Қазақстандық патриотизм ұстанымдарын қалыптастырудың әлеуметтік – психологиялық аспектілері

0
2578


Қазақстан Республикасының жастарына үздіксіз тәлім-тәрбие беру тұжырымдамасында тәрбиенің негізгі мақсаты дені сау, ұлттық сана сезім оянған, иманды, ақылды, парасатты, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, талғамы жоғары және бойында тағы да басқа ізгі қасиеттері қалыптасқан азамат тәрбиелеу деп белгіленген. Біздің ата бабаларымыз, тәрбиенің негізгі мақсаты «сегіз қырлы, бір сырлы», санасы пісіп жетілген адам тәрбиелеу деп санаған. Тәрбиенің негізгі міндеттерінің ішінде патриоттық, ұлтжандылық тәрбие ерекше орын алады.

Патриотизм ұғымына- Адамның туған жерін сүйіп, өз халқының тілін құрметтеуі, — Отанының мүддесін қорғауы.- Өткен тарихын, халқының әдет-ғұрыптарын және салт-дәстүрін сыйлауы.- Өз тілін, дінін берік ұстау т.б. мүдделерді бойына сіңіру.

Қазіргі кезеңде біз өзіміздің ұлттық санамызды қалыптастырып, ұлттық намысты, ұлттық рухты жоғары көтеріп, ұлтының тарихи-мәдени құндылықтарын бағалай білетін ұлттық сана қалыптпстыруымыз керек.

Патриотизм ұстанымдарын қалыптастырудағы психоәлеуметтік аспектілердің негізі. Ол, әрбір отбасы, әрбір ата-ана ұрпақ тәрбиелеудегі мән беретін дүниелер балаға өз отбасының бір мүшесі ретінде жауапкершілікті бойына сіңіре білу және адамдық рухани құндылықтарды сезіндіру, өзінің отанын сүю, тіліне, дініне деген берік ұстанымдары мен құрметін сезіндіру болып табылады. Өз ұлтының тарихы мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін отбасы тәрбиесінде кеңінен насихаттап балашақ ұрпаққа үлгі ете білсек нағыз патриотизм осы болмақ.

Отансүйгіштік сезім – ұлт рухының деңгейінің айнасы, өлшемі. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында азаматтардың отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуды ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі ретінде таниды. Патриоттық тәрбие ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына ықпал тигізуде де үлкен мәнге ие. Бұл бірінші кезекте жеке тұлғаның әлеуметтенуіне көмектеседі және әлеуметтік тұрғыдағы қабілеттіліктерінің дамуына да тигізер ықпалы мол. 

Патриоттық тәрбиенің жүйелілік сипатына келетін болсақ, ол ең алдымен, тәрбие мен патриоттық сана-сезімнің жүйесі арқылы айқындалады. Жүйелі патриоттық сана тұрғысынан алғанда, патриоттық тәрбие тәрбиенің идеялық саяси, адамгершілік, құқықтық, эстетикалық және т.б. элементтерінсіз өмір сүру мүмкін емес. Патриоттық сана отанды өркендету мен қорғауға ішкі даярлық пен қабілетті қалыптастыруға белгілі бір әлеумттік-саяси бағыт береді.

​Патриоттық тәрбие басқа қоғамдық жүйелермен тығыз байланыста болады. Оның жүзеге асуына макроорта мен микроортаның әсері мол. Яғни патриоттық тәрбие оқшау өмір сүре алмайды. Ол күрделі, салыстырмалы түрде алғанда дербес, біртұтас, өзін-өзі басқарып отыратын, белсенді де дамушы жүйе болып табылады және тәрбиенің барлық негізгі бағыттарында жүзеге асырылады.

Б.Момышұлы: «Патриотизм – отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзіңнің тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз- жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, париотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, жеке адамның өткенімен, бүгінігі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын барлық жағынан біріктіреді» – деп ұлттық патриотизм, қазақстандық патриотизм ұғымдарына анықтама берген.

​Патриотизімді қалыптастырудың басты шарты, елдің бір жұдырық болып жұмылып, бірлік пен татулықты сақтауы. Отандастарымызды бір-біріне байлап тұрған, бөлінбес бір Отан, ұлтқа біріктіріп тұрған патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік. Сол үшін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді сақтап тұрған патриотизм біз үшін өте маңызды мәселе.

Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» психолог маманы А. Алдиев