Ұлттық тәрбие – кемел болашақ кепілі

0
181

Бүгінгі күні жаһандану дәуірінің басты талабы – өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу. Әлем елдерімен терезесін теңестіруді меже етіп отырған елдің білімді жастары тәуелсіздікті нығайтып, ұлттық тәрбиемен сусындаған болашақ ұрпақ өрбиді деген үміт мақсатымызға айналып отыр. Ал, оған қол жеткізудің алғы шарттарының бірі – ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу.

Саяхатшы, зерттеуші А.Янушкеевич: «Мен қазақ ақынының суырып салма өнерін, асқақтата салған әнін тыңдап, ерекше әсерге бөлендім. Бұдан бірнеше күн бұрын екі ел егесінде шаршы топтың алдында сөз сөйлеген шешендерді көрген едім. Сонда мен тумысында Демосфен, Цицерондарды естіп, білмеген жандардың жезтаңдай ділмарлығына таң-тамаша болған едім. Ал, бүгін менің алдымда не оқи, не жаза білмейтін ақындар бұлбұлдай сайрап отыр. Жаратқан иесі мұндай өнер берген халық мәдениет әлеміне өгей болуға тиіс емес…» деп атап көрсеткен. Атамыз қазақ бір ауыз сөзбен қуантып, бір ауыз сөзбен жауын орнынан тұрғызбай қойған шешен, қайсар, кеңпейіл халық болған. Қара қылды қақ жарған төрелігін халық мойындаған. Атақты орыс зерттеушісін таң қалдырған шешендер мен ақындар сияқты Жиренше шешен айтып кеткен «жақсылар» қатарында бір-бірінен бөле-жара қарауға келмейтін әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер де ойып орын алады. Үш жүздің басын біріктіріп, адал төрелігімен халық қалаулысына айналған, есімі өшпес үш бидің өмірі мен өнегесі – біздің  асыл мұрамыз.

Руханияттың қорғаушысы және қолдаушысы әкiмшiлiк екені ақиқат. «Басшысыз ел – жетім» демекші, қазақтың ұлыс болып ұлғаюы, елдiгiн құрып орнығуы жолындағы би-шешендердiң рухани дәстүрi өз алдына бір төбе. Билер дәстүрiнiң басты басымдылығы – адамды тәрбиелеу, адамгершілікке баулу, өнегелi азаматты қалыптастыру, адамға қажеттi iзгi қасиеттердi үлкен құндылық дәрежесiне көтеру. Бұл мәселелер – тұлғалық пен елдiктiң тұтқасы. Би-шешендер сол тұтқаның ұстанымын айқындады және соған сүйендi. Онысы:

Кiсiлiкке қайшы iске қарап тұрмау;
Кiсiлiкке қайшы сөзге бас шұлғымау;
Кiсiлiкке қайшы былыққа батпау;

Кiсiлiк қасиеттi ақтау, құдiреттi баптау, – “кәмiл адам” тәрбиелеудiң тиегi мен пернесiн орнықтырды. Осы ереже мен сұраныстар билердiң мәртебесiн қалыптастырды. Ел билеген хан, сұлтандардың өздері билердің алдында бас иіп, аталы сөздеріне бағынған. Дала заңы да осы билердің есімімен астасып жатады.

Осындай ұлттық тәрбие мектебіміз бола тұра бүгінгі ұрпақтың жан-жаққа алаңдауы жаныңды қынжылтады. Жоғарыда айтылған «кәміл адам» болу үшін адам тәні мен жанын (рухын) бірдей тәрбиелеуі, дамытуы қажет. Ата-бабамыз сан ғасырдан бері мұсылман болған. Олардың тәрбиелеу үрдістері де ислам дінінің құндылықтарына негізделеді. Бірақ бүгінгі кей жастарымыз секілді олар көрінгеннің қаңсығын таңсық көрмеген. Діннің негіздерін сақтай отырып діни тағылымдарды ұлттық болмысымызбен ұштастыра білген.

Тәуелсіздік алғаннан кейін рухани бостандыққа қол жеткізіп бір марқайып қалдық. Рухани алаңдағы бостықты толтыру мақсатында көптеген жастар шетел асып, діни сауатын арттыруға аттанды. Өйткені сол кездері елімізде діни білім беретін оқу орындары болмады. Шетелге кеткен жастардың бір бөлігі дұрыс бағытта білім алса, енді бір бөлігі бұрыс бағытта білім алып келді. Сол азаматтар өздері оқыған жергілікті жердің салт-дәстүрі мен діннің ара-жігін ажырата алмай, өзіміздің ұлттық дәстүрлерімізге, ұлттық тәрбие жүйесіне сын айтты. Дегенмен оларға тоқтау салатын діни білімі бар, ұлттық ерекшеліктерді білетін, дәстүрді түсінетін азаматтарымыз да болды. Олар дін мен дәстүрді байланыстыра білді. Шектен шыққандарға басу айтты.

Қорыта айтар болсақ, бүгінгі біздің міндетіміз де ұлттық тәрбие мектебімізді қайта жаңғырту болмақ. Жоғарыда айтқан тәрбие – асыл дініміз исламнан бөлек емес. Керісінше дінмен біте қайнасқан. Дегенмен дін мен өзге мұсылман халықтарының дәстүрінің ара жігін ажыратып алу керекпіз. Дана бабаларымыз секілді діннің шеңберінен шықпай, негізгі мақсаттарын сақтай отырып ұлттық болмысымызбен ұштастыра алуымыз қажет. Сол кезде ғана болашақ ұрпақ «кәміл адам» болып қалыптасып, жаһандық бәсекелеске қабілетті, ұлтжанды азаматтар болмақ.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
исламтанушы Аширалиев Қабылбек