Зайырлылық — басты құндылық

0
2758


Қазақ елі егемендігін алған алғашқы сәттерден-ақ, әлемнің өркениетті елдерінің басым көпшілігі ұстанатын демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет қалыптастыру жолын таңдады. 

Зайырлылық ұғымының негізі — діни құқық тұрғысынан адамсүйгіштік құқығын басшылыққа алуда жатыр. Адам және адам өмірінің құндылығы- ғасырлар тереңінен зайырлы басқару формасын құруға деген талпынысты туындатты. Зайырлы мемлекет — діни мекемелердің мемлекеттен бөлінуін білдіреді. Зайырлы мемлекет қандай да бір дінге ресми мемлекеттік мәртебе бермейді және оған ешкімді міндеттемейді. Қазақстанның әр азаматы ар-ождан бостандығына құқығы бар. Зайырлы мемлекеттің әрбір азаматы ешқандай діни институттарға қатыуынсыз өмір сүруге құқылы. 

Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды, діни рәсімдер мен діни ғибадаттарының орындалуына кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір дінге үстемдік беріп, соның жетегіне кетпейді дегенді білдіреді.

​Зайырлы мемлекет — діни наным-сенімді адам болмысына тән қажеттіліктердің бірі ретінде қарастырып, құқықтық нормаларды басшылыққа алады. Дін және мемлекет бірінен бірі бейтарап болғанымен, дін мемлекеттің рухани тірегі болып табылады. Дінсіз қоғам, ел болмайды. Діннің әр халықтың мәдени, тарихи дамуында  алатын орны ерекше.  

Еліміздегі діндераралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибе әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Қазақ жері 18 конфессия мен 130-дан астам ұлттың тоғысқан жері болып табылады. Еліміз копконфессиялық, көпұлттылығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреді. Мемлекет пен дін арасындағы үйлесімді байланыс, орнықты қарым-қатынас, қоғамымызда татулық пен тыныштықтың сақталуына, рухани және мәдени тұрғыда дамуымызға негіз болып отыр. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің халық талабы негізінде азаматтардың ар-ождан бостандығын қорғай отырып, Конституциямызға сәйкес зайырлылық қағидаттарының оңтайлы үлгісін ұсына білгенін ұқтырады.

Дегенмен осылай бола тұра қазіргі таңда мемлекетіміздің зайырлы формасына келіспеушілік білдіріп, еліміздің бейбіт өміріне қауіп төндіріп жүрген топтар бар. 

Бұл топтар зайырлы немесе кез – келген исламдық емес заңдар аясында өмір сүріп жатқан қоғамға теріс көзқараста. Діни қағидаларға қайшы келмесе де діни қағидаларды қайтарушы деп, зайырлы мемлекет пен оның заңдарын жоққа шығарады. Осылайша, бұл топтар өздерін ғана дұрыс жолдамыз деп жариялап, қоғамымыздың этно – мәдени және конфессияаралық ішкі тұтастығына нұқсан келтірмек. Сол арқылы зайырлы үкіметке қарсы шығуға, мемлекетті құлатуға, діни формадағы басқарылатын мемлекет құруға  бағытталған көзқарастарды қалыптастырады.

Біз бұл теріс пиғылды топтардың ойлап жүргеніндей, басқару формасы дінге негізделетін яғни теократиялық, мемлекет бола алмаймыз. Өйткені тағдырдың талайымен көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет болып орныққан Қазақстан Республикасы бір дінге барынша және барлық салада үстемдік беруі, қоғамның тұтастығына нұқсан келтірер еді. Зайырлы мемлекет — өз елінің кез келген азаматына заң алдында және қоғам арасында тең болуын қамтамасыз етеді. Сол себепті, зайырлылық ұстанымы мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасын реттейтін ең басты тетік, қоғам тұрақтылығы үшін де ең басты құндылық. 

​Зайырлылық ұстаным — мемлекеттің баяндылығына қызмет ететін, азаматтарының құқықтарының қорғалуы мен сақталуына, бақытты, баянды болуына жеткізетін ең басты шарт екендігін ұмытпайық! 

Ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі, дінтанушы Кундебай Нұржан