Діннің қоғамдағы әлеуметтік функциялары

0
16012

Дін — қоғамда әлеуметтік организм өмірінің бір көрінісі ретінде өмір сүреді. Дін мен қоғам арасындағы байланыс үздіксіз дамып отырады. Дін — одан оқшаулана алмайтын қоғамдық өмірдің бір бөлігі, ол қоғам өміріне соншалықты сіңісіп кеткен. Солай бола тұра, қоғам мен діннің мұндай байланысының сипаты мен дәрежесі оның дамуының әр түрлі кезеңінде біркелкі болмайды.

Діннің қоғамдағы атқарып отырған әлеуметтік қызметтерін әлеуметтанушы ғалымдар әлеуметтік тұрғыда зерттеп, өз пікірлерін ұсынған. Әлеуметтанушы ғалымдардың айтуынша дін – адам өмірін саналы қылатын нәрсе, адам не үшін өмір сүріп отырғанын білуі оны күшті қылады. Адам егер ешнәрсесі жоқ бостықты сезініп, өзімен не болып жатқанның мағынасын түсінуден қалған кезде, ол әлсіз, дәрменсіз, абыржу жағдайында болып, өзін-өзі жоғалтқан жағдайға түседі. Сол сияқты, егер адам кездейсоқ жолы болып өзінің бақытты болуы үшін еңбегі сіңгенін сезбесе өмір мағынасыз болады, өйткені барлық іс соқыр кездейсоқтықтан болып, ешнәрсе сенімді болмайды. Дін — адамдарға өздерінің кім екенін түсінуге көмектеседі және осы сұрақ төңірегінде адамдарды біріктіруші қызметін атқарады.

Дін — қоғамның нормалары мен құндылықтарын насихаттай отырып, онымен бірге оның тұрақтылығына мүмкіндік жасайды. Дін сол әлеуметтік құрылымға пайдалы нормаларды орнықтыра отырып, тұрақтандырушы функция атқарады және адамның моралдық міндеттерді орындауы үшін алғышарттар жасайды. Адамдардың тиым салынғандарды бұзу оқиғалары орын алғандықтан көпшілік діндер қайта орнына келу және міндеттемелерді орындау үшін талпыныстарды қолдайтын амалдарға ие — тазалану және кінәсін жуу ырымдары, олар күнә сезімін бәсеңдеуі немесе оны артуы мүмкін.

Дінді бұлай түсіну әлеуметтанушы Р.Беллдің келтірген анықтамасында көрініс береді. Ол анықтама бойынша дін тұтас әлемді қабылдау үшін символикалық жүйесі және адаммен әлемнің ортақ тұтастығы ретінде байланысын қамтамасыз етеді, ол жерде өмір және әрекет белгілі бір соңғы мағынасына ие болады. Қазіргі заманғы әлеуметтанушылардың сөзімен айтсақ, діни символдар мен түсініктер, белгілі бір мағына бере отырып, адамның өмір сүруінің тұрақтылығы мен мықтылығын қамтамасыз етеді. Дін адам өмірінің құндылықтары мен нормаларын түсіндіре отырып, әлеуметтік тәртіппен әлеуметтік әлемнің тұрақтылығына кепілдік беріп, қоғамды бірлікпен татулыққа шақыратын маңызды фактор.

Сондай-ақ, әлеуметтанушы ғалымдар діннің қоғамда жағымды түрімен қатар жағымсыз рөлгеде ие болатынын айтады. Оған мысалы ретінде орта ғасырлардағы Еуропада қоғамның ілгері дамуына септігін тигізетін ғылымдарға  діни тұрғыдан тосқауыл жасап, ғалымдарды қудалап отырды.  Сонымен қатар, дін тұрақтылықты қамтамасыз етумен бірге түрлі топтар арасында қарама-қайшылық тудыру арқылы жанжалдардың туындауына да себеп бола алатынын келтірген. Дегенмен де, діннің жағымды, жағымсыз түрі деп қарауда қате пікірге саналатынын кейінгі әлеуметтік зерттеулер көрсетуде. Себебі, бүгінгі күнде әлем халқының басым көпшілігі діннің негізінде адамзат үшін тек қана жағымды, пайдалы фунцияларды атқаратынын айтады. Ал, діни жанжалдардың көпшілігінің астарында дінді саяси және экономикалық мүдделерге пайдаланып жатқандығы бүгінде көпшілікке аян. Оған мысал ретінде Таяу шығыс елдерінде болып жатқан қақтығыстарды айтуға болады. Мұндағы жанжалдардың негізгі себебін діннен, оның ішіндегі Ислам дінінен көріп жатқандар аз емес. Осы тұрғыда діннің  негізгі фунциясы болып саналатын біріктіруші қызметін кері пайдалануғада болатынын аңғаруға болады. Себебі кейбір кереғар діни топтардың көшбасшы дін өкілдері адамдар арасында Ислам дінінің негізгі құндылықтарын қате түсіндіруі арқылы адамдарды діни радикалдыққа, экстремистікке дайындауда. Осылайша бұрыннан бір сеніммен бір идеяға біріккен адамдарды ыдырата отырып, жаңа діни топтарды құрау арқылы, діни жанжалдардың басталуына түрткі болуда.

Сондай-ақ, соңғы уақыттарда елімізде дінді толыққанды түсінбеген, теріс ағымның жетегінде жүрген кейбір азаматтар қазақ қоғамында ежелден қалыптасып келе жатқан мәдениетке, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерге ислам дініндегі «Ширк», «Бидғат», «Куфр» деген терминдерін орынсыз, білімсіз пайдаланып, қарсы жығып жатады. Негізінде қазақ халқының қайсы бір мәдениеті болсын, салт-дәстүрі болсын астары ислам дінімен ұштасып жатады. Дінді кең ұғыммен, терең біліммен, байсалдылықпен ұғынбаса, діннің қасиетін, құндылығын жоғалтып, діннің қоғамдағы асыл қызметтерін жоққа шығарады.

Қорыта келе, дәстүрлі діндердің қоғамдағы әлеуметтік функциялары — қоғамның рухани бірігуі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету, адамдардың бір-біріне деген мейірімді болуы, адамгершілік нормаларының сақталуымен жүзеге асырылуын қамтамасыз ету болып саналады. Діннің осы бір құндылықтарын ұстана отырып, әрбір халық өз елінде тыныштық пен татулықты сақтау тіис.

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
әлеуметтанушысы Жунисов Берік