Зайырлылық тарихы, өткені мен бүгіні

0
1139

Қазіргі қоғамда көп талқыға түсіп жүрген мәселенің бірі – зайырлылық түсінігі. Зайырлылық туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүргені де жасырын емес. Кейбір діндарлар оны атеистікпен шатастырып та жатады. Осы шағын ғана мақаламызда зайырлылық туралы аз-кем ой қозғамақпыз. Бүгінгі таңдағы біздің айтып жүрген зайырлылық туралы айтудан бұрын оның тарихына тоқталған жөн болар.

Зайырлылық түсінігі негізінде дін мен мемлекеттің бөлінуін білдіреді. Бұл құбылыс алғашында орта ғасырларда Европа елдерінде көрініс тапқан. Европада бұны «ренессанс» (қайта өрлеу) дәуірі деп те атайды. Жалпы өткен ғасырларда әлемдегі дерлік бүкіл елдер ел басқаруда діни заңдарға негізделетін. Дін үшін соғысып, діни көзқарастары үшін араздасып жататын. Жалпы саясат дінге бағынатын еді. Бұл үрдіс тек Европада ғана емес, бүкіл әлемде үстемдік еткен. Тарихты оқыған әрбір адам бұдан хабардар. Орта ғасырларда Европада дін үстемдік құрып тұрған кезде христиандық дін қызметкерлері ғылым-білімді қолдамады. Тіпті біреу шіркеудің ұстанымдарына сай келмейтін ғылыми жаңалық ашатын болса оны құдайдан безген дінсіз, адасушы деп айыптап, жазаға да тартып отырды. Орта ғасырлардағы  Европаның көрнекті ғалымдары Каперник, Галилейлер де сондай айыптаудың құрбаны болғандардың қатарында. Европада жер-жерде шіркеудің озбырлығына қарсы шығулар көрініс таба бастады. Германиядағы Мартин Лютердің әрекеті соның бір дәлелі. Ол шіркеудің шектен шыққан озбырлығына қарсы шыққан еді. Осы айтылғандардан түсінетініміз, зайырлылық қажеттіліктен туындаған дүние. Яғни христиан діні өкілдері, нақтырақ айтқанда шірекеу қызметкерлері ғылым-білімге, өнерге қарсы болды. Діни түсініктеріне сай келмейтін ғылыми жаңалық ашылса оны құптамады, керісінше қудалады. Сондықтан дін мен мемлекетті бір-бірінен ажырату керек болды. Дін шіркеуде өзінің қызметін жасап, мемлекеттің ісіне араласпау керек делінді.

Европа елдері дін мен мемлекетті бөлу арқылы даму жолына түсті. Тіпті ғылымда қатты ілгеріледі. Әлем халқына көптеген жаңалықтар ұсынды. Олар өздерінің дамуын діннің шектеулерінен құтылғандығынан деп білді. Расында да солай еді. Жиырмасыншы ғасырда Европаның көп елі дін мен мемлекет бөлектігін жариялап үлгерді. Енді олар өздерімен шектеліп қалмай, бұл тәжірибелерін бүкіл әлемге ұсынғысы келді. Олар бүкіл әлемге «егер діннің тұсауынан арылсаңдар біз секілді дамисыңдар» деген үндеу тастады. Дәл осы тұста мұсылман әлемі ғылым-білімде кенжелеп жатқан еді. Батыстық тәжірибені мұсылман елдерінде де жүзеге асыруға құлықтылар пайда бола бастады. Мұсылмандардың ғылым мен технологияда артта қалу себебін діннен деп білгендер де кездесті. Олар Европа елдері секілді дінді тек мешітке қалдырып, ғылымда, саясатта және басқа да ел басқару ісінде Европаның тәжірибесіне сүйенуді алға тартты. Алайда Европа мен мұсылман елдерінің дамудан кешеуілдеп қалудағы себептері бірдей емес екені ескерілмеді. Орта ғасырлық батыс елдерінің аяғына тұсау болған дін болғаны жасырын емес. Ал мұсылмандарда керісінше болды. Олар діннің бұйрықтарын лайықты түрде орындай алмағандықтан кері қалды.

Қалай десек те бүгінгі таңда зайырлылық түсінігі бүкіл әлемде кең етек алды. Ол адамдарды нәсіліне, ұлтына, дініне қарап бөліп жатқан жоқ. Ендігі кезекте бүгінгі күніміздегі зайырлылық туралы айта кеткеніміз жөн.

Біз өмір сүріп жатқан Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп бекітеді. Бұл жоғарыда айтылғандай дін мен мемлекет бөлек екенін білдіреді. Бірақ бұл мүлдем дінге тыйым салады деген сөз емес. Дінсіз адам болса да, дінсіз қоғам болмайтыны белгілі. Сондықтан мемлекет те осыны ескере отырып дінді түбірімен жоққа шығармайды. Халықтың руханиятын қамтамасыз ету үшін дінге белгілі бір дәрежеде қызмет етуіне мүмкіндік береді. Кез-келген дін заң жүзінде ресми тіркеуден өтсе өз қызмет ету шеңберінде жұмысын жасай алады. Халықтың рухани қажеттілігін өтеуге үлесін қосады. Бірақ мемлекеттің ісіне араласпайды. Сәйкесінше егер діни бірлестік заң аясынан аттамаса мемлекет діннің ішкі ісіне кіріспейді. Бізде барлық конфессиялар құқықтық дәреже тұрғысынан бірдей. Ешбір діннің басқа дінге қарағанда басымдығы, артықшылығы жоқ. Ал зайырлылықтың өзі бірнеше бөлікке бөліп қарастырылатын дүние. Мысалы, батыс елдеріндегі зайырлылық бізден бөлектеу. Олар да дін мен мемлекет бөлек екенін бекітеді. Дін мемлекеттің ішкі ісіне араласа алмайды. Бірақ Европада халықтың басым бөлігі ұстанатын дінге мемлекет тарапынан көмек беріп отыратын елдер де бар. Мысалы Германияда шіркеу салығы деген бар. Сол елдің азаматтары төлеген шіркеу салығының негізінде шіркеу тіршілігін жасайды. Испанияда дін қызметкерлері үй салығынан босатылған. Франция да мемлекет дін қызметкерлеріне көмек беріп орырады. Осыған ұқсас тағы басқа да мысалдар бар.

Қорыта айтсақ зайырлылық дегеніміз толықтай дінсіздік емес. Оның түрлері бар. Зайырлылық барша адамның ұлты, діні, жынысына қарамай  барлық адамның заң алдында тең екенін бекітеді. Және олардың құқықтарын сақтауға қызмет етеді. Зайырлылық бүгінгі заман талаба деуге болады.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Әшірәлиев Қабылбек