Ислам дініндегі тәрбие мәселесі

0
2695

Тәрбие — адамзат баласының ғасырлар бойы жинактап, іріктеп алған озық әлеуметтік тәжірбиесін жас ұрпақтың бойына сіңіру, аға ұрпақ пен жас ұрпақтың өзара бір-бірімен әректтесу процесі. Мінез-құлықты қалыптастыру үшін тәрбие процесін жүзеге асыру керек. Тәрбие–ұзақ және күрделі үрдіс. Адамзат дамуының қай кезеңінде болмасын, тәрбие тиімділігін жетілдіру ісі жүзеге асырылып, бұл процесс әрбір қоғамдағы мемлекет кажеттілігіне бағындырылады. Сондықтан бала тәрбиесіне аса көңіл бөлу қажет. Себебі олар біздің болашағымыз. Біз қанша зайырлы мемлекет болсақта мұсылман екенімізді ұмытпауымыз керек. Ислам тәрбиесінің біздің қоғамымыз үшін пайдасы болмаса, ешқандай зияны жоқ. Өйткені ата — бабаларымыз дін мен дәстүрді қатар алып жүрген. Сол дәстүрді жаңғыртуымыз керек. Өкінішке орай кейбір «құндылықтар» дінімізден, ұлттық тәрбиемізден, дәстүрімізден жоғары болып тұрған сияқты. Сол үшін Ислам тәрбиесі арқылы қоғамдағы келеңсіз жағдайлардан арылуға болады. Мәселен, Ислам дініндегі сәлемдесудің өзі үлкен тәрбие. Пайғамбарымыз(с.а.с) ол туралы өз хадистерінде былай деген: «Сендер толық иман келтірмейінше — жәннатқа кіре алмайсындар. Ал өзара сүйіспеншілікте болмайынша — толық иманға келмейсіңдер. Өзара сүйіспеншіліктеріңді арттыруға септігі тиетін нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер, араларыңда сәлем жайыңдар.» «Көлікте отырған адам жаяуға, жаяу адам отырғанға, аз адамдар — көпшілікке, жасы кіші — жасы үлкенге сәлем берсін.» «Сәлем» — Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі. Сәлем беру- сүннет болса, алу-парыз.

Қарапайым қоғамда отбасы – бірден-бір шынайы ақиқат жұмыс істейтін институт. Ата-ана, ерлі-зайыпты және балалардан тұратын ең кішкене адамдар тобы «отбасы» деп аталады. Балалардың алғашқы дамуы, калыптасуы, әлеуметтік қарым-қатынасы, байланыстары, іс-қимылдары мен мінез-құлық нормаларын меңгеруі отбасынан басталады. Отбасы баланың адамгершілік, тұлғалық қасиеттерін, жеке қабілеттерін дамытып, белсенділікке, шығармашылыққа, жігерлі қайратты болуға тәрбиелейді. Отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастырумен өлшенбейді. Отбасы — қоғамның маңызды бір бөлігі, ұлттың бүгіні мен ертеңі. Отбасылардың бірлесуінен ұлт пайда болады. Ұлт үшін отбасының маңызы өте зор. Өйткені, ұлттың кемелденуі-отбасынан. Отбасы – ұлтты ұлт ететін, ұлттык және рухани дәстүрлерді үйрететін мектеп. Отан және ұлт алдындағы борыштарымыз алдымен осы жерде үйретіледі. Кішкентайлар отбасыда үлкендердің іс-әрекеттерін қайталайды, осылайша үнемі көріп жүрген әрекеттер рухында жақсылап орнығады да, әдетке айналады. Осылайша баланың адамгершілік табиғаты мен тұлғасы қатыптасады.

Мұсылманға тән қасиеттердің бірі — ата-анасын құрметтеп, олармен жақсы карым-қатынаста болу. Өйткені, ата-анаға құрметпен қарау Ислам дінінің қағидаларының ең маңыздыларының қатарына жатады. Мұсылман баласы ең алдымен анасына құрмет көрсетеді. Содан соң әкесіне құрмет білдіреді. Бұл туралы көптеген Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистерінде айтылған. Сондықтан бұл нағыз мұсылманның негізгі міндеттерінің бірі болып саналады.

Қасиетті Құранда ата-анаға жоғары орын беріліп, мұсылманның ата-анасымен жоғары адамгершілік деңгейде болуды бұйырады: «Адамдарға ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыру бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның мен жақ.» (Лұқман 31-14) «Адам баласына әке-шешесіне жаксылық қылуды нұсқадық!» (Анкабут 29-8) «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жаксылық қылыңдар» (Ниса 4-36).

Абдуллах бин Масуд, радиаллаһу анһу былай дейді: Бірде мен Пайғамбардан, Саллааллаһу алейһи уә сәллам: » Алла бәрінен де қандай істі артық көреді?» — деп сұрадым. Ол айтты: «Өз кезінде оқылған намазды». Мен сұрадым : «Ал одан кейін? » Ол айтты:  «Ата-анаға құрмет көрсетуді». Мен сұрадым: «Ал одан соң ше?» Ол айтты: «Алла жолындағы күресті». (Әл-Бухари мен Муслим)

Бірде Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбар (с.а.с): «Сіздерге ең ауыр күнәнің не екенін айтсам деп едім. «Ол өзінің сөзін үш рет кайталады. Біз: «Әрине айтыңыз Алланың елшісі!» дедік. Сонда ол айтты: «Бұл көп құдайшылдық және ата-ананы тыңдамау». (Әл-Бухари мен Муслим)

«Алла қиямет күнінде жүздеріне қарамайтын кісілердің бірі — ата-анасына қарсы келген кісі», «Алла барлық күнәлардан қалағанының жазасын қиямет күніне қалдырады. Бірақ ата-анаға көрсетілген қарсылықтың жазасын өлместен бұрын тартқызады.»

Ислам дінінің тәрбие мектебінен өткен ғұлмалар алдымен Алла Тағаланы, сосын Пайғамбарымызды, одан кейін ата-ананы, содан барып ұстаздарды сыйлау керек дейді. Балалардың ата-ана алдындағы міндеттері:

1. Ата-анаға жақсылық жасау.
2. Күн көрісі қиын болса көмектесу.
3. Ата-ананы ешкашан сөзбен не қылығымен ренжітпеу, тіпті «уф» демеу керек.
4. Ата-анаға жылы шырайлы қарап, жылы сөйлеу. Олардың жүздеріне ашулы немесе қабақ түйіп қарамау.
5. Шақырғанда лезде жетіп бару.
6. Ата-ана өміріне мойынұсыну және орындау.
7. Кез-келген істе олардың ризашылығын алу және оларды риза ету.
8. Олардың қасында дауыс көтеріп сөйлемеу.
9. Ата-ана жәрдемге мұқтаж болған шақтарында оларға жан-тәнімен қызмет ету.
10. Жолда кетіп бара жатқанда алдын кеспеу.
11. Олардың рұқсатынсыз еш жерге бармау.

Абай атамыз: «Адамның бір қызығы бала деген» демекші отбасының көркі мен бақыты, шаттығының көзі болып табылатын бала ата-анаға Алла Тағаланың берген аманаты. Адам мінезінің белгілі түрде калыптасуы оның қоршаған дүниеге қатынасына байланысты. Балалардың ак және таза жүректері бір гаухар. Таза бір топырақ сияқты. Таза топыраққа не ексең соны аласың, «Әр бала Исламды қабылдайтын табиғатпен (жаратылыс) туады» дейді пайғамбарымыз Мұхаммед(с.а.с). Балалар — адам өмірінің қуанышы, олар өмірді мағыналы етеді әрі солардың арқасында адам игілік пен жақсылыққа кенеледі. Алайда бала бақыт көзіне айналу үшін оларды дұрыс тәрбиелеп, үлгілі азамат етіп қалыптастыру қажет болады. Егер адамның балалары жақсы болса ол жер бетіндегі ең бақытты адам бола алады. Бұл туралы Құран Кәрімде былай дейді: «Мал мен балалар — дүние тіршілігінің сәні.» (Кәһф 189-46). Пайғамбарымыз Мұхаммед(с.а.с): «Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы — оны жақсы тәрбиелеу» дей отырып бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін атап көрсеткен. Балаларына дінін үйретпеген ата-аналар дүниенің ең мейірімсіз адамдары болып есептеледі. Егер ата-ана мейірімді болса, балаларын сүйетін болса, ең алдымен дінін үйретеді. Содан кейін осы дүниемен байланысты білімдерді үйретеді. Осыған орай Хазіреті Әли былай деген: «Балаларыңды өздерің болмайтын уақыт үшін тәрбиелендер, өйткені олар сендер болмайтын уақыт үшін жаралған». Ата-ана баласының тәрбиесіне Алла Тағаланың алдында және халқының алдында да жауапты. Ата-ананың балалары алдындағы басты міндеттері мыналар:

1. Балаларын дені сау етіп өсіру, оның тән мен жан саулығын қорғау.
2. Балаларына арам нәрселерді жегізбеу.
3. Баласына жақсы ат қою.
4. Баласын жақсы тәрбиелеп, оған ахлақ тұрғысынан үлгі болу.
5.Баласына намаз оқыту, басқа да діни және ахлақи міндеттерін үйрету.
6. Баласын окытып, күнін көре алатындай мамандық иесі етіп қалдыру.
7. Балаларды жақсы көріп, оларға әр уақыт көңіл бөлу, өйткені олар ішіп-жеуді қажет еткен сияқты сүйіспеншілікті де қажет етеді.
8. Балаларын жақсы көре отырып, оларға сыйлық бергенде арасын ажыратпау, тең және әділетті болу.
9. Үйленетін шаққа келгенде балаларын үйлендіру.

Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммед (с.a.c) өз хадистерінде былай деген: «Мен тамаша ахлақты жалғастыру үшін жіберілдім», «Мінез-құлықтарыңды дұрыстаңдар». Бала дүниеге пәк болып келеді. Егер, ата-анасы жақсы тәрбиелесе, жақсы мінез-құлыктарымен безендірсе парасатты, адамгершілігі мол болып өседі. Ал егер, жақсы тәрбие көрмей, жаман мінез-құлықтарға бой алдырса, онда одан жақсы әрекет, адамгершілік күтуге болмайды. Денеміздегі әр түрлі аурулар дәрі-дәрмекпен қалай емделсе, жаман мінез-құлықтардан арылып, жаксы мінез-құлықтардың орнығуы арқылы рухымыз да емделеді. Ата-ана барлық кезде перзенттеріне өнегелі болуы тиіс. Балаларына өсиет беріп, әдептілікті үйрету, бір жағынан балалардың жанында тыйым салынған нәрселерді өзі істеп тұрса, берген тәлім-тәрбиенің ешқандай пайдасы болмайды, әрі әсер де етпейді. Ата-ана бала тәрбиесі мәселесінде барынша мұқият болу керек. Балаға сабақ беретін мұғалім нендей тәлім береді, достары кімдер? Бұл тақырыпқа селқостықпен, немқұрайлықпен қарау өте орынсыз болып табылады. Имам Ғазали былай дейді: «Әке өзінің әке екендігін, үлкендігін сезіндіру керек, ал ана болса баласын әкесімен қорқыту керек».

Ж. Аймауытов «Тәрбие» атты мақаласында «адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан» — деп, бала тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырады. Сол үшін бала тәрбиесіне мұқият болуымыз қажет. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақал бекер айтылмаған сияқты. Адамдардың әрекеттерін фотоаппарат сияқты қабылдайтын баланың таза рухында жақсы нәрселер орнығу үшін, отбасы мүшелері әрдайым жақсы әрекеттер жасауы керек.

Сол себептен отбасы мүшелерінің бір-бірлерінің алдындағы адамгершілік міндеттері мен жауапкершіліктерін орындауының маңызы өте зор. Отбасының бақыты мен ұлттың болашағы осыған байланысты.

Бесбаев Мади
дінтанушы