Діни оқу орындарының берері көп

0
1666

Тәуелсіздік алғанынан кейін елмімізде діни сауат ашу курстары мен медреселер, дінтанушы мен исламтануы мамандарын даярлайтын арнайы білім беретін оқу орындары құрылды.  Діни оқу орындары үш түрге бөлінеді. Олар: діни сауат ашу курстары,  медреселер және  университеттер. Енді соларға әрбіріне қысқаша тоқтап өтейік.                                                                                   

Діни сауат ашу курстары. Еліміздегі көптеген облыстық, аудандық, қалалық мешіттер жанынан көпшілікке арналған діни сауат ашу курстары ашылған. Сонымен қатар ҚМДБ-ның қолдауымен мектеп жасындағы балалар үшін жыл сайын жазғы діни сауат ашу курстары ұйымдастырылып, жұмыс жүргізуде.  Бұл бастауыш діни білімнің деңгейін көтеріп, анағұрлым кең көлемде жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді, жүргізілген жұмыстардың жемісті, нәтижелі болуына үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар діни сауат ашу курстары  болашақта  діни оқуын жалғастыру мүмкіндіктерін ұлғайтады.                            

Медреселер. ҚМДБ құрамындағы Арнаулы орта және кәсіптік білім беретін   Астана, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Сарыағаш, Алматы, Шамалған, Тараз өңірлерінде 9 медресе  ашылған. Барлық медреселердің діни білім беретін оқу бағдарламалары бойынша қызмет жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензиялары бар. Медреселер ҚР Әділет министрлігінде тіркелген.  Барлық медреселер «Діни қызметкерлер үшін білім беру бағдарламасына қойылатын талаптар» мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес қызмет атқарады  Медреселер оқытушылары ҚМДБ-на қарасты діни бірлестіктермен, яғни мешіттермен тұрақты байланыс жасайды. Мешіттерінің бас имамы, наиб-имамы қызметін атқаратын оқытушылар даярлайды.  Медреселердің оқу жоспары мемлекеттік стандартқа сәйкес зайырлы пәндер енгізілген. Оқытылатын барлық оқулықтар, әдебиеттер мен оқу бағдарламасы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы тарапынан бекітілген. Олар ханафи мазхабының ұстанымдарымен толық сәйкес келеді деп құпталған. «Ақида» пәнін жүргізу барысында Матуриди еңбектері негізге алынады.  Фикһ пәнін оқытуда ханафи мазхабы өкілдерінің еңбектері мен осы бағыттағы жинақтар пайдаланылады.                                                 

Университет. Қазақстандағы  дінтанушы мамандарды даярлайтын еліміздегі Л.Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің дінтану кафедрасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, «Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің дінтану және исламтану кафедрасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің дінтану факультеті даярлайды. Отандық жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған дінтанушылар ғылыми-педагогикалық, сарапшылық қызметке араласып, игі нәтижелерді көрсетіп келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Дінтану» мамандығына жыл сайын  мемлекеттік грант бөлінеді «Дінтану» мамандығы барлық оқу орнында мемлекеттік білім стандарттарына сәйкес бекітілген бағдарлама бойынша жүреді.                                                                                                   

Аталған отандық діни оқу орындарының материалдық-техникалық базасының күшеюі, білім сапасының артуы ел азаматтарының діни білімді өз елінде алуларына мол мүмкіндік береді. Қазақ елінің рухани қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей сабақтас. Осы себепті діни білім алуды таңдаған ұл-қыздары бар ата-аналар перзенттерінің жарқын болашағы үшін оларды өз отанында оқытуға барынша мән беруі тиіс. Отандық діни оқу орындары халықтың діни танымынан, ұлттық ерекшеліктерінен терең хабары бар азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Қазақы рухани қайнар көздерден сусындаған және олардың қадірін білген шәкірт діни саладағы істердің жандануына мол үлесін қосатыны сөзсіз.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
исламтанушы Тойшиев Нұртаза