15 тікелей эфир ұйымдастырылды

0
1319

Қазақстан Республикасындадіни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, Қазақстан халқының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес сананы қалыптастыру мақсатында «Social Development Center» қоғамдық қоры Алматы қаласы прокуратурасының қолдауымен «Дін мен дәстүр» әлеуметтік жобасын жүзеге асырды.

Жобаның негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлері, тарихи және мәдени құндылықтарын насихаттау және дәстүрлі руханият негіздерінің деструктивті ағымдар идеяларымен өзара үйлеспейтіндігін түсіндіру.

Бүгінгі таңда дүниежүзілік эпидемиялық жағдайларға байланысты жоба онлайн форматта іске асты. Іс-шараға белгілі теолог мамандар, исламтанушылар, дінтанушылар қатысты.

Оның ішінде ЖОО мен колледж студенттеріне арналған 20 онлайн дәріс сабақтары ZOOM әлеуметтік қосымшасы арқылы, дін өкілдерінің Instagram әлеуметтік парақшаларында 15 тікелей эфир ұйымдастырылды. Дәрістер мен тікелей эфирлерді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, дінтану ғылымдарының PhD докторы Құдайберді Бағашаров, “Нұр-Мүбарак” Египет Ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының теологы Нұржан Стамбакиев, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Алмасбек Шағырбай сынды т.б. білікті мамандар жүргізді.

Сонымен қатар, «Taunews», «NUR.KZ» жаңалықтар порталдарының Instagram парақшаларында екі тікелей эфир өткізілді. Сұхбат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, ҚМДБ наиб мүфтиі Ершат Ағыбайұлы және ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, «Төле Би» мешітінің бас имамы Ерсін Әміремен жүргізілді.

Сұхбат барысында дін мен дәстүрдің сабақтастығы, салт-сана мен діни танымның өзара байланысы, ислам дінінде шаңырақ құру мәселесі мен қазақ  халқындағы жеті атаға дейін қыз алыспаған сынды тақырыптарда әңгіме қозғалды. Қазақ халқының дәстүрін насихаттаумен қатар, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі аспектілері түсіндірілді. Жоба аясында Алматы қаласы діни жастарының шамамен 70 000-нан астам өкілін қамтыды.