Дін — ұрпағымыздың рухани тірегі

0
1588

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына  құлақ ассақ, дана Абай айтқандай «Адамның бір қызығы -бала» деген.Кез келген адам, өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі, өмірінің жалғасы,  ұрпағымен келетініне  мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе,енді біреуі  даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен  іздейді . Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі екендігі белсенеден белгілі. Адамға нағыз бақытты  ұрпағы ғана сыйлай алады. « Адам- ұрпағымен мың жасайды»- деген сөз бекер айтылмаған. Шыр етіп, дүниеге келген сәттен бастап,ата-ана алдына нәзік те қиын, қыр- сыры мол, үлкен қоғамдық міндет тұрады.   Ол бала- тәрбиесі.

Адамгершілік,  бауырмалдық, татулық, қайырымдылық,  әдептілік , инабаттылық сияқты асыл қасиеттер балаға  үлкендердің  үлгісімен сіңеді.Ата-дәстүр ,салт-сананың санаға сіңген қағидаттары ұрпақ келешегіне  азық болады. Осы тұста айта кететін бір жай ол жастарымыздың дінге деген көз қарасы. Қазіргі таңда халқымыздың   діни көзқарастарына қарай әр түрлі  топтарға жіктеле бастады.  Бұл кеселдің алдын алып,әрекет етпесек,қателікке жол беруіміз әбден мүмкін.  Өйткені кез келген сырттан  келген ағымның басты нысанасы- қазақ халқының рухани мұрасы мен мәдениетін  күйретуге  бағытталған. Діндегі ең басты құндылықтардың бірі — сенім. Діни құбылыстардың барлығы адам сенімінің нəтижесінде жүзеге асады. «Сенім» ұғымының дінде алатын орны зор. Дінде сенім болмаса дін де жоққа шығады. Адамды тəрбиелеуде оның адамдық негізін қалыптастыруға діннің ықпалы зор. Мысалы, көптеген ойшылдар əрбір ісіңді Алла қарап тұрғандай жаса деп таныған. Егер біз əрбір ісімізді  Алла  қарап  тұрғандай  жасасақ,  адам  бойындағы  орынсыз  əрекеттер,  жаман  əрекетке аяқ баспаушы еді. Адамның бойындағы жаман əрекеттердің тууы — өзінің жаратушысын ұмытуы. Сондықтан қоғам өмірінде ерекше орын алатын құбылыс — ол дін.

Дін –рухани  өміріміздің  құбылысы іспеттес. Жалпы діни сананы қауіптің түр-түрінен қорғау мен оны алдын алудың жолдары көп жағдайда қазақы дүниетанымға,  ұлы ойшылдардың  ілімдерімен  сусындауға да келіп тірелетінін  уақыт көрсете бастады.Мәселен, нағыз  асылдың  жасық дүниемен алмастырылуы,діни әрі рухани ілім мен танымды қандай да бір  адасулар мен ауытқулардың  орын алуы,  шын мен шатақ діннің аражігін айыру турасында Шәкәрім қажының “Тура жолда қайғы тұрмас” деген өлеңінде былай суреттеледі.

Таза ақылмен таппаған дін,
Шын дін емес-жындылық.
Өлген ой мен көз, құлақ,делінсе тағы бірде
Таза діннің шын негізінен,
Ұстаған бір пенде жоқ.
Дүние толған көп шатақ дін,
Бәрі бірдей шатпырақ,-дейді.

Жастық –діни танымды өзіне сіңіріп,ұлттың тарихындағы негізгі эстафетаны алып өтетін, жалауды ұстап жүретін феномен.Сондықтан да жастарымыздың, жалпы қарапайым халықтың діни сауатты болуы маңызды.Адамдардың діни білімі тек  халық  игілігі мен қоршаған ортаның  мүддесі үшін жұмсалуы керек.Әрине,  қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы осы мәселені нықтап қолға алған. Алайда, бүгінгі қоғамда байсалды, ұлтжанды, елге жан ашыр, зиялы, ең бастысы, иманды ортаны қалыптастыру тек діни басқарманың ғана жұмысы емес екенін, бұл барлық зиялы қауым өкілдеріне,өзге де мекеме жетекшілеріне, қолына қалам ұстаған жандарға, жалпы алғанда, ұрпақ болашағы мен тағдырына алаңдай білетін, бей-жай қарай алмайтын,әрбір азаматқа ортақ міндет екенін жете түсіне бермейтіндейміз. Сондықтан, бабалар алған жолды жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңіре білсек, бүгінгі қазақ руханияты үшін осыдан үлкен олжа болмас еді.

Даналық сөздермен оза білген қазақ халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, біз халықтың нақыл сөзінен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген,даналар өсиетінен тәрбие алған, ұлылар тәрбиесінен тағзым еткен дана халықтың ұрпағымыз.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Бағжан Елтай