Кереғар діни ағымдардың қоғамға кері әсері

0
1350

Кереғар  діни ағымдардың ара-жігін ажырата алмайтын адамдар қоғамымызда әлі де көптеп кездеседі. Заң аясында жұмыс істеу дәстүрлі діндерде қалыпты құбылыс, кереғар  діни ағымдардың іс-әрекеттерін бақылап отыруға тура келеді.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде түрлі сипаттағы уағызшылар көбейді. Олардың ниеттері де белгілі.

Кереғар  діни ағымдардың көздеген мақсаты – адамды айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кереғар  діни ұйымдарындағыларға салқын санамен ойлау, ой қорыту қабілеті мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз. Осы орайда, бейімделгіш жанды ерекше қаһармандықты жасауға, не болмаса қатыгездікті талап ететін әрекеттерге оңай айдап салуға болады. Мұндай жағдайда жүрексіну, тіпті өзін-өзі сақтау инстинктіне де бағынбауы ықтимал. Себебі ол өзін шексіз күшті сезінеді. Тағы бір айта кетерлігі, бейімделгіш жандар аңғал, сенгіш келеді. Оларды алдап-арбау, қандай да бір теріс мақсаттарға қолдану дәстүрлі емес діни ұйым көсемдері үшін аса қиын шаруа емес. Себебі жүйкесі, ойлау қабілеті зақымданған адамдар шындық пен өтіріктің арасындағы алшақтықты айыра алмайтындықтан, уағызшылардың айтқанына тез бой алдырады. 

Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдар қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар дәстүрден тыс діни ағымдар, дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біледі. Алайда, олар өздерін адамның рухани қажеттіліктерін өтейтін, өмірдің мәнін ұғынуға көмектесетін, рухтың мәңгілік екендігін түсіндіретін, пендеге тән қайғы-қасіреттерден құтқарып, өзін-өзі жетілдіруге ықпал ететін адам ретінде көрсетуді шебер меңгеріп алған. Олар діни сауаты жетіле қоймаған, өмірлік бағыт-бағдары жаңа қалыптасып келе жатқан жастарды алдау-арбау арқылы өз қатарларына тартады.

Дін мәселесі нәзік мәселе. Сондықтан, азаматтарымыз осы мәселеге қырағылық танытса, онда кез келгеннің ұтары көп болар еді. Әсіресе бүгінгі ең өзекті тақырыптардың бірі салафизм ағымына қатысты мәселені айтуға болады.

Бүгінгі «салафизм» ағымының ешбір ғылыми мазмұны да, мұсылман жамағатына сәйкесетін тұсы да жоқ. Біз білетін бір ғана анық нәрсе –  «салафия» сөзі тек қана тарихтағы «өткен уақыт бөлігін» білдіретіндігі. Бұған бар қоса алатынымыз Мұхаммед пайғамбардың ол кезеңді абзалдықпен сипаттағандығы. Ал бүгінгі таңда өздеріне «салафизм» деп ат беріп,  Исламның қайнар көзі Құран мен сүннетті шынайы түрде ұстанған мұсылмандардан өздерін ажыратып тұратын белгі, ерекше сипат ретінде қолдануда. Олар кез келген мәселеге қасарысып қатып қалған. Керісінше, Исламның алғашқы үш ғасырлық дәуірінде өткен алдыңғы толқын мұсылмандардың сөздерінде, күнделікті істерінде қатып қалмағандығы тарихтан белгілі. Алдыңғы толқынның Құран мен хадисті түсінуде ұстанған жолдары –діннің ішкі ғылым саласы екендігін аңғаруға болады. Бұл – мұсылмандардың Исламды іс жүзінде асырудағы ұстанатын жолы, төрт мәзһаб осы ғылым аясында құрылған. Сондықтан, бүгінгі салафизм идеологиясы Хақтың нақ жолынан алыс екенін көреміз.

Олар өздерін ислам әлеміндегі түрлі халықтың этномәдени, тарихи және өзге де ерекшеліктеріне негізделген барлық «жат», «кірме» түсініктер мен тәжірибелерден тазарту жолында күрес жүргізуді өздеріне міндет етіп қойған.  Салафизм исламдағы барлық жаңалықтан бас тартуды, әуелгі догмаларға қайта оралып, оның қатаң түрде, дәлме-дәл  орындалуын талап етеді. Олар үшін дамудың кез-келген түріне жол жоқ. Тіпті, жиһад ұғымын бұрмалап, оны қарулы күрес ретінде, біржақты ғана ашықтайды. Сондай-ақ, олар бұл күресті барлық мұсылмандардың өмір сүруінің жалғыз, әрі шынайы формасы ретінде  қоғамға таңып қояды.  Ал жиһадтың дәстүрлі мағынасы – өзіңнің бойыңдағы нәпсілік кем-кетіктеріңмен күресу болып табылады. Сонымен қатар Құдай мен құл арасындағы кез-келген «дәнекерлікті» жоққа шығарады. Осылайша барлық сүннет жолын ұстанған  мәзһабтармен қақтығысқа түседі.

Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.

Әлемде дінді саясатқа айналдырушылар аз емес, соның салдары біздің де елге жетті. Оның зардаптары қашанда ауыр. Олар ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіруімен бірге, ондаған, жүздеген тағдырлардың күйреуі мен  шаңырақтардың шайқалуына себепкер. Ал мемлекет өз азаматтарының рухани-адамгершілік саулығына қандай да бір деструктивті идеологияның қауіп төндіруіне және діни  радикализмге жол бере алмайды.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Тыныштық Байманова