Суицид тығырықтан шығаратын жол ма?

0
3429

Ғылыми тілде адамның өз-өзіне қол жұмсап өлтіруін, суицид деп атайды. Бүгінде адамзат қоғамында кең тараған құбылыс. Суицид, өз-өзіне қол жұмсау Ислам дінінде ауыр күнәға жатады. Өйткені өз-өзіне қол жұмсау, Асыл дініміз шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең. Алла Тағала Қасиетті кітабында былай дейді: «…және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге мейірбан ғой. Ал, кімде-кім зұлымдықпен өз-өзіне солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30).

Тіршілікте көрген тауқыметі үшін, өмірден бас тартып, өз-өзіне қол жұмсау, бұл тығырықтан шығатын жол емес. Керісінше Алла тағаланың ашуын тудыратын амал болып табылады. Ақыретте үлкен азаб пенен қайғыға душар етеді. Бұл пәни дүниеден қалай өтсе, ақыретте сол хәлінде жазаланатын болады. Әбу Һурайрадан (Алла ол кісіге разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім таудан құлап, өз-өзін өлтірсе, ол жәһәннам отында мәңгі-бақилыққа құлайды. Кімде-кім «у» ішіп, өз-өзін өлтірсе, жәһәннам отында мәңгі-бақи сол «уын» қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім өз-өзін темірмен өлтірсе, жәһәннам отында сол темірін қолына ұстап өз-өзін мәңгі-бақи ұрғыштап тұрады». (Бұхари мен Мүслім) жеткен хадисте. Адамның өмірі қандай болсада, басына қандай ауыртпашылық түссе де, өз-өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Өйткені адамның жаны, тәні, өмірі ол Жаратушымыздың бізге берген сыйы мен аманаты.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім, егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар». (Нәсәи ден жеткен хадисте).

Қоғамымызда орын алып жатқан осынау сорақы қылмыстың ең басты себебі, отбасындағы алған тәрбие мен имандылықтың жетіспеушілігі салдарынан екендігіне куә да болып жүрміз. Иман болмаған жерде күдік пен күпірдің қатар жүруі заңдылық. Иманы әлсізді  шайтаны азғырып, тура жолдан тайдыруға тырысады. Ақыры дегеніне көндіріп, өз тобының қатарына кіргізеді. Өйткені Ібілістің басты мақсаты адамзатты адастырып, өз дегенін істетіп, торына түсіру.

Алла тағала Қасиетті кітабында былай дейді: «(Ібіліс айтты): Сосын мен (адамзатты адастыру үшін) алдарынан, арттарынан, оң жақтарынан, сол жақтарынан келетін боламын да, Сен олардың көпшілігінің шүкірлі болмағанын көретін боласың» (Ағраф, 17).

Алланың елшісі (с.а.с.) өз кезегінде әрбір мүмін пенденің имани жағынан күшті болуын талап етеді. Тіршіліктегі тақуыметтері мен қателіктері үшін торығу мен түңілуге салынып, өмірден баз кешіп, үмітсіз шайтанға ұқсауға болмайтындығын ескертеді. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Сондықтан да өзіңе пайда әкелетін нәрсеге ұмтылып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір нәрсе болып қалса «егер былай істегенімде олай болмас еді» деме, «Алла солай жазды, солай қалағанын қылды» деп  айт. Шын мәнінде «егер» деген сөзді айтудан аулақ болыңыздар, себебі «егер» сөзі шайтанға жол ашады». (Мүслім риуаят еткен). Ақын Майлықожа айтқандай: Адамның күні бар ма сыналмаған,

Бақ тайса мал менен бас құралмаған.
Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле,
сонда да күдер үзбе бір Алладан!

Дана халқымыз: «Күніне мың бір бәле көрсең-дағы, жігіттер күдер үзбе бір Алладан»,- деп шын мұсылманның қаншалықты қиналғанына қарамастан, ешбір жағдайда Жаратушымызға деген сенімнен айырылып, қайғы-мұңға шомып, жаншылмайтынын еске ала отырып, бір Аллаға иман келтірген кейіппен, ешқашан жалғыз емес екендігін, керісінше қиындықта көмексіз қалдырмайтын Алладан күдер үзбеуіміз қажет.

Өмірде кездесетін әртүрлі қиыншылықтарға мойымай, керісінше бір Аллаға үміт артып, өз-өзімізді тәуекелшіл болуға тәрбиелеп отыруымыз қажет деп білемін.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
исламтанушы Тойшиев Нұртаза