Дін мен дәстүр сабақтастығы

0
1280

Исламға дейінгі дәуірде жоғары дәрежеде ұйымдасқан әкімшілік-басқару жүйесі, жауынгерлік өнерді терең меңгерген әскері, тас кітаптарға тарихын таңбалаған жазу мәдениеті болған, жарты әлемді жаулап, «бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» Көк Түрік қағанатының  мәдени жетістіктері де әлем өркениетінен өз орнын алды. Олардың адамгершілікті ту еткен мол рухани мұрасы бүгінге дейін сақталып жетті, ұлттық дүниетанымымызға негіз болып қаланды. Көк түріктерге дейінгі «тарихтың дырау қамшысы болған» сақтар мен ғұндардың даңқты тарихы да Тұран өркениеті тарихына алтын әріптермен жазылды.

Өркениетті ел ретінде бүгінгі қазақ, кешегі түркі жұрты өзінің дінге қатысты таңдауын жасаған болатын. Ол – ислам еді. Өйткені ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлескен бірден-бір дін – ислам діні болды. Ғасырлар бойы халқымыздың болмысына сіңе отырып, ислам біздің бүгінгі бірегей мәдениетімізді құраған, мемлекеттілігімізді қалыптастырған ата дінімізге айналды.

Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.

Халқымыздың дәстүрлі құқығы болып табылатын әдет-ғұрып заңдары өз бастауын сонау ерте кездегі тайпалық дәуірлерден алатыны белгілі. Мемлекет басқару жүйесінен бастап, азаматтық қарым-қатынастарға дейін толығымен дерлік әдет заңдарымен реттелді. Ислам діні мен қазақ дәстүрлерінің ғасырлар бойғы астасу үдерісінің нәтижесінде шариғат пен әдеттің қатар өмір сүру формалары қалыптасты.

Ұлттың құндылығы – мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды. Қазақтың өзара астасқан ұлттық және діни дәстүрлерінің тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі орасан. Бала дүниеге келмей тұрып басталатын «құрсақ шашу», «жарыс қазан», «бала дүниеге келгенде жасалатын «сүйінші сұрау», «азан шақырып ат қою», «шілдехана тойы», «бесікке салу», «қырқынан шығару» – бәрі-бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық.

Ұлыстың ұлы күнін тойлау, жеті атаға дейін қыз алыспау, ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптардың бәрі мұсылман дінінен ауытқушылық немесе қарсылық емес, ежелден қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де исламның аясында да дамуын жалғастырып, өмір сүріп келеді.

Мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату үдерісі орын алуда. Қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған арандатушы әрекеттер де байқалады. Қазақ әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ешбір шариғи негізсіз исламға қарсы қойып, күпірлік пен надандықтың, Аллаға серік қосудың көрінісі ретінде айыптау қазақ мұсылмандық мәдениетін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттердің ең пәрменді құралы ретінде қызмет етуде.

Ұлттың мінезі мен дәстүрлері – егіз ұғым. Бірінен бірі туындап, бірін-бірі қалыптастырып жатады. Дін қағидаларының сенімдік жағын діндес ұлттар өзгеріссіз қабылдайды, алайда бір ұлттың дәстүрін екінші ұлт көзсіз көшіре алмайды. Оған дін қағидалары да мәжбүрлемейді. Қазақы мінез бен дүниетанымда ізет пен құрметке ерекше мән беріледі. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады. Сол қазақы мінездің тінін құраған кішіпейілділіктің көрінісі іспетті дәстүрлердің бірі – келіннің сәлем салуы. Әрбір амал ниетімен қайырлы, ал құрметтеу ниетімен сәлем салудың сәждеге жығылумен бір еместігі, табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен ешбір байланысы жоқтығы анық.

Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі факторлардың бірі. Бұл факторға Қазақстан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзімізбен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда.

Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені кез келген жат ағым қоғамда қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау дін мен дәстүр сабақтастығын сақтау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Таутаев Қуаныш