріне баланысты үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра мұсылман күнтізбесі бойынша зүлхижжа айының оныншы жұлдызында   ораза айт мейрамынан жетпіс күн өткеннен кейін басталады. Құрбан айтта мұсылман халқы құрбандыққа мал сойып,   үлкен-кіші арасында үгiт-насихат, өсиет сөздер айтып, бір-біріне құрмет көрсетеді.  Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, таза киімдерін киіп, хош иіс әтірлерін сеуіп, мешітке барады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне айттап, құттықтайды. Айттың алдында тәтті тағамдар мен  шелпек, бауырсақ пісіріледі.  Елбасының ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасына сай  «Құрбан айт» мемлекеттік деңгейде аталып өтіледі. 2005 жылы 28 желтоқсанда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» заңына толықтырулар енгізу туралы  заң жобасын қабылдап, соған сәйкес «Құрбан айт» пен «Рождество» мерекесінің бірінші күні елімізде демалыс күндері болып жарияланды.   Қазақ халқының алғаш құрбан айтты тойлау туралы ақпараттар ХІХ ғасырдағы орыс жазбаларында да кездеседі. Тарихи құжаттарға жүгінетін болсақ, қазақ жерінде 1926 жылға дейін «Рамазан айт» үш күн, «Құрбан айт» үш күн, «Наурыз» бір күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Құрбан айтты тойлау және құрбан шалу салты Орталық Азияда ислам дінінің келуімен бірге тараған. Ол Х-ХІІІ ғасырларда етек алған. Бұл салт көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халық үшін таңсық емес. Құрбан айт – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Құранда: «Аллаға құрбандықтың еті де, қаны да жетпейді, Аллаға сендердің сенімдерің ғана жетеді. Алла сендерді тура жолға салушы, ал сен оны өзіңнің ізгі істеріңмен қуандыр» (Хаж сүресі, 37-аят)    
Қорыта келе  айт мейрамы қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген мейрімділіктері мен сыйластықтарын барынша арттырады.Алла Тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін. Айт құтты болсын!

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
исламтанушы Тойшиев Нұртаза