Зайырлылық және дінтану негіздері

0
3667

Зайырлылық ұғымы “лаицизм – грек тіліндегі “лаикос”- халықтық, бұқаралық деген мағынаны білдірсе, француз тілінде “лаиците”- діни емес, яғни, ”лаику”- зайырлы дегенді білдіреді. Бүгінгі қазақ тіліндегі “зайырлы”, ”зайырлылық” сөзі — “заһир”, яғни, анық, ашық деген мағыналарды білдіретін араб тілінен енген сөз. Бұл сөзді алғаш рет өткен ғасырда Алаш қайраткерлері “Алаш мемлекетін” құруда өз заңнамаларында қолданды. Олар бұл сөзді ашық, нақтылық, адами, адамдық, өркениеттік, азаматтық деген мағыналарда қабылдады. Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлылықтың конституциялық негіздері Батыс Еуропа елдерінде XVIII ғасырда қалыптаса бастаған. Оның теориялық алғышарты ағылшын философы Джон Локктың либералдық мемлекет идеясы болатын. Әлемде зайырлы, теократиялық және атеистік принциптерді де ұстанатын мемлекеттер бар. Зайырлы мемлекеттерде дін мемлекеттен ажыратылған. Олардың көбі Батыс Еуропа елдері, айталық, АҚШ, Франция, Англия, Дания т.б. Теократиялық мемлекеттерге Сауд Аравиясы, Ватикан, Иран т.б. жатады. Теократия — гр. theos  — құдай, kratos — билік — саяси билік шіркеу басшысының, дін басының қолында шоғырланатын басқару түрі. Атеистік мемлекетке өткен тарихымыздан мысал келтірсек, Кеңес Одағы және оның құрамында болған Қазақ Советтік Социалистік Республикасында атеистік қоғам болды. Атеизм көне грекше: — «құдайдан ауытқу» дін атаулыны жоққа шығару. Атеистік мемлекетке социалистік қоғамда күн кешіп жатқан Солтүстік Кореяны жатқызуға болады (халықтың 68% — атеистер, елде ешбір діни тәрбие жоқ). Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта діннің қоғам өміріне қайта оралуына байланысты елімізде атеистік көзқарас мемлекеттік мәртебесінен айрылды. Егеменді қазақ елі — зайырлы мемлекет. Жалпы зайырлылық-діннің мемлекеттен дербестігі, озық, толерантты, ашық қоғамды білдіреді. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм мен терроризм түріне үзілді — кесілді қарсы тұрып, жастарды радикалды діни ағымдардан қорғауымыз қажет. Дін дегенде үрке қарамауымыз керек. Ешбір дін жамандыққа шақырмайды. Дегенмен қазіргі технологиялық заманның шапшаң дамуына орай материалдық және де басқа да құндылықтар бірінші орынға шығып, халық рухани құндылықты түсінуден алшақтауда. Осы жағдайға орай адамдардың діни сауатсыздығын пайдаланатын түрлі деструктивті діни ағымдар жағдайды ушықтыруда. Діннен хабары аз халық әсіресе жастар деструктивті діни ағымдардың жетегінде кетуде. Осы жағдайларды жолға қою мақсатында мектептерге дінтану мамандығы енгізілді. «Дінтану негіздері» факультатив курсы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №353 бұйрығының негізінде жалпы білім беретін мектептердің 9- сыныптарына базистік оқу жоспарының вариативтік бөлігі есебінен аптасына 1 сағат (жылына 34 сағат) енгізілді. Діндер туралы арнайы ғылым болып табылатын «Дінтану негіздері» курсы барысында талап бойынша мұғалімдер діндерді насихаттамайды, тек олардың шығу тарихы мен дамуын объективтік мазмұнда түсіндіруді мақсат етеді. Дінтану пәнін енгізудегі басты мақсат-оқушы бойына өз ұлтының төл мәдениетін түсіндіру, сіңіру, сол арқылы сыртқы күштерге, теріс ағымдарға қарсы тұру. Мемлекет үшін жастарға дінімізді, мәдениетімізді түсіндіру де ұлы мақсаттардың қатарынан болғаны абзал. Жасыратыны жоқ жастар арасында ең күрделі мәселе бұл экстремизм мен терроризмнің белең алуы, экстремистік топтардың және лаңкестік әрекеттердің көбеюі. Осының барлығы қоғамдағы діни таным-түсініктің алшақтығынан. Елімізде дін тым асқынып бара жатыр, мешіттер тым көбейіп кетті. Қалаларда діни рәсімдер басым, бұл зайырлы мемлекетке сәйкес емес деушілер кездеседі. Мемлекетіміз  дінге бой ұсынып бара жатыр деп те айтушылар бар. Дін-халық мәдениетінің рухан негізі, баға жетпес құндылығы, байлығы, ежелден келе жатқан мәдениет түрінің бірі. Дін-адамгершіліктің, қайырымдылықтың, ізгіліктің, мейірбандылықтың мықтап орнығуына көмектесетін сенім. Ал, дінді дұрыс, жете түсінбеу қоғамда түрлі сенім негізінде халықтар арасында өзара түсініспеушіліктерге, қарама-қайшылықтарға алып келеді. Еліміздің салт-санасына, әдет- ғұрпына жат түрлі діни ағымның санының артуына жол береді.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы
Омарбаев Бектұрсын