Қазақ зиялыларының діни көзқарастары

0
5655

Адам баласы шыр етіп дүние есігін айқара ашқан күннен бастап әке-шешшесінің тәрбиесі мен дінін таңдайды. Ата-бабасының аманат етіп қалдырған дара жолын өзінен кейін­гі ұрпаққа аманаттайды. Адамзаттың қазіргі тарих көшінін, бет алысын түзеп, әлемге ұлы өзгеріс енгізген ірі құбылыстарға куә боламыз. Соның бірі Ислам діні екені сөзсіз. Бақытқа бастаймыз деп ұрандатқан күллі- бірегейі де идеологиялардың тоқырауға ұшырауы жаңа ізденістерге жол ашып, жыл өткен сайын Ислам дінінің әлемді баурап бара жатқаны баршамызға мәлім. Ислам діні қазақ даласында ең алғаш Қарахан мемлекеті тұсында мемлекеттік дін деп жариялағаннан кейін тарай бастады. Содан бастап ұлан байтақ жерімізде ислам дінін  ұстанып келеді. Ислам сөзі – бейбітшілік, тыныштық, мойынсұну деген мағыналарды білдіреді.

Ислам діні бүгінгі қазақ жеріне келген уақыттан бастап ұлттың болмысы кеңейе түсті. Ұрпақтың білімі, зиялылығы арқылы елдің тұрмыс-тіршілігі, ұлттың қадір-қасиеті көркейгендігі де тарихтан мәлім. Ислам дініне дейінгі, тамырын жайған  ұлттың төл құндылықтары жоғалған жоқ. Қазақ ойшылдарының діни дүниетанымы Құран-кәрім, Хадис-шәріп секілді исламның қайнар көздерiнен бастау алып, дәстүрлі ислам арнасында қалыптасты.

Әр халық мемлекет болып қалыптасқаннан кейін діні мен тілінің жойылмай, ата-дәстүрін сақтау арқылы дамуын ең басты орынға қояды. Осы тұста дінге қатысты көптеген шиеленістер мен дау-дамайлар белең алып бара жатқаны жасырын емес. Оның басты себебі, әлемдік діндердің өзара тармақтарға бөлініп, өзгеше ағымдардың пайда болуы. Адам қанша жерден діндар, тақуа болса да оған ең алдымен ізденіс пен білім, иман қажет. Бұған Абай Құнанбаевтың: «Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды», – деген сөзі дәлел. Қожа Ахмет Иасауи бабамыз да: «Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейін заманды түзетуге болады», – деп, иманды алғашқы орынға қояды. Дәстүрлі діннің жолында аға ұрпақ буынның зиялылығы, еңбегі, білімділігі, тарихының тағылымы мен ілімдері сақталады. Нағыз діни тұлғалардың тарихи беделін халық, ұрпақ жадында сақтауға ұмтылады. Бір сөзбен айтқанда, дін мен ұрпақ арасында этикалық ұстаным, адамгершілік жоғалмайды. Тарихтағы діннің беделі, халық өмірін көркейтудегі діни тұлғалардың даналығы, қасиеті, қажырлы еңбектері әрқашан ұрпақ жадында сақталуы қажет және оны келер ұрпақ өзіне өнеге тұтып отыруы өте маңызды. Атақ пен даңқты діннен іздеу үлкен адасушылық. Дін өзіне бет бұрған адамның кемелділік, абырой, тазалық, қасиет пен білім, ақиқат пен шынайылық, еңбекқорлық секілді биік адами қасиеттерді талап етеді. Қазақ халқы осы себептен де дін ілімін атадан балаға үйреткен. Мәселен, қазақ тарихында әке көп баласының ішінен дінге бейімділігі бар баласын ғана ел үшін дін жолына бейімдеген. Баланы жастайынан ер жеткенше дін біліміне өзі үйретіп, есейгенде медреселерге оқытатын болған. Әрине ұрпақ тәрбиесі қазақ қоғамының өміршеңдігінде елеулі орны бары анық. «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», деп данышпан Әл-Фараби атамыз айтқандай, өркениетті елдердің қатарына, рухани-мәдени әлеуеті артқан мемлекеттердің көшбасшысы қатарына енуі – бүгінгі қоғамның бейнесімен білінеді.

Діни-ағартушылар, ақын-жазушылар исламды насихаттау арқылы халықты имандылыққа шақырып, адамгершілік игі қасиеттерге тәрбиелеуді көздеген.

«Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған»-деп А.Байтұрсынұлы айтқандай, діни-ағартушылар ақын-жазушылар исламды насихаттау арқылы халықты имандылыққа шақырып, адамгершілік игі қасиеттерге тәрбиелеуді көздеген. Қазақ әдебиетінің озық дәстүрін Ахмет пен Міржақып жалғастырып, адамгершілік, отан сүюшілік пен туысқандық идеяларын жырлаушы болды. Қазақ даналары  x-ғасырдан астам уақыт «Асыл дін», «Хақтың жолы», «Кешегі өткен заманда Дін мұсылман аманда» деп жырлады. Руханиятымыздың Қорқыттан Абайға дейінгі аралығында, Абайдан кейінгі зиялылықтың Алаш жаңғырығы – ислам діні мен қазақтың бөлінбейтініне жарқын мысал. Қазақ зиялылары Аллаға иман келтіргендерден одан қала ақтық деміне дейін ұлтына қызмет еткен. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Әуелі аят, хадис сөздің басы» деген Абайдың өлеңі де, қара сөзі де иманнан басталып, иманмен аяқталды.

Қорыта айтқанда тарихымыздың ақтаңдақ беттерін аша түссек, ата-бабамыздың қаны төгілген, өздері шейт болған, ұлт-азаттық көтерілісімізді қалай айтпаймыз. Осы көтерілістердің басында батырлармен бірге, діни-ағартушыларымыздың жүргенін мойындасақ, олардың әрқайсысының өмірін, атқарған қызметін анықтап, ашығын айтуымыздың, оларды ұлықтауымыздың тарихқа жасаған әділетті қадам болатыны талассыз. Осы төңіректе ойлағанымызда да қазақ қоғамындағы діни-ағартушылық ілімінен, ой-санадан аттап кете алмасымыз анық. Қазақ елінің Қазан төңкерісіне дейіні тарихында білім беру саласында ғана емес, қоғамдық, ұлттық ой-санасының барлық салаларында жетекшілік роль атқарған діни ағартушылық ілімінің бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бізге оңай келмегенін дәлелдеуге келгендегі мән-маңызын әлі де болса толық айта алмай келеміз.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Шахобов Саъдинхужа