«Қазақстанның дәстүрлі құндылықтарын насихаттау»

0
2619

Мемлекет дамуының идеологиялық негізі болып табылатын зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекет сипаты болып табылады. Сондықтан оның насихатталуы мен нығаюы қоғам тұрақтылығына сөзсіз игі әсер етеді. Осыдан туындайтын дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – қоғам мүшелеріне зайырлылық және дін мәселелері жөнінде сараланған, дұрыс, жүйелі, негізді көзқарастар қалыптастыру болуға тиіс. Дұрыс ақпаратпен қаруланған қоғам жүрер жолынан адаспайды, өмірлік бағыт-бағдарын өзі таңдайды.

Зайырлылық дегеніміз дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы, мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық, құқықтық сипатта болуы және діни сенім бостандығының қамтамасыз етілуі.

Ал зайырлы және діни құндылықтардың тоғысар тұсы – Елбасы Жолдауында келтірілген «жоғары руханият» түсінігі. Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Діндегі адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отан сүйгіштік, т.б. көптеген құндылықтар мен қасиеттерді ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды. Сондықтан дін саласындағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстардың өзекті бағыттарының бірі – дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту шараларын жүргізу болмақ.

Біздің қазақстандық қоғамның жағдайында қазір дін және дәстүр сұхбаты маңызды орын алады. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара бірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.

Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Бұл факторға Қазақстан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзімізбен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестерден кейінгі кеңістікте ел тұтастығын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде.

Осы орайда шектен тыс көзқарастағы діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.

Шынайы дін жасампаз құндылықтарымен танылады, тамыр жаяды. Мысалы, Қазақстан халқының басым көпшілігі ұстанатын исламдағы адамгершілік, өзара құрмет, татулық пен бірлік, адал еңбек, әділеттілік, теңдік, ақыл-парасат, ғылым-білім секілді қастерлі құндылықтар әлемдік діндердің барлығына ортақ. Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген де осы құндылықтардың салтанат құруы болатын.

Құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға тоқталсақ. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Өйткені тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да исламда «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады. Діннің рухани әлеуеті мен шынайы мазмұны адамзат өміріне терең рухани мағына дарытатын, оны өркениет шыңына жетелейтін осындай кең өрісті дүниетанымнан бастау алады. Осыны дұрыс ескермей, діннің тек формалық жағына мән беріп, мазмұнын назардан тыс қалдыру – дін туралы ұғымды шектеу, дін институтының аясын тарылту, оның өміршеңдігін, икемділігін қолдан құлдырату болып табылады. Сондықтан діннің рухани құндылықтары мен әлеуетін дұрыс бағалап, орнымен пайдалансақ, қоғамның рухани деңгейі де көтеріледі, зайырлылығымыз да өміршең бола түседі.

Сондықтан ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізуші мамандардың іс-әрекетімен шектелмей, діни бірлестіктер өкілдері де барлық діндерге, ұлттарға, жалпы адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды жан-жақты түсіндіруі тиіс. Сонымен қатар «Заманына қарай – амалы» демекші, әрбір уағыз-насихатты, ақыл-кеңесті бүгінгі қоғамның ерекшеліктерін, даму деңгейін ескере отырып жеткізу қажеттігін айрықша назарға алған жөн. «Дінде осылай, соны істемесең болмайды» деген үзілді-кесілді тыйымдар бір жағынан пікір қайшылығына, көзқарастар қақтығысына итермелесе, екінші жағынан діннен алыстатады. Бүгінгі қоғамның деңгейін, талабын, сұранысын ескеріп, діннің мазмұндық жағына баса мән беретін кез жетті.

Айтылған ойларды жинақтай келе төмендегі тұжырымдалған көзқарастар бағытында жұмыс жүргізудің тиімділігі жоғары болады деген пікірдеміз: Мемлекеттік идеологияның негізгі ұғымдары ретінде «зайырлылық» және «жоғары руханият» ұғымдары мектеп қабырғасынан бастап, балалар мен жасөспірімдер санасына орнықтырылуы қажет. Зайырлылықтың дінсіздік еместігін, зайырлы мемлекеттің жоғары рухани құндылықтарды негізге алатынын, дәстүрлі діндердің де рухани-өнегелік құндылықтарға негізделгенін түсіну балалар мен жасөспірімдерді шектелушіліктен, дін туралы тар түсініктен, әсіре діншілдік пен шетін (экстремистік және радикалды) көзқарастардан қорғауға, діннің формалық жағына емес, мазмұндық жағына баса мән берілсе екен деген пікірдеміз.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Бағжан Елтай