«Зайырлы» терминінің шығу тарихы

0
1789

Батыс өркениетінің интеллектуалды және саяси дамуы аясында пайда болған зайырлылық термині, әлемдегі соңғы бір жарым ғасырдан бері философиялық қатынастарды түсіну тұрғысынан маңызды орынға ие болды.

Әсіресе, ағартушылық идеясы тұрғысынан Француз революциясы мен зайырлы моральдық түсінікке ие республика тұжырымдамасы арасындағы байланыстың тұжырымдамалық және этикалық өлшемдерімен негіздеуді қажет еттіреді. Сонымен қатар, қазіргі саяси және әлеуметтік динамизмде өздерін үлкен көлемде сезінетін діни қатынастарды ескере отырып, дін мен мемлекет арасындағы байланысты реттейтін зайырлылық қағидасының философиялық негіздерін дұрыс түсіну қажеттілігі туындайды.

Зайырлы (laïcisme) термині Англияда алғаш рет XVI ғасырда қолданылды. Шіркеулерді пасторлар да басқара алады деген идеялардың тенденциясын білдіру үшін қолданылған. Этимологиясы «Пасторлар діндарлардан емес, халықтан болады» деген мағынадағы гректің «laikos» сөзінен шыққан. Laikos – латын тіліне «laïque» кірме сөз болып, қазақ тіліне «зайырлы» деп аудармасы енгізілген.

Зайырлы сөзінің түп мағынасы «Пасторлар шіркеу қызметкерлерінен емес, әрі дін саласының адамы емес» деген ұғымда қолданылған. Сонымен қатар, бұл сөз Францияда 1870 жылдан бастап қолданыла бастаған.

Ал, «Литтре» сөздігінің қосымшасына 1873 жылы енгізілсе, «Лорис» сөздігіне 1877 жылы енгізілгені байқалады. Екі сөздікте де бір мағынада қолданылғанын айтып өткен жөн. Эмиль Литтре зайырлылық ұғымын саяси контексте талқылай келе, дінге қатысты бұл тұжырымдаманы «мемлекеттің абсолютті бейтараптылығы» тұрғысынан қарастырады.

Шын мәнінде, алғашқы мағынада қолданылғанындай батыстық түсініктің негізгі тәсілдерінің бірі ретінде бұл қазіргі кездегі мемлекеттің саяси болмысында белгілі бір діни наным-сенімнің болмауы, оның барлық діндер мен секталарға бейтарап қатынасы, ар-ождан мен сенім бостандығын құрметтеу деп түсініледі.

Сонымен қатар, зайырлылық тұжырымдамасы діни негізде және теологияның жетекшілігімен білім бермеу принципі ретінде дін мен білімді де екі бөліп қарастырады.

Мемлекет пен дін қатынастарын сараптаған кезде, екі негізгі категория бойынша қарастыруға болатыны байқалады. Біріншісінде, дін мен мемлекет арасында ажырамас байланыстың бар екенін негізге аламыз. Сол себептен де мемлекет белгілі бір діннің немесе мәзһабтың ұстанымдарына қарай басқарылады. Бұндай мемлекет «Теократия» деп аталады. Бұндай мемлекеттер жергілікті халықтың ұстанатын дінін немесе мәзһабын қолдайды, діни өмірді бақылайды әрі басқарады.

Ал екінші категорияда болса, дін мен мемлекет толық мағынада бір-бірінен ажыраған. Дін мемлекеттің басқару, саяси және басқа да ісіне араласпайды, мемлекет діннің сеніміне, ұстанымына, ғибадатына және басқа да дінге қатысты істерге араласпайды. Бұндай мемлекетті «зайырлы мемлекет» дейміз.

Бұл категориялардан басқа да негіздерге сүйенер болсақ, «зайырлылық» – дін мен мемлекет істерін абсолютті бөлу. Әрине, бұл екі тарапқа да қатысты. Басқаша айтқанда, мемлекет кез келген діннен немесе шіркеуден тәуелсіз болып қалады, ал дін немесе діндер мемлекеттік деңгейде еркін болады.

Мінсіз болған бұл анықтаманың іс жүзінде толықтай жүзеге асуы екіталай. Себебі мемлекет те, дін мен діндердің өз саласына араласуына жол бермеу үшін шаралар қабылдап, кейбір шектеулер мен ережелер шығара алады және діни салада қоғамдағы моральдық рөлі мен сенімі туралы кейбір мәселелерде мемлекетпен бөліскісі келетін тұстары болуы мүмкін. Сондықтан да екі тарап та бір-бірінен пайдаланатын тұстары өте көп.

Ерте ғасырларда мемлекеттік тұрғыдан қабылдауы қиын болған христиандық, IV ғасырда Рим империясының ресми дініне айналды және осы күннен бастап ол қоғамдық және саяси өмірге басымдығын көрсете бастады. Алайда, ХIIV ғасырдан бастап өзгере бастаған мемлекеттік түсініктер мен реформалық қозғалыстардың арқасында шіркеуде пайда болған догматикалық құбылыстар мен жаңа діни көзқарастар бұл институттың тарихына әсерін тигізіп, өзгеруіне әкеп соқты. Бұл жағдай философтар үшін дін мен мемлекеттік саясаттың қарым-қатынасын қайта қарауда маңызды зерттеу алаңына айналды.

XVI ғасырдан бастап ХХ ғасырға дейінгі кезеңде осыған қатысты көптеген жаңа философиялық көзқарастар айтылған. Нақты дәлелдерге сүйене отырып, бұл көзқарастарды төрт топқа бөлуге болады.

Бұлардың алғашқысы – діннің саясаттан абсолютті үстемдігін қарастыратын және саясатты дінге тәуелді механизм ретінде қарастыратын көзқарас. Бұл орта ғасырларда христиан дінін іс жүзінде көрсете алған. Бұл көзқарастың негізгі өкілдерінің пікірінше, бәрін Құдай идеясымен байланыстыра отырып, тарихи тұрғыдан рухани өрістің артықшылығына сүйене отырып, жердегі іс-әрекет осы шеңберде ғана мәнге ие болады.

Бұл көзқарастың негізгі өкілдері реформа қозғалысының бастамашылары болған Лютер мен Кальвин, ал кейінірек Бодин, Боссюте және Де Мистерді айтуға болды. Соның ішінде Бодин, мемлекеттің мақсаты мен бір діни сенімге ие болуы керек екендігіне баса назар аударып, дін барлық азаматтарды біріктіре алатын, табиғи құбылыс екенін айтады.

Дін мен саясаттың өзара байланысын зерттейтін екінші көзқарас дінді саясаттың құралы ету керектігіне баса назар аударады. Макиавелли мен Монтескье осы көзқараспен бөліседі. Діннің әлеуметтік функциясы мен саясатын пайдаланып мемлекеттік басқаруға көмектесе алатын жағымен бағалайды.

Дінді саясатқа бағындыру керек деген Гоббс, христиан мемлекеті идеясымен мемлекеттік жүйенің қалыптастыруын көздеген. Бұған қоса алғанда, Спиноза мен Руссо да осы көзқарастарға жақын деп санауға болады.

Ал үшінші топтағылар болса, дін мемлекеттік саясаттың алдында әлеуметтік және саяси салада дінді басқаша өзгертуді немесе толық жоюды қолдайды. Бұл Проудон мен Огюст Комте және социалист Сейнт Симонның көзқарасы.

Заманауи зайырлылық тұжырымдамасының төртінші әрі ең соңғы ықпалды көзқарасы бойынша, дінді саясатпен байланыстыру керек пе, әлде саясатты дінмен байланыстыру керек пе деген сұрақ мағынасыз деп қарастырған.

Зайырлылық ұлттық егемендік идеясымен тығыз байланыста. Оны қолдаушы және белгілі бір мағынада түсіндіру тұжырымдамасын мемлекеттің басқару жүйесімен байланысты екенін анық көрсетеді. Бұл жағдайда мемлекеттің ұлттық егемендіктің рухын толығымен аша алатындығы және соған сәйкес институттандыруды жүзеге асыратынын және кейбір мәжбүрлеу шараларын қажет еткенінен байқауға болады.

Алайда, зайырлылық ұғымын, ең алдымен эмансипациялық деп санау керек. Сондықтан өзінің табиғаты бойынша ұстанымы қалыптасқан қоғамның адамдарына жауапкершілік пен жеке тұлғалық ұстанымды қалыптастыру қажет. Себебі зайырлылық бір жағынан егеменді мемлекеттік құрылым деп санаса, екінші жағынан, мемлекет оны құрметтейтін және оны қорғауға және салауатты өмір сүруге үлес қоса алатын ерекше саланы қамтиды.

Бұл жағдайда мемлекет адам құқықтары мен азаматтық қоғамды мойындауы және қорғауы керек болғандықтан, дін бостандығын қабылдайды әрі оның жеке құрылымына араласпайды. Сондай-ақ, салауатты діни өмірді қорғайды және қолдайды.

Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Ислам Құқық ғылымдарының докторы

Пайдаланған әдебиеттер
1. М.Барбиер, Religion et politique dans la pensée moderne, Нэнси, 1987 ж.
2. М.Барбиер, La laïcité, Париж 1995 ж.
3. Ж.Буберот, Vers un nouveau pacte laïque?, Париж 1990 ж.
4. Ж.Буберот,, “Laïcité”, Dictionnaire d’éthique et de philosophie moral, Париж 1997, с. 809-815.
5. G. Cornu, Vocabulaire juridique, Париж 1992 ж.