Діни ақпарат алғанда неге мән беруіміз керек?

0
468

Дін кірмеген жүрекке, жын кіретіні ақиқат. Дін дегеніміз не? Діни ақпарат алғанда неге мән беруіміз керек? Аталмыш сауалдар, сананы мазалауы сөзсіз.

Ақпарттардың ағыны көп, бүгінгі күні барлық сұрақтың жауабын табу ғаламтор барда қиынға соқпайтыны белгілі. Түрлі желілердің арасында адамға пайдасымен қоса, зиянын тигізетін ақпараттар жетерлік. Соның бірі – діни ақпарат таратушылар.

Кез келген діни мазмұндағы ақпарат аларда алдымен діни мазмұндағы материалдың қандай діни бірлестіктен шыққандығына мән беру маңызды. 2011 жылы 11 қазанда шыққан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 3-бабының 6 тармақшасында «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» делінген. Яғни, Қазақстан Республикасы  кез келген азаматының діни сенім құқығы заңмен қорғалған.

Ғаламтор террористік және экстремистік әрекеттерді насихаттауда өте тиімді құрал болып тұр. Деструктивті діни бағыттағы идеологиялар үшін ғаламтор арқылы ақпарат таратудың тиімділігі мынада:

– кең аудиторияға қол жеткізу мүмкіндігі;
– ақпаратты анонимді орналастыру;
– материалдарды таратудың жоғары жылдамдығы;
– ешқандай қаржылық шығындарсыз үгіт-насихат интернет-ресурстарын құру мүмкіндігі.

Көп жағдайда деструктивті бағыттағы діни ұйымдар интернет-ресурстарында орналастырылған өз идеологияларын шетелден жүргізіп басқарады. Сонымен қоса, олардың ақпараттық көздері көбінесе халықаралық домендік атауларға ие болады. Аталған ұйымдар идеологияны тарату мақсатында танымал «ВКонтакте», «Одноклассники», «Twitter», «Youtube», «Фейзбук» және «Инстаграм» желілерін көп қолданады. Сонымен қатар, осы аталған желілер арқылы өз идеологияларын қамтыған фотоларды, видеоларды, аудиоларды және электронды кітаптарды репосттаумен (бөлісу) таратып отырады.

Ғаламтор арқылы деструктивті ақпаратты алудың салдары мыналарға әкелуі мүмкін:

1) әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни сипаттағы өшпенділік пен дұшпандық;
2) соғысқа шақыру;
3) жеккөрушілікті, дұшпандықты және үстемдікті насихаттау;
4) адамның ар-намысына, атына және беделіне қол сұғу;
5) сананы психологиялық улануға душар ету.

Айта кету керек, ғаламтор арқылы болған діни экстремистік көріністер көбінесе жастар арасында жиі кездеседі. Жастардың психологиясы мен иммунитеті қарсылықты тұрғыда әлсіз келеді.

Діни тақырыптардағы ақпараттарды ғаламтор арқылы алуда аса сақтық танытқан жөн. Сондай-ақ, қазіргі кезде Қазақстанда діни бағыттағы оң ақпараттарды қалыптастыратын ресми сайттар да бар. Солардың бастысы – Kazislam.kz, Muftyat.kz, Fatua.kz, Haqjoly.kz,  Azan.kz, Mazhab.kz,Ummet.kz және басқа да өңірлердегі орталық мешіттердің ресми сайттары. Сонымен қоса, деструктивті, радикалды діни ағымдардың алдын алу бойынша ақпараттық-танымдық бағытында әр өңірде жұмыс жасап тұрған дін мәселелерін зерттеу орталықтарының сайттарынан мәліметтер алуға болады.   Жоғарыда аталған ресми сайттардан туындаған діни мәселелерге қатысты сауалдар жолдау арқылы сұрақтарға жауаптар алуға мүмкіншілік бар.

Дін – сенім. Сенім – көңілдің кілті. Қазіргі қоғамда, дін – мешіт я болмаса, медресе өкілдеріне ғана қатысты секілді көрінеді. Сонымен қатар, өлім-жітім мен еске алу құдайыларында ғана еске түсетіндей. Мұның бәрінің тамыры – діни сауатсыздықта жатыр. Осы тұста, әр пендеге қажеті – діни шынайы ақпарат. Дәйекті ақпарат – Ислами мүміннің іргетасы. Көкірегі ояу, көзі қарақты азамат, танымын арттыру мен тарихын таразылау жолында таптырмас құндылық десем артық айтқандық емес. Ақындардың алыбы, Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» — дейді. Сондықтан, әрдайым халықтық қағидаттан айнымаған қазақ жұртының діни наным-сенімдері мәдениетімен біте қайнасып кеткен. Діни ақпарат алуда, алдымен Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының келісіміне қарауымыз шарт. Және, оның уағыздаушысы кім екеніне толық мән беруіміз керек-ақ. Себебі, діни сауатты ғана маманның пікіріне ғана құлақ салған дұрыс. Кез-келген ақпарттың, әлеуметтік желілердегі пікірлердің дұрыстығын тек қана мамандар ара-жігін ажыратыны хақ. Еліміздегі жастарды діни ұстазды таңдауда барынша сақ болуға шақырамын. Жалған уағызшылардың шақыруын ойланбай қабылдап, жетегінде кетпей, әрбір іс-әрекетіңіз бен қадамдарыңызды ақылға салып, оларды қоғамда белгіленген жүріс-тұрыс және адамгершілік нормалары тұрғысынан пайымдауға тырысқандарыңыз жөн. Дәйексіз діни ақпарттың соңы мыналарға әкелуі бек мүмкін:

— сананы психологиялық улануға душар ету;
— ата-ана, ағайын-туыспен қатынасты бұзу;
— ұлтаралық араздық;
— адами құндылықтардың құлдырауы мен ар-намысына қол сұғу;
— діни сипаттағы өшпенділік.

Сондықтан, дәлелді ақпаратқа көз жеткізген абзалырақ. Бүгінгі күні сауаты бар адам ешқашан көш соңында қалып қоймайды. Жастар, Алла тағала берген жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсауы қажет.

ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында:  «Біз Бұқара санасындағы діншілдіктің артуына әзір болуымыз керек, онда тұрған қатерлі ештеңе жоқ. Жалпы дін өздігінен өнегелі ақиқаттан артық ештеңе үйретпейді. Жалғыз-ақ, бізге қауіп төндіретіні діни біліміміздің деңгейі онша жоғары болмай отырғаны.» -дейді.

Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап
Ай нұрын ұстап мінсе де,

Қызыққа тоймас адамзат – дейді, Бұқар жырау. Пенделіктің томағасын сыпырып, әрдайым өмірге құштарлық пен махаббатқа, әділдік пен рухани жаңғыруына жол бастайтын – Исламның берері өте мол. Тереңнен тамыр тартатын, тақуа өскелең көбейе берсін дегім келеді.

Информативті қолданыста діни мәліметтерді байыбына бармай алудан сақтанайық! Электронды мүмкіндік заманауи ақпарат берудің қайнар көзі. Солардың ішінде дұрыс таңдау жасай алу қауіпсіздігіміздің кепілі болмақ. Ақпараттық кеңістікте діни мәліметтерді байыбына бармай алудан сақтануға шақырамыз.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Бағжан Елтай