Ажырасу — мәселені шешудің жалғыз жолы ма?

0
1814

Карантин көптеген отбасылардың ажырасуына мүмкіндік беріп тұрғанын көріп отырмыз. Мәселен, короновирус Қытайда көптеген жұптардың ажырасуына себепші  болды. Осындай мәселелер тек қана Қытайда ғана емес, барлық елдерде орын алды. Елімізге де осы аты сұмдық дерт келіп, кейбір отбасылардың шырқы бұзылды. Балалардың тұл жетім болуына, адамдар өз жақындарынан айрылуына себеп болды. Ресми мәліметтерге қарағанда ажырасу бойынша Қазақстан әлемде тоғызыншы орында екен. Ал, бес жүз мыңдай кәмелетке толмаған балалар тірі жетім болуда. Бұған себеп не? Қазіргі таңда көп талқыға түсетін мәселе: ажырасу, балалар үйінің санының артуы. Бұл жағдайларға қарап, жүрегің қан жылайды. 2020 жыл наурыз айынан басталған карантиннен ажырасу санының артқаны баршамызға мәлім. Мұның себебі не?Эпидемияға байланысты Қазақстандықтардың біразы жұмыссыздықтан зардап шекті. Үйде азық-түлік ортайған соң ерлі-зайыптылар арасында келіспеушіліктер, жанжалдар туындай бастады. Бір сөзбен айтқанда ажырасудың бірінші себебі қаржы мәселесі болды. Бұл жағдайда кейбіреулер Алланың берген сынағы деп қабылдаса, ал біреулері шыдамсыздықпен  ұрлық жасап, кісі тонап, өз нәпсінің құлына айналуда.

Ерлі-зайыптылардың ажырасуына екінші себеп, екі жұптың арасына туған-туыстарының түсіп, әртүрлі себептермен арасына ірткі салуы. Кейбір адамдар өмірінде бір рет болса да аяғын шалыс басуы мүмкін. Сондай сәтте сол бір қателігі үшін  туыстары кешіріммен қарамайды. Түймедейді түйедей етіп, бір отбасының ажырасуына, балаларының жартылай жетім өсуіне себепші болады.

Ажырасудың үшінші себептерінің бірі келіннің ата-енемен тұрып,  күйеуінің  туыстарымен қарым-қатынасының шиеленісімен  толықтыруға болады. Қазақ отбасыларының көбісінде келіннің  ата-енесімен бірге тұруы қалыпты жағдайға айналған. Осы орайда баласын аялап өсірген ана, яғни қыздың енесі ұлын қызғануы немесе басқа да себептермен келін мен ененің арасы ушығып,  шиеленісті жағдайлар орын алады.  Жігіттің ата-анасымен тұрған соң арада түсініспеушілік, ұрыс-керіс болады. Кейбір ата-енелер екі жастың арасына түсіп те жатады. Немесе керісінше әйел күйеуіне таңдау жаса деп тікесінен талап қояды. Бұл  Қазақстандағы  ажырасудың бірден-бір кеңінен таралған себептердің бірі.

Төртінші себебі болмашы нәрсеге ерлі-зайыптылардың сөзге келіп қалуы. Мысалыға айтар болсақ қызғаншақтық немесе әйелі күйеуінен өзін жоғары қоюы, менменшілдік, тәкәппарлық, жалқаулық… Алла маңдайымызға жазып қойған «жеті күнәдан» әр біріміз бойымызды аулақ ұстауымыз керек. «Жеті қайырымды» іспен достасуымыз керек. «Жеті күнә» — қызғаншақтық, тәкәппарлық, ашушаңдық, ызақорлық, жалқаулық, қанағатсыздық, сезім құштарлығы. «Жеті қайырымды» іс–ақыл-парасат, сабырлық, әділдік, шыдамдылық, сенім, үміт, мейрімділік. Бар мәселе ерлі зайыптылар арасындағы  мінездерінің тізгінін мықтап ұстай  білуінде.

Ажырасудың бесінші себебі күйеуінің әйеліне, әйелінің күйеуіне жасаған опасыздығы. Карантин кезінде адамдардың істейтін жұмысы болмай, өз нәпсіне ерік беріп, әлеуметтік желілерден қолдарының босамауынан  туындаған жағдайлар ажырасуға түрткі болады. Абай атамыз айтқандай «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын». Сонымен қатар әр түрлі сайттардан, әлеуметтік желілерден,өмірімізге, дінімізге қайшы келетін видеолар, фотолар, хабарламалар айрандай ұйыған отбасын, лезде ойрандауына бірден бір себеп  болуда.

Алтыншы себеп әр түрлі шипасы жоқ аурулар, перзентсіздік т.б сол сияқты мәселелер де ажырасуға себеп болып жатады. Індет келгелі бері адамдардың имунитеті төмендеп, әр түрлі аурулармен ауырып жатыр. Ауырмайтын адам жоқ. Тағдырдың сан алуан, қилы-қилы кезеңдерінде қай пенденің болсын қиналатын кезі болады. Бірақ оны әркім әр түрлі қабылдайды. Біз мұсылмандар, жақсылықтың да, жамандықтың да Алладан екеніне кәміл сенеміз. «Алла кімге жақсылық қаласа, оның басына қиыншылық береді» (Бұхари).

Одан кейінгі себеп – алып қашу мәселесі. Бұл бір бөлек мәселе. Өздері жақын таныс емес немесе қыздың ырқынсыз алып қашып, ақырында ажырасып жататын мысалдар аз емес. Бұл да еліміздегі ажырасу себептерінің біріне жатады. Пандемия кезінде осындай жағдайлар көбеймесе азаяр емес. Бір көруден ұнатып қалу, бір көруден менің адамым деп білу, отбасының баянды болмауына себеп болып жатыр. Еріксіз       неке – әр бір қызға да, жігітке де психологияллық соққы болып саналады. Қыз барлығына көндігіп, әрбір майда затқа дейін үйренуіне уақыт талап етеді, үйренісе алмағандар тығырықтан ажырасу немесе өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталып жатады.

Сөзімді қорытындылай келе Алла тарапынан келген әрбір қиыншылық та, шипасы жоқ дерт те біз үшін бір сынақ екеніне сенуіміз керек. Дүниеге келген әрбір адам бақытты болуды армандайды. Әрбір жігіт өзі армандаған  инабатты, өз талаптарына сай келетін қызды іздейді. Оның өмірлік жары болуын армандайды. Ал, қыздар өз арманындағы жігітке тұрмысқа шығып, аяулы жар, бақытты ана болуды армандайды. Ешбір адам ажырасам немесе отбасым ойрандалады деп ойламайды. Біздің өміріміздегі әрбір оқиға бұл біздің тағдырымыз. Күліп жүрген қыз бен жігітті көрсек бақытты деп ойлаймыз. Ал, ажыраспақшы болғандардан сұрасаң – «ол менің тағдырым емес екен», «мен білмеппін», «білсем үйленбес едім, тұрмысқа шықпас едім» деп шағымданады. Жоқ олай емес, әрбір қимылдаған шөп, талдан түскен жапырақта Алланың қалауымен болады. Сол сияқты әрбір адам өмірлік жарын менің басыма қонған бақ деп білуі керек. Аллаға сеніп, Алладан шын ниетпен сұрауымыз, әр нәрсеге сабырлықпен шешім қабылдауымыз керек. Шариғатта неке ұғымына, ерлі-зайыптылар арасындағы жауапкершілікке ерекше мән берген. Оны қасиетті Құранда «…ол әйелдер сендерден салмағы өте ауыр келісім алды» (Ниса сүресі 21-аят) деп некенің салмағын және оның маңыздылығын меңзейді. Отбасының тату-тәтті өмір сүруі өз қолымызда.  Әлбетте Алланың қалауымен.

                                                              Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық
Қазақ–Түрік университетінің,
гуманитарлық-ғылымдар факультеті,
Теология мамандығының 4-курс студенті 
Сайдахматова Тахмина Вахобжонқызы