ШЫМКЕНТ: Конфессия өкілдері бірігіп қайырымдылық жасады (ФОТО)

0
847

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі күніне орай, Шымкент қаласының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қолдауымен қала аумағындағы діни  конфессия өкілдерінің бірлескен қайырымдылық шарасы өткізілді.. 

Игі шара барысында Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты «Өмірлік қиын жағдайға  түскен адамдарға әлеуметтік бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі таңдалып, онда жатқан үйсіз-күйсіз жүрген азаматтарға мерекелік қуаныш сыйлау, қолдау көрсетіп, демеу беру мақсаты көзделді. 

Тұңғыш қолға алынған игі шара барысында Шымкент қаласы бас имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров сөз алып, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлының атынан сәлем айтып, тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Және аталмыш жобаға үлкен қолдау көрсеткен Шымкент қаласы, Дін істер басқармасының басшылығына алғысын жеткізді. 

Жалпы,  шара барысында діни конфессия өкілдері тарапынан 50 кг құрайтын 20 қап ұн,  консерв өнімдері және өзге де азық-түлік түрлері жеткізіп берілді.

Өз ризалышығын білдірген аталмыш мекеме басшысы:  «Орталықта үйсіз-күйсіз жүрген 179 азамат жатады, оларға бір жыл бойы тиісті қызмет түрлері көрсетіледі. Оның ішінде өз-өзіне келгенше медициналық, тәлімдік, психологиялық т.б, көмектер жан-жақты көрсетіледі», —  деді  Мұхит Нышамбаев.

Айта кету керек, алдағы жылы Шымкент қаласы, Дін істер басқармасы тарапынан бірлескен жоспар түзіліп, діни конфессия өкілдерімен елдің бірлігі мен ынтымағына және көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетілетін жоба іске асатын болады.