Зайырлылық пен дін принцптерінің өзара әрекеттесуінің кейбір мәселелері

0
223

Қазақстан Республикасының конституциясында еліміздің құқықтық зайырлы мемлекет екенін бекіткен. Демек, заманауи шынайылықтағы зайырлы мемлекет ұғымының мазмұны құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген және сенім мәселесінде дін өрісіне мүмкіндік беретін мемлекет ретінде тұжырымдалады.

Қазақстанның діни саладағы және діни бірлестіктердің іс-қызметтеріне қатысты мемлекеттік саясатының мақсаттары мынадай ұстанымдарға негізделеді:
● әрбір азаматтың ұстанатын дініне қарамастан, ар-ождан бостандығы мен құқықтарын қамтамасыз ету;
● діни бірлестіктердің еркін қызмет атқаруына құқықтық орта орнату;
● діни бірлестіктердің бейбіт қатар өмір сүрулеріне қолдау көрсету, әртүрлі дінді ұстанатын адамдар арасындағы өзара түсіністік пен толеранттылықтың орнауына қолғабыс ету;
● қазақстандық қоғамның бірігуі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету, оның рухани-адамгершілік әлеуетін сақтау және нығайту;
● жаһандану жағдайында дінаралық қатынастардың үйлесімділігіне септігін тигізетін рухани және мәдени байланыстарды сақтау және оны нығайта түсу.

Жалпы адамзат тарихында зайырлылық ұстанымы Христиан дінін ұстанушы халықтар арасында дін мен мемлекеттің бөлінуінен туындағаны белгілі. Бүгінгі күні бұл түсінік бүкіл әлем бойынша қолданысқа енгізіліп жатыр. Алайда қазіргі таңда зайырлылық ұғымы дін мен мемлекет арасында қорған салуды білдірмейді. Өйткені адамзат тарихында дін ұстанбаған жекелеген адамдар болғанымен, дінсіз мемелкет, мемлекетсіз дін болмаған.

Дін мен мемлекет халықтың тұтастығын сақтауда бір-бірімен әрекеттесуі қажет. Зайырлы елдерде мемлекет дінді қоғамның тұрақтылығын сақтау, халықтың бірлігін қамтамасыз ету үшін қолданады. Конституциямыз бойынша мемлекет діннің ішкі ісіне араласпайды, дін де мемлекеттің ісіне араласпайды. Бірақ мемлекет реттеуші қызмет атқаруға құқылы. Бұл дегеніміз – егер діни бірлестіктер заңның аясынан шығып жатса, не заңға қайшы істер жасап мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдай орын алатын болса, мемлекет діни бірлестіктердің қызметіне араласа алады және ретке келтіреді.

Қоғам мен дінді бір-бірінен бөлу мүмкін емес екенін тарихи тәжірибе көрсетіп отыр. Осыған орай қазіргі таңда қоғамның тұрақтылығы мен тұтастығын сақтау үшін мемлекет діни саясаттағы рөлін кеңейтуі қажет. Өйткені мемлекеттің діни салада белсенді реттеуші болуы тиіс екені талас тудырмайды.

Заң бойынша барлық діни бірлестіктердің мәртебесі бірдей екенін көреміз. Бұл да белгілі бір деңгейде пікірталасқа себеп болып отырған мәселе. Жоғарыда айтылғандай мемлекет діни салада реттеуші бола отырып, мемлекет халқының басым бөлігі ұстанатын дінге заңдық тұрғыдан артықшылық берілуі тиіс деп ойлаймыз. Бұл демократияға да қайшы келе қоймас. Өйткені мұндай тәжірибе демократиялық институттары дамыған европа елдерінде көптеп кездеседі. Мәселен, Норвегия Конституциясының 2-бабы Евангельдік-лютеран шіркеуін елдің мемлекеттік діні ретінде орнықтырады. Мемлекет шіркеудің барлық шығындарын өз мойнына алады және осы елдегі барлық балабақшалар мен мектептер заң бойынша «Мораль және Христиандық тәрбие» пәнінен сабақ өткізуі тиіс. Ал, Норвегияның заманауи түрдегі зайырлы мемлекет ретіндегі демократиялық жүйесі мен жетістіктеріне ешкімнің күмән келтірмесі анық. Жалпы, өздерінің дәстүрлі діндеріне мемлекет өмірінде басымдық беретін мысалдарды әлемнің қай түкпіріндегі елдерден де көптеп кездестіруге болады. Егер демократияны адам және азамат құқы мен бостандығы жүзеге асатын саяси институттар, нормалар мен құндылықтар жүйесі ретінде алар болсақ, сенім бостандығы идеясының онымен бірге көрінетін егіз құндылық екенін көрер едік.

Дегенмен, мұнда, таразының екінші басында, кез-келген мемлекеттің өзінің сан ғасырлық ұлттық ерекшеліктері мен рухани және діни кеңістігінің тұғырын құрайтын құндылықтарын сақтап қалуға деген мүддесі тұратыны бар. Ал, ондай мүддеге барлығымыз құрметпен қарауымыз керек екендігі талас тудырмаса керек. Осы ақпараттарға қарайтын болсақ, біздің мектептердегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» сабағында зайырлылық қағидаттары мен қоса халықтың басым бөлігі ұстанатын Ислам дініне көбірек көңіл бөліп, оны оқушыларға түсіндіріп бере алатын мамандарды мектепке тарту қажет деп есептейміз. Осы арқылы діни кеңістікте тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Өйткені тәуелсіздік алған соң, діни салада еркіндік беріліп, көптеген дәстүрлі емес ағымдардың пайда болғаны белгілі. Бұл діни ағымдарға кетіп жатқандар көбіне діни сауаты төмен азаматтар.

Жоғарыда айтылғандай мектеп қабырғасында оқушылардың діни түсінігін қалыптастыратын болсақ, бұл секілді келеңсіз жайттарға тап болмаймыз деген сенім бар. Себебі зайырлылық ұстанымдарын білетін, діни түсінігі қалыптасқан адамды дәстүрлі емес діни ағымдар өз қатарына қоса алмайды.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Аширалиев Қабылбек