Сәләфи ағымын ұстанатын тұлғалардың қылмыс жасау фактілері

0
669

Соңғы жылдары қоғамымызда орын алып жатқан әртүрлі деструктивті теріс пиғылды діни ағымдар мен теріс бағыттардың  фанаттық ұстанымы туралы жиі айтылып жүр. Бұл ағымның жақтаушылары өз араларында біз «Ақиқат жолындамыз» деген сенімге басымдық береді.  Олардың кез-келгені өз жолын дұрыс деп, сіздің берген кез келген ақылға қонымды дәлелдеріңізді даулай отырып, сізбен дау-дамайға түсуге бейім.Осындай бағыттардың бірі қоғамымызда бүлік шығарып жүрген топ — сәләфилік (уахаббилік) бағыт. Олар бүгінгі қоғамның күнделікті көптеген істерін бидғат (дінге әкелінген жаңалық),  ширк (Аллаға серік қосу),  харам (тыйым салынған іс) деп санайды.Қазіргі уақытта сарапшылар бұл бағыттың ерушілерін жалпылай үш топқа бөліп отыр.

Тәкфиршілер — сәләфилік топтар арасындағы көзқарастары ең радикалдысы болып саналады. Өз қөзқарастарына сай келмейтіндерді кәпірге теңейді.

Суруриттер – тәкфиршілерге қарағанда кішкене байсалды болып саналады. Дегенмен де бұларда да радикалды көзқарастар бар.

 Мадхалиттер — ерушілер саны жағынан ең үлкен топ, осы топтар арасында көзқарастары ең байсалды болып саналады. Тек мәзһаб ұстанушыларды ғана емес, өзге сәләфилерді де қатаң сынайды. Формалды түрде басшыға бағынуға шақырады, такфиршілерге қарсы болып, оларды «хауариждер» дейді.

Аталмыш топтар бірін-бірі «Исламнан алыстаған» деп айыптағанымен, бір-біріне қарсы болғанымен Абдул Уахабб пен Ибн-Таймия секілді шейхтарды мойындамайтын  бірде бір сәләфи жоқ. Сонымен қоса «Үш негіз» бен «Төрт қағида»  секілді әдебиеттерді оқымайтын бірде бір сәләфилік топ жоқ. Осылайша үш топтың да көзқарастарына  ортақ ұстаздары мен әдебиеттері бар. Яғни, Сирияда соғысып жүрген тәкфиршілер мен қазіргі қоғамда еркіндікте жүрген мадхалиттер де бірдей әдебиеттерді оқып, бірдей шейхтардың уағыздарын тыңдайды. Сол себепті бұл бағытты қаншаға жіктесе де, байсалды деп бөлсе де, сәләфизмге ерушілер қоғам үшін қауіпті. Бұл бағыттың жақтаушылары тарапынан интернет желілері арқылы терроризмді насихаттау, сонымен қатар террорлық актілер де орын алды. Ресми деректер бойынша Ақтөбе қаласындағы  2016 жылдың маусым айында болған террорлық акт сәләфи, уахаббилікті жақтаушылар тарапынан іске асырылған. Қоғамда сәләфилік бағыттың ерушілері тарапынан ауыр қылмыс жасау әрекеттері де орын алуда. Сауда орындарында ұрланған ұялы телефондарды сату және де сол сатылған телефондарға өздерінің идеологиясын насихаттайтын материалдар жүктеу фактілері де орын алды. ХХІ ғасыр ІТ заманы болған соң қазіргі күні смартфон қолданбайтын азаматты табу қиын.  

Мегаполиске айналған Шымкенттің орталығында сырт келбетіне қарағанда белгілі бір топтың, яки теріс діни ағым ұстанушысына ұқсайтын азаматтар ұялы телефон сатып, жөндеумен айналысатын болған. Кейбір тұтынушылар ұялы телефон алуға барғанда  телефондарында уағыздардың барын айтып, шағымданып та жатады. Егер, естеріңізде болса 2017 жыл кіріп келгенде ұялы телефондар бақыланады екен, тіркеледі екен деген қауесет халық арасында желдей есті.  Ия, елімізде IMEI-коды бірыңғай базада тіркелмеген ұялы телефондар бұғатталады деп БАҚ беттерінде жарияланды. Яғни, лаңкестікпен күрес туралы заңға сай әрбір байланыс құрылғысының жеке коды арнайы базаға тіркелуі тиіс. Жыл басында ұялы байланыс операторлары IMEI-кодты жылдам әрі ыңғайлы тіркеу мәселесін қарастырған болатын.  Ал, тіркелмеген ұялы телефондарды бұғаттау 1-ші шілдеден басталады делінген еді.Елімізде ұялы телефонның көмегімен көптеген қылмыстар жасалады. Әсіресе жаңа сим-карта мен телефон сатып алып, теракті туралы жалған ақпарат тарататындар көп.  Террористер де жымысқы ойын телефон арқылы іске асырады.  Оның үстіне ұрлық-қарлық тағы бар.  Қазақта сөз бар «ұрлық түбі қорлық» деген.  Яғни дін атын жамылып, ұрлық жасау, қылмыс жасау әрине түбі экстремисттік бағытқа, радикалды көзқарасқа апаратыны айдан анық. Тәртіп сақшылары бұдан былай елдегі әрбір телефонды назарда ұстап отыратын болады. «Аталмыш база ұрланған немесе контрафактілі жолмен келген ұялы телефондарды анықтауға, терроризмнің алдын алып, қылмыскерлерді табуға таптырмас көмек» — дейді құқық қорғау орган өкілдері. Десе де қулығына құрық бойламайтындар бұл ережеден де айналып өтудің амалын табатыны анық. 2017 жылдың 19 қыркүйек күні Шымкент қаласының «Гарант» дүкендері аумағында ОҚО ІІД және ОҚО ҰҚК қызметкерлері бірлесе отырып, деструктивті діни ағымның ұстанушыларынан құралған қылмыстық топты құрықтау бойынша арнайы іс-шара  өткен болатын.  Жат ағымдардың мақсаты айқын. Яғни, ұрланған телефондарды алып-сатумен айналысып, олар мобильді құрылғылардың идентификациялық кодын өзгертіп, оған экстремистік сипаттағы ақпараттарды жазып, сатып отырған. Міне, осындай іс-әрекеттері арқылы заң бұзушылыққа бой алдырып, экстремизмге бағыттайтын  күре жол қалыптастырғанын байқауға болады.  Ең сорақысы өзін мұсылман санап, Аллаға күніне кемі бес рет жалбарынып жүрген адам жасағанда ойланады екенсің.  Неге? Себебі басшыға бойұсыну деген қағида қайда қалды? Оған қоса Алла Тағала мұсылмандарға  ұрлық жасауға және өз араларында заңсыз түрде пайда табуға, басқаның ақысына сұғанақтықпен қол сұғуға, қиянат жасауға қатаң түрде тыйым салды емес пе?   

Рұқ­сатсыз алынған және ұрланған заттар аз да болса үкімдері бір және арам болып табылады.  Ниса сүресінің 29-аятында: «Ей иман еткендер, бір-бірлеріңнің меншіктеріңді араларыңда бұрыс жолмен жемеңдер.  Яғни, исламның арам еткен пайыз, құмар, ұрлық және күш­теп тартып алу секілді бұрыс жолдармен жемеңдер.  Тек қана бір-бірлеріңнен разы болатын түрде, сауда жолымен бол­сын»-делінген.  Бірнеше жыл бұрын Түркістан облысында сәләфизмді жақтаушылар діни араздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Шартты түрде 3,5 жылдан Сайрам, Жетісай және Түркістан аудандарының үш тұрғыны Қазақстан Республикасының  Қылмыстық Кодексінің 174-бабы, 1-бөлігі бойынша сотталған. Түркістан облысының қала аудандарында (Түркістан қаласы, Жетісай, Сайрам және Сарыағаш аудандары) жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында сәләфилік ағымның жақтаушыларынан 60-тан астам адам ұсталған. Олар ұрланған ұялы телефон саудасы және де сол ұрланған ұялы  телефондарды экстремистік сипаттағы материалдарды жүктеп тарату әрекеті бойынша жауапқа тартылған. Сот үкіміне сәйкес, сотталғандар сатылып жатқан гаджеттерге сәләфилік  идеологтарының бірі, сегіз жылға бас бостандығынан айырылған  Ділмұрат Махаматовтың аудио және видеолекцияларын жүктеп таратқаны анықталған. 2019 жылдың тамыз айының соңына қарай Алматы қаласында ҚР ҚК 174 және 256 баптары бойынша интернет желісінде терроризм және экстремизмді насихаттайтын материалдар таратқаны үшін сәләфилік бағытты ұстанушы бірқатар азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сәләфилік ағымның ерушілері тарапынан тіркелген заңбұзушылық әрекеттері бойынша Ақтөбе қаласында 57 қылмыс, 379 әкімшілік құқық бұзушылық орын алған. Түркістан облысында  34 қылмыс орын алған. Сонымен қоса  есірткі сату, ұрлық жасау, алаяқтық жасау фактілері де  кездеседі. Ислам діні қазақ жерінде қазақ хандығы қалыптаспай жатып орныққан. Ислам ғасырлар бойы қазақ жеріне  сунниттік бағыты, ханафилік мәзһабы , матуридилік ақидасы бойынша таралған.  Ислам діні біздің салт-дәстүрімізбен, рухани ұлттық құндылықтарымызбен біте қайнасқан. Дінді бөліп, тарихты терістеу ол адасушылыққа апаратын жол. Ата-бабамыз қалдырған жерімізді, ұстанған дінімізді, тарихымызды қастерлеп, дәріптеу әр еліміздің, ұлтымыздың бірегейлігін сақтайтын жол  екенін ұмытпағанымыз жөн!

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы
Нұржан Кундебай