Қазақстан Республикасындағы діни білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуының тетіктері

0
417

Қазақстандағы діни білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар.  Ең алғашқы діни орта оқу орындары болған медреселердің  араб жерінде емес, Түркістан өлкесінде пайда болғаны тарихтан белгілі. Қазақстандағы діни білім беру жүйесі кеңестік кезеңде өзінің дәстүрлі арнасынан қол үзіп қалғаны белгілі. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде бұл сала қайта жанданды. Егемендігімізді алғаннан соң, құлшылық ету орындары, діни білім беру орындары көптеп ашыла бастады. Кеңестік кезеңде өз дінінен алыстап қалған халық бастапқыда мұндай жаңалықтарды қуана қарсы алды. Дегенмен, діни білім беру саласында кемшіліктер де болғанын айтпай кетуге болмас. Ең алдымен, діни білім беру ошақтары азаматтарға Ханафи мазһабына сай келетін, қазақы дүниетаныммен үйлескен білім мен ілімді сіңіруі тиіс. Ал ұлттық тұтастыққа қауіп төндіретін, ел арасына жік салатын және экстремистік үндеулер тарататын білім беру орындарының қызметіне жол бермеуге міндеттіміз.  

2013 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша елімізде «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігіне (ҚМДБ) қарасты 9 медресе, республикалық Имамдардың білімін жетілдіру ислам институты, «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығы, «Ықылас» қарилар дайындау орталығы секілді 12 ДББҰ қызмет атқарады. Сонымен қатар католиктік конфессияға тиесілі «Мария-ана шіркеуі» Епархияаралық жоғары діни семинариясы өз қызметін жалғастыруда. «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті 2001 жылы Египет Араб Республикасы мен Қазақстан Республикасының үкіметтері арасындағы келісімге сай құрылған. Университетке жалпы басшылық ететін және оның қызметін екі тараптан  үйлестіретін Қамқорлық кеңесінің құзіретіне қаржы, мәдени, білім беру саясатын қалыптастыру кіреді. Университеттің білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензиясы бар. Университетте берілетін мамандықтар ҚР жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарымен қамтамасыз етілген. Қазақстандағы білім беру саласында тәуелсіздіктен кейін қарқын алған жағымды әрі қажетті үрдістердің бірі дінтану мамандарын даярлау болып табылады. Дінтанушы мамандарды еліміздегі Л.Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің дінтану кафедрасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің философия және мәдениет теориясы кафедрасы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің дінтану кафедрасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің дінтану факультеті даярлайды. Отандық жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған дінтанушылар ғылыми-педагогикалық, сарапшылық қызметке араласып, игі нәтижелерді көрсетіп келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Дінтану» мамандығына жыл сайын 60 мемлекеттік грант бөлінеді. Жекелеген оқу орындары өз гранттары арқылы дінтанушылардың белгілі бір бөлігінің ақысыз білім алуын қамтамасыз етеді. «Дінтану» мамандығы барлық оқу орнында мемлекеттік білім стандарттарына сәйкес бекітілген бағдарлама бойынша жүреді. Дегенмен оқу үдерісінде басшылыққа алатын әдістемелік құралдардың әр алуан болуы және оқытушылардың дайындық деңгейінің әркелкілігі бірізділіктің болмауына алып келуде.

Ал, христиандық білім жүйесіне тоқталсақ, елімізде қазір христиандық бағыттағы діни курстар ретінде құрылған бастауыш деңгейдегі жексенбілік мектептер мен бір ғана жоғарғы діни оқу орны нақты қызмет атқарады. Жексенбілік мектептер ел аумағында көптеген христиандық діни бірлестіктерге қарасты жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Христиандық жексенбілік мектептердің жалпы саны – 66, білім алушылар саны – 1889. Оның ішінде православие конфессиясына тән 47 жексенбілік мектепте 1214 адам білім алуда. Протестанттық бағыттағы 15 жексенбілік мектепте 575 білім алушы бар. Католик бағытындағы 4 жексенбілік мектепте оқитындар саны 100-ді құрайды.

Қорыта келгенде діни және дінтанулық білім базалық пәндері мен бағыттылығы жөнінен бір-бірінен ажыратылғанымен, түпкі мақсаты бір. Ол – дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, шетін көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, «имандылық» ұғымын дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Сондықтан заман талабына сәйкес  діни және дінтанулық білімнің өзара тиімді түрде игі мақсатқа қызмет етуінің жан-жақты мүмкіндіктерін жете қарастырған жөн.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Шахобов Саъдинқожа