Жат ағым жарға жықтырар

0
1894

Бүгінде әлемдік мәселеге айналған жат ағымдар біздің еліміз үшін де шетін тақырып еместігі белгілі. Жүздеген ұлттар мен этностың, бірнеше дәстүрлі конфессиялардың басын қосқан еліміздің ерекшелігін теріс мақсатта пайдаланғысы келетін топтардың төбе көтермей қалмасы да айқын.

Дәстүрлі діннен алшақтатып, адамдардың  санасын улап жүрген бұл теріс пиғылды керағар жат ағымдар бактерия, вирус сияқты. Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерде өркен жаяды. Соқыр сенім жетегіне еріп, жат ағымның ығына жығылған азаматтарымыздың қатары көбеюде.

Еліміздің ата заңымен көптеген керағарар діни ағымдарға тыйым салынып отыр. Ресми ақпараттық порталдарда олардың тізімдері де жарияланған.

Бұл жат ағымдардың жекелеген қауіп-қатерлері аз емес. Жалпылама айтқанда, еліміздің береке-бірлігіне, тұтастығына, қоғамымыздың күнделікті өміріне төнген қауіп деуге болады. Жеке өмірі ойрандалып, тағдырлары талқандалған азаматтар қоғам арасында жиі кездесіп отыр. Кез келген деструктивті жат ағым адамды отбасынан, жақындарынан оқшаулау арқылы өз идеялогиясының тұтқынына айналдыруды көздейді. Тіпті, адамдарды өз Отанын мойындамайтын деңгейге дейін жеткізіп, ой-санасынан тәуелсіздікті жоққа шығарады. Сол арқылы өздерінің радикалды мақсаттарына жетелеп, кез келген тапсырманы сөзсіз орындауға дайындайды. Жат ағымдардың ең қатерлі тұстары осы болып отыр .

Дін – мемлекеттің негізін құраушы басты фактордың бірі болғандықтан, ол елдегі ішкі тұрақтылықтың кепілі. Ауызбірлік, елжандылық, бейбітшілік пен тыныштық – асыл дініміздің басты мұраты. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, халқымызды, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Жат ағым жарға жықпасын десек, бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, онымен сырласып, ішкі жан дүниесін түсініп оның көзқарастары жайлы әрдайым хабардар болған абзал. Әсіресе, ата-аналар балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, діни ақпаратты дұрыс дерек көздерден алуға кеңес бергені жөн. Егер ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсете алмаса, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін.

 Діни білім алу қажеттілігі туындаған кезде, бір діни мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, арнайы дін мамандарынан кеңес сұрағанымыз абзал.

Дін өз бетімен үйренетін құндылық емес. Бұл деген дін қолжетімсіз дүние деген емес, керісінше, арнайы оқу орындары, мешіттерден, осы дін саласының мамандарынан үйренсе – дін жеңіл болумен қатар, сенімді құндылыққа айналады. Ал егерде діни сауатты бейтаныс ақпарат көздерінен, не болмаса бейтаныс өздерін ғана ақылды санайтын, дін үйретушілерден алатын болсақ, соңы қасіретке апаруы мүмкін.

Әрбір азамат өзі дұрыс діни ақпараттармен өзінің имани иммунитетін күшейтіп, өзіне рухани сүзгі қалыптастырса, дінді сенімді қайнарлардан үйреніп, дұрыс ақпараттармен сусындаса жат ағым ықпалына еріп кетпейді. 

 Әр адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат.

Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Деструктвті діни ағымдармен күрес тек мемлекетке керек деп ұқпауымыз керек. Ол қауіпті жаумен әрқайсымыз аянбай күреспесек, еліміздің, болашақ урпақтың тағдырына қауіп төнбек.

Егемен еліміздің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық парызымыз екенін жадымыздан шығармайық!

Кундебай Нұржан,
ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,  дінтанушы