Дін – қоғам тұрақтылығының негізі

0
1055

Адамзат тіршілігінің алғашқы кезеңінен бастап бүгінгі уақытқа дейін дін мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қай заманда болмасын адамдар өз рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін белгілі бір дінді ұстанып келген. Дін тек қана адамдардың рухани қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, қоғамдық қатынастарды реттеуде маңызды рөл атқарып келеді.

Қазіргі уақытта әлемнің барлық елдерінде адамдардың бір-бірімен қарым-қатынастарын реттеп отыру, қоғамда тыныштық пен тұрақтылықты сақтау үшін арнайы заң шығарып, белгілі бір құқықтар мен нормаларды бекітіп отырады.  Ал кейбір теократиялық мемлекеттерде дін заңды қалыптастырушы рөл атқарады. Ислам мемлекеттерінде шариғаттың негізінде адамдар арасындағы қарым-қатынастар реттеліп отырады. Себебі дін адамдарды тек ізгілікке, адамгершілікке бағыттайды, оны теріс қылықтардан сақтандырады, құдайдың бар екенін, барлық нәрсенің сұрауы болатынын еске салып,  сақтықта ұстайды.

Дін адам мен қоғам өмірінің барлық қырларына жан-жақты ықпал етеді. Ол адам мен құдай арасындағы байланыс қана емес, адамның адаммен, адамның қоғаммен қатынасын, сауда-саттық, үйлену-ажырасыу, мирасқорлық деген сияқты көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, сондай-ақ өмір сүру дәстүрлерін толық қамти отырып, қоғамның тұрақтылығына өз әсерін тигізеді.

Ислам дінінің ұлы ғұламаларының бірі Имам Ғазали Ислам дінінің негізгі принциптері жайлы былай дейді: «Расында Жаратушы жаратылысына бес нәрсені сақтауға кепілдік береді: діні, өмірі, ақыл-есі, ұрпағы және мал-мүлкі. Аталған бес нәрсені сақтау – парыз, ал оларды бұзу – жамандық. Бұл жамандықты тоқтату міндеттелген» дейді. Мұнда аталған бес құндылық адам өмірінің негізін құрайды.

Адамның өмір сүру құқығы – адам өміріндегі ең маңызды орынға ие. Зайырлы мемлекетіміздің Ата Заңындағы секілді ислам бойынша басқа адам өмірі қасиетті әрі дербес құқық болып табылады. Оны қорғауда барлық қажетті қауіпсіздік шараларын жүргізу міндеттелген. Ислам діні өзге адамның өмірі мен ар-намысына тиюді үлкен қылмыс деп санайды, әрі Жаратушыға қарсы шығу деп біледі.

Қайсы бір дәстүрлі діндерді алып қарасақ, барлығы да адамның жеке бас бостанығын қорғау, әділеттілік пен теңдікті дәріптейді. Осы арқылы қоғамдағы қылмысты, ұрлық-қарлықты, адамдар арасындағы теңсіздіктерді жоюға, болдырмауға шақырып, қоғамдағы тыныштықты қалыптастырады.

Кейінгі уақыттарда кейбір жастар дінді оның ішінде Ислам дінін толық түсінбей, теріс ағымның жетегіне еріп, Ислам дініндегі күрделі терминдерді (Жиһад, Тауһид) шала түсініп, қолдарына қару алып бейбіт тұрғындарға өз кесірлерін тигізіп жатады. Бұл Ислам дінінің негізгі принциптеріне мүлдем қайшы нарсе. Жоғарыда келтіргендей, Ислам дініндегі ең басты құндылықтардың бірі — адамның өмірі мен бастандығы. Құранда оны айдан анық етіп көрсеткен. Жазықсыз бір адамды мейлі ол мұсылман, не өзге дін өкілі болсын оны өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең және оның күнәсінің ауыр екенін анық ескерткен. Ислам дінінде белгілі бір мәселеге (Жиһадқа, Хижраға) байланысты пәтуа шығару үшін мұсылман елдерінің Ислам ғұламалар кеңесі немесе Қазақстанда ҚМДБ-ның ғұламалар кеңесінің үкімімен пәтуа шығығарылып соның негізінде әрекет жасалады. Бұл өз кезегінде дінге жеңіл-желпі қарамау, ондағы кейбір терминдердің өте нәзік екендігін білдіреді.

Жалпы әрбір дәстүрлі дін оның ішінде Ислам діні тыныштық пен татулықтың, бейбітшіліктің символы. Шынайы мұсылман адам айналасындағыларға сенім ұялататын тұлға. Мұндай адам ешкімге сөзімен де, ісімен  де ешбір зиян келтірмейді. Өз халқы түгілі өзге ұлт пен өзге дінді ұстанушыларға да сыйластықпен, құрметпен қарайды. Әлсіз, кедей адамдарға барынша қол ұшын беріп, көмектектесіп адамдардың алғысын алуға тырысады. Өз отбасында, өз елінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату үшін барлығын жасауға дайын тұрады. Міне, осындай қасиеттерді үйренуге дін әрқашан шақырып отырады.

Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
әлеуметтанушысы Жунисов Берік