«Мен бұлай болғанын қаламадым»

0
334

Жалған ағымға алданып, Сирия жерінен оралған жанның мұңы

«Мен бұлай болғанын қаламадым ғой» деп, Ажар есімді қазақ әйелі (есімі өзінің айтуы бойынша өзгертілді) еңкілдеп жылап алды. Басынан өткен қаншама қиындықтар мен адасушылық болса да, бұл жанның ақиқатты іздеген үміт оты ұшқындап тұрды. Радикалдық жолға түсіп, жолдасын жат жерге көміп қайтқан қазақ әйелінің мұңды зарын үнсіз тыңдадым.

Ақиқатты іздеп, өз-өзіне қол салған қаншама жандардың өмір жолдары көз алдымнан өтіп жатты.

Әрі қарай адасып, үйірін тапқан жанның басынан өткен жағдайын сипаттайын.

«Мен әке-шешемнің үлбіретіп өсірген жалғыз қызы едім. Жасым 12-ге толғанда, әкем қайтыс болды. Қыз бала әкеге жақын болады дейтіні шын екен. Әкем дүниеден өткесін жаным жабырқап, оңашада көзіме жас толатын. Буырқанған жан-дүниемді қайда қоярымды білмейтінмін. Бөлмемде әкемнің мені құшақтап тұрған фотосын қойып қойдым. Өлер алдында «Қызым, айналайын, сабағыңды жақсы оқы» деген қиылып қимай қараған сөзі әлі күнге дейін көз алдымда.

Әкем шын өлерін білген уақытта намазға жығылған болатын. Ол кісі дүниеден өткесін анам мен 18-ге толғанда басқа бір кісіге тұрмысқа шықты. Ал мен анамның онысын түсіне алмадым. Сатқындық, әкемді сатып кету деп түсіндім. Әкеме деген сағынышым басылмай, қайта күшейіп жүргенде, анамның бұлай жасағанына төзе алмадым.

Сөйтіп екі сезімнің ортасында тербеліп жүргенде қалаға колледжге оқуға түсіп, намаз оқитын бір жігітпен таныстым. Менің өмір жолында қателесуім осылай басталды», – деп ауыр күрсінді.

Өмірде махаббат пен ақиқат іздеп, қателескен қаншама жандар бар десеңші. Бірақ олардың бәрі жалған діни ағымдардан емес. Қарап отырсақ, барлығының басы отбасыға келіп тіреледі. «Не толқытса, соның мұңын тартасың» деген осы (М. Шахан).

«Осылай, қалаға келгенде көңілім құлазып, жаныма тірек боларлық ер азаматты іздей бастадым, – деп әңгімесін жалғастырды Ажар. – Өзім де бұл кезде намазға жығылған болатынмын. Мешітке барып, имамның уағызын тыңдап жүрдім. Интернеттен екі дүниенің тылсымына қатысты дін туралы ақпаратты жазып алатынмын.

Сөйтіп бір топ намаз оқушы әйелдермен араласа бастадым. Ол әйелдер жақсы жігіт барын айтып: «Дінде уәлилік деген бар, қазақша жеңгетайлық, сен бұлай жүрме, қаншама еркектер назарын салып, сені солдырып тынады. Әйел адамның бақыты күйеуге тиіп бақытты болу» деген қазақи тәрбиеге жақын сөзбенен әсер ете бастады. Өзімнің де ойым солай еді.

Сөйтіп бір ер азаматпен таныстырды. Көп ұзамай ол кісімен некеміз қиылды. Сөйтсем ол кісінің бұрын бірнеше әйелі болған екен. Алғашқыда мені сыйлағандай болды.

Бірақ көп ұзамай «Имамды тыңдама, олар Исламды бұрмалап түсіндіретін бидғатшылар» деп азғыра бастады. Кейін «Мемлекетті дінсіздер басқарып отыр. Халықтың діни сауатсыздығы мынау» деп жаныма тыныштқ бермеді.

Кейде ойланып қарасам, жолдасымның айтқаны шындық секілді көрінді. Сөйтіп жүргенде одан да хижрат жасайық, Пайғамбарымыз да хижрат жасаған деп, сауда жасаймыз деп Қырғызстан арқылы Түркия жерінен өтіп, Сирия жеріне жеттік.

Ең аласапыран сол кезде басталды. Жолдасымды Алла үшін соғысқа деп бізден бөліп әкетті. Біз бір қираған үйде қалып қойдық. Бас еркіндігіміз де болмады. Мен қателесіп келгенімізді сонда ғана түсіндім.

Бір күні «Жолдасың өлді. Біз сені бұлай жалғыз қалдыра алмаймыз» деп, бір араб жігіті мені өзіне әйелдікке алды. Бұл адамнан да екі бала дүниеге әкелдім. Бұрынғы күйеуімнен де екі балам болатын.

Осы кезде бойымда жиіркеніш туа бастады. Өзімді қолды болған жан сезіне бастадым. Жәннат келгеніміз тозақ болып шықты. Жаным мазалай бастады. Отанымдағы тәтті кездер, балалық шағымдағы ойнаған сәттер, мектеп пен оқу орындарындағы кездер – бақытты кездерім екен. Осыларды ойлағанда жаным құлазып сала берді. Жүрегім ауырып жүрді.

Бақыттың не екенін біз ұқпайды екенбіз. Пайғамбарымыздың: «Қалай өмір сүрген болсаңдар, солай өлесіңдер. Қалай өлсеңдер, солай тірілесіңдер», – деген хадисінің мағынасын елден жырақта жүргенде сезіндім, білдім.

Біз осы дүниеде қаншалықты бақытты болсақ, о дүниеде де сондай бақытты болады екенбіз. Мен замандастарыма соны айтқым келеді. Адам дүниеге келгенде ұлты мен ата-анасын таңдай алмайды. Біздің адал болуға лайық нәрсе болса, осы екі құндылықты ренжітпей, соларға адал болуымыз қажет.  

Соншама уақытымның бос өткеніне жаным ауырады. Бұрынғы күйеуімді сағынам. Ол негізі жаман адам емес еді. Тек ақиқат іздеп шатасты ғой. Тірі болса, қателескенін түсінсе, мына балаларын еркелетіп, ағайын-туыспен ойнап-күліп жүрер еді ғой. Енді оған ондай өмір бұйырмады. Ол келмеске кетті. Еліме әкеліп, осындай тәтті өмірді бұйыртқаны үшін Отаныма, мемлекетіме мың да бір рахмет», – деп, ауыр күрсінді (біраз ауақытқа дейін еңкілдеп тоқтамай жылады).

Көңіліме «қарап отырсаң, мына дүние жалған екен» деген өлең жолы келе берді. Өз өміріңнің мұндай болмағанына тәубе еткеніммен, босқа адасып отанын көре алмаған қандай жігіттер кетті жат елде.

Адам, халық – қоршаған ортасындағы әсер етуші идеялық факторлардың ықпалында тұрады екен. Санасы солай. Нені таныса, соған көңілі құлайды. Көңілі құлаған идеяны сүйеді. Сүйген нәрсесі туралы көп айтады. Соның соңында жүреді. Идея идеологияға осылай айналады.

Осының бәрі сауатсыздықтан туындап жатады екен. Әл-Әзһәр университетінің ұстазы, доктор Ата әс-Сынбати мұны былайша сипаттайды:

1) Надандық+Кедейлік=Қылмыс
2) Надандық+Байлық=Бұзғыншылық
3) Надандық+Еркіндік=Анархия
4) Надандық+Билік=Қанау
5) Надандық+Дін=Лаңкестік

Ал егер «надандықтың» орнын «білімге» алмастыратын болсақ:

1) Білім+Кедейлік=Қанағат
2) Білім+Байлық=Шүкіршілік
3) Білім+Еркіндік=Шаттық
4) Білім+Билік=Әділдік
5) Білім+Дін=Тұрақтылық

KAZISLAM.KZ