Зайырлылық дегеніміз не?

0
23243

«Зайырлылық» сөзі қазақ тіліндегі «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. «Зайырлылық» ұғымы латын тіліндегі «laicus» («лаицизм»), «saecularis» («секуляризация») сөздерімен үндеседі. «Саясаттың діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы» деген мағынаны береді. «Зайырлылық» ұғымының ауқымы кең. Зайырлылық аясына гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көп түрлілікті мойындау болып табылады. Зайырлылық дін болмағандықтан исламға да, басқа дін атаулыға да тарапсыз қарайды. Егер зайырлылық дін немесе идеология болса, ол кез келген дінге тарапсыз қарай алар ма еді? Жоқ, әрине! Себебі, зайырлылық – дін емес. Зайырлылық дін болса, бір адам бір мезетте әрі мұсылман, әрі христиан бола алмайды немесе бір мезетте діндар әрі атеист бола алмайды. Зайырлы мемлекетке мысал келтірер болсақ, өз еліміз яғни Қазақстан Республикасын атап өтсек болады. Мемлекетімізде зайырлылық кеңінен қанат жайған. Дінге, сөзге, сенімге ешқандай шектеу жоқ. Қазақ елінің шаңырағының аясында 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері қоныстанып отыр. Әрбір адамның ұстанатын діні, идеологиялық сенімі әртүрлі. Бірі мұсылман болса, бірі христиан, бірі буддист. Сол себепті зайырлылық туралы сөз қозғала кетсе, «Зайырлы Қазақстан Республикасы» деп атасақ, еш әбестігі жоқ.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында Қазақстан демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет деп белгіленген. Зайырлылық қағидаты бойынша Қазақстанда  дін мемлекеттен ажыратылған. Алайда мемлекет дін  ісіне араласпайды  дегенді білдірмейді. Зайырлылық мемлекет пен дін қарым-қатынасына ешқашан тосқауыл қоймаған.  Бұл қағидаға сәйкес мемлекет діннің ішкі ісіне қол сұқпайды. Бірақ дін мемлекеттің  бақылауында болады. Мемлекет азаматтармен қарым-қатынаста олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Сонымен қатар  дін  де мемлекеттік саясатқа  араласпайды.            

Зайырлылыққа сәйкес дін нормалары мен тәжірибесі азаматтық заң нормаларына қайшы келмеуі керек. Дін саясатпен шұғылданбауы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, құрылымдары мен институттары Конституцияда  баян етілген мемлекет жұмысына дін ешбір кедергі келтірмеуі тиіс.    Еліміздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында Ислам дінінің Ханафи мазхабы және Христиан дінінің православиелік бағытының қоғам өміріндегі маңызды рөлі  атап көрсетілген. Соған қарамастан  еліміз өзінің зайырлылық бағытынан ажыраған жоқ. Бұл жерде аталған заңда Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерге құрмет білдірілетіні һәм азаматтардың діни нанымдарын сыйлаудың маңыздылығы, конфессиялар арасындағы  келісімнің басты назарда болатыны да жазылған.  Қоғамның санасын, дін жайлы түсінігін өзгерту көп уақыт алатын процесс. Елімізде дін мен мемлекет қатынасының баяндылығы үшін не істеу керек деген сұраққа философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай  “Еліміз зайырлы құқықтық ұстанымнан айрылмау керек. Елбасымыз да «Зайырлылық ең басты құндылығымыз. Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам» деген еді. Расында, зайырлылық діннің де, мемлекеттің де баяндылығы үшін, дамуы мен жаңғыруындағы ең басты ұстаным.Зайырлы ел-қайырлы ел! Тек оны дұрыс насихаттап, елге дұрыс жеткізу мәселесі бар.”  деп жауап берген еді. Шынында біздің алдымыздағы басты міндет зайырлылық ұстанымын сақтап қалу.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы
халықаралық қазақ-түрік университеті,
Гуманитарлық ғылымдар  факультеті
Дінтану кафедрасының 3- курс студенті
Сұлтанбай Дариға Жаңабайқызы