Сәләфилік те туберкулез ауруы секілді қауіпті

0
1333

Бүгінгі таңда дінге немесе діни білімге құштар жамағат саны күн санап артып келеді. Әрине бұл көңіл қуантарлық құбылыс. Десек те осынау игі ұстанымды теріс арнаға бұрып, халықтың көңіліндегі сенімге селкеу түсірушілер де жоқ емес. Әсілінде дін – бейбітшілік пен бауырмалдыққа, тыныштық пен тұрақтылыққа шақырады. Ал, кейбір ат төбеліндей дін атын жамылған жамағат үшін соғыс пен қантөгістің құралы іспеттес.

Шынтуайтуына келгенде әлемдегі барлық діндердің ұштасар ортасы ол – ізгілік. Әлемдегі ешбір дін қатігезікке үндеп, қантөгісті қолдамайды. Мұны Ш.Құдайбердіұлы бабамыз мына бір өлеңінде:

«Әлемдегi дiндердiң түп мақсұты,
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай – бір, ұждан – дұрыс, қиямет – шын,
Еш дiннiң мақсұты жоқ мұнан асар», — деп түйіндеп айтып кеткен.

Адам баласы табиғатымен (фытраты) бірге туған көңіл тұнығын ластаушы идеологияға қалай бой алдыруы мүмкін? Бұл дерт біздің жақындарымызды қалайша арбайды? Осы қауіпті вирусты жұқтырған жандар емделеді ме? Осы және өзге де сұрақтар төңірігенде бүгінгі мақаламызда жауап беруге тырысамыз.

Ең алдымен тақырыпты ашықтап алсақ. Әрине туберкулез – ежелгі жұқпалы аурулардың бірі. Неміс ғалымы Роберт Кох 1882 жылы туберкулез қоздырғышын ашты және бұл жұқпалы ауру екенін дәлелдеді. XX ғасырға дейін туберкулез іс жүзінде емделмейтін болған. Туберкулез әлемдегі ең көп таралған инфекциялардың бірі. Микроскоп астындағы туберкулез микробы қатты ұлғайған кезде кішкентай таяқша тәріздес болып көрінеді, сондықтан туберкулез таяқшасы деп аталды. Кейде оны Кох таяқшасы деп те атайды.

«Сәләфилік» – жан-жақты жетілген ірі әрі қауіпті діни-саяси ағымдардың бірі. Бұл ағымды ХVІІІ ғасырда Сауд Арабиясының Нәжд өлкесінде дүниеге келген Мұхаммед ибн Әбдәл-Уаһаб құрған. Сондықтан бұл ағым соның атымен «уаһабилік» деп те аталады.

«Сәләф» сөзі қасиетті Құранның бірнеше жерінде кездеседі. «Алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны береді. Ислам ғұламаларының көбінің пікірінше мұсылмандардың алдыңғы үш толқыны сәләфилер деп аталған. Олар – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабалары, табиғиндер (сахабаларды көргендер) мен табаға табиғиндер (табиғиндерді көргендер) исламның әуелгі үш ғасырында өмір сүрген. Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне ғана сүйеніп, соған сай амал еткен. Сондықтан да олар классик сәләфилер, хақ жолдағылар саналды. Ал, қазіргі «сәләфилер» өздерін сол бұрынғылардың жолындамыз дегендерімен, шын мәнінде атына амалдары мен іс-әрекеті сәйкеспейді.

«Сәләфилік» секілді қауіпті діни-саяси ағымды туберкулез секілді індетпен салыстырмалы түрде түсіндіріп, тақырыптың түйінін тарқатып өтуіміздің себебін мақала мазмұнында барынша талдап көрсетуге тырысамыз. Осы орайда жалған «сәләфилік» пен туберкулез дертінің ұқсас тұстарына тоқталып өтсек.

Біріншіден, «сәләфилік» ұстанымы мен туберкулез ауруының қауіптілігі оның – таралуында. Туберкулез адамнан адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерімен дем алуы жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар. Сәләфилік ұстанымы да діннен хабары жоқ адамдар үшін аз ғана көлемдегі уағыз-насихатымен таралады. Алғашқы діни сауатын сәләфилік көзқараста қалыптастырғандар үшін бұл идеологиядан бас тартуы қиынға соғады. Мұны діни сауатсыздықпен немесе адам баласының санасына сатылап әсер ететін ақпарат көздерінің ықпалымен түсіндіруге болады. Шәкәрім қажыекеңнің тілімен айтқанда:

«Ойды кiмнен алғанын,
Адам өзi сезбейдi.
Жанның айдап салғанын,
Сезбесе де iздейдi».

Адам баласы туберкулезді жұқтырғанын бірден сезе қоймайды. Ол жылдар бойы адам ағзасында қалыптасып болғаннан кейін әсер етеді. Сол секілді сәләфилік ұстанымына бой алдырған адамдар да бір күнде өзгеріп сала бермейді. Сатылап алған ақпараттары мен уағыз-насихаттардың нәтижесінде осы бағыттың белсенді ұстанушысына айналады. Оны Шәкәрім бабамыз: «Ойды кімнен алғанын, Адам өзі сезбейді» — деп, екі-ақ ауыз сөзбенен түсіндіріп кеткен.

Екіншіден, туберкулез дертімен ауыратындарды ғылым екіге, яғни ашық және жабық түрімен ауыратындар деп жіктейді. Ашық түрімен ауыратындар яғни сыртқы ортаға өз микробын шығаратын сырқаттар. Ал, аурудың жабық түрімен (микроб шығармайтындар) ауыратындар өз айналасына зиянсыз деп есептелінеді. Қазіргі дінтану ғылымы да сәләфилікті радикалды және байсалды деп бөліп қарастыруда. Радикалды сәләфилер ашық туберкулез секілді қауіпті, ал байсалды сәләфилер жабық түрдегі туберкулез іспетті қоғамға зияны жоқ деп түсіндіруде. Алайда, жабық туберкулездің уақыт өте келе асқынып ашық түріне айналатыны секілді бүгінгі байсалды сәләфилердің ертең радикалды сәләфиге айналуы әбден мүмкін. Оның біздің қоғам үшін екі түрі де қауіпті.

Үшіншіден, өмір сүру барысында туберкулез микробымен кездеспейтін адам жоқ. Мұны халықтың жаппай рентген-флюорография аппараттарымен тексеру кезінде туберкулез қалдырған өкпедегі ізден (Гон ошағы) көруге болады. Бірақ, осыған қарамастан туберкулез микробын қабылдаған адамдардың бәрі бірдей ауыра бермейді. Бұл әр адамның организмінде туберкулез ауруына қарсы қорғаныш күштің және иммунитеттің әртүрлі болуына байланысты. Сол секілді бүгінгі таңда «сәләфилік» идеологиясымен кез-келген адамның бетпе-бет келуі әбден мүмкін. Себебі, қазіргідей ақпарат ағыны кеңінен қолданылып, кез-келген уағыз-насихат қол жетімді жағдайда өмір сүріп жатқан кезеңде мұның қаупі өте жоғары. Дегенмен адам ағзасындағы иммунитет секілді санамыздағы рухани қорғанысымыз – тарихымыз бен салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен ұстанымымызды, ғасырлар бойы қалыптасқан діни бағытымызды жетік білген жандар бұл вирустан сақтана алады.

Біздің айтпағымыз да осы. Туберкулездің қандай қауіпті ауру екенін біліп, одан қалай сақтансақ, «сәләфилік» ұстанымының да қауіптілігін сезініп, бұл ағымның арбауынан құтқарар жалғыз жол ұлттық ұстанымдарға негізделген – тәрбие екендігін естен шығармайық.

Бүгінгі қоғамның өзекті тақырыбына айналған жалған «сәләфилік» ұстанымының таралуы мен қауіптілігін біз туберкулез ауруымен салыстыра отырып түсіндіруге тырыстық. Ал, сіз бұл ағымның зиянын қандай аурумен салыстырған болар едіңіз?!

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директорының орынбасары    Медет Халықов

centre-tur.kz