Ақпаратты тікелей қабылдау — діни фанатизмге апарады

0
2804

Құрметті оқырман, ғаламтор өздеріңізге мәлім болғандай, қарапайым тілмен айтқанда дүниежүзін байланыстыратын желі.

Ғаламтор кез-келген пайдасы мен зияны қатар жүретін күрделі құбылыс. Қазір бізге керегі ғаламтордың пайдасын арттырып, зияндығынан алыстау.

Ғаламтор арқылы әрбір адам кез-келген уақытта және қай жерде болмасын, қалаған мәліметіне қол жеткізе алады. Өкініштісі, ғаламтор пайдалану мүмкіншлігі елімізде пайда болғаннан бастап, қандастарымыз, отандастарымыз, үлкен кішісі бар, әсіресе жастарымыз мазалаған сұрақтарына жауапты кітаптан іздемей, түсіндіретін ғалымдардың кітаптары мен еңбектері қажетсіз болып отыр. Еліміздегі «Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасына» қарасты мешіт, медересе сияқты білім ордаларында оқымай, білім алмай ғаламторға жүгінетіндері айдан анық, баршылық.  Алайда абай болмасақ ғаламтор уақытымызды босқа кетіруі, жалған мәлімет беруі, діни экстремизмге, тіпті азғындыққа итермелеуі мүмкін екені жасырын емес. Ғаламтор белгісіз виртуалды шейхтердің, құзырсыз радикалдық топ басшыларының үндеулеріне, өз білімсіздігі мен фанатизмдеріне мас болған ой-пікірлеріне толы. Қандай мәлімет болсын, діни білімі болмаса, алып жатқанды сараптай алмай,  дұрыс бұрысын ажырата білмейтін халде болады.  «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» болатынын естен шығармағанымыз жөн.

Әрине жастарымыз ғаламторды білім негізі деп алса, соның салдарынан теріс мәліметтерге тап болып, психологиялық өзгерістерге ұшырайды. Экстремистік сайттар адам санасын улап, отбасы мүшелерінен теріс айналуға себепкер болып, өз идеологиясын тықпалап жатады. Соның салдарынан әрбір сақалдыны, намаз оқитын адамды көргендер, қорқыныш, үреймен өздерін алшақ ұстауға тырысады. Тіпті дәстүрлі, екі дүние бақытына жеткізетін дінімізден алыстап, уақыты келгенде құлшылығымызды жасармыз дейтін шешімге келіп жатқандарда бар. Бұл, сұрақтарына жауапты тек ғаламтордан алып, ізденісі, білімі болмай уланып, кереғар ағымдардың қатарында болғандардың кесірі деп толыққанды айта аламыз.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Біз бұқара санасындағы діншілдіктің артуына әзір болуымыз керек, онда тұрған қатерлі ештеңе жоқ. Жалпы дін өздігінен өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңе үйретпейді. Жалғыз-ақ, бізге қауіп төндіретіні діни біліміміздің деңгейі онша жоғары болмай отырғаны», -дейді.

Дін адамзатты әділдік пен махаббат жолына үндейтіндігі белгілі. Бірақ діни білімсіз, сол әділдік пен махаббатқа жету мүмкін емес.

Даналарымыздың нақыл сөздері, тәрбие жолы ертеден  асыл дінімізбен ұштасып келген.

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді.
(Төле би)

Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
(Ахмет Байтұрсынұлы)

Ғаламтордан қандайда діни сайттарды кездестірсеңіз, бірден қабылдамай, ол сайттың сенімділігіне, жазылған мәліметтердің қаншалықты дұрыс, растылығына көз жеткізіңіз. Олай болмаған жағдайда, зиянды ақпараттардың арты өкініш пен қайғыға ұласады. Оған дәлел ретінде шет елдерде діни білім алғандардың жағдайлары, деструктивті діни ағым жақтаушы азматтардың баршылығы,  қандастарымыздың Сириядағы жағдайларын т.б. айтсақ болады. Алды бас бостандықтарынан айырылса, кейбірі зайырлы қоғамнан алыстап, дәстүрлі құндылықтардан ұзақтап, психологиялық тұрғыдан әбден шаршаған. Мысал ретінде айтар болсақ: 2019 жылы «Жусан-1,2,3» операциясы аясында террорлық аймақтардан елге оралған азаматшалар мен балаларын айтуға болады. Олардың көрген азаптарын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қандасымыз, отандасымыз болған соң, жаның ашып, жүрегің жылайды. Қуантарлығы, оңды істердің бірін ғана айтар болсақ, Шымкент қаласы аумағында, аталмыш «Жусан» операциясы аясында елге оралған азаматшаларды зайырлы қоғамға бейімдеу, дәстүрлі құндылықтарына баулу мақсатында,  Шымкент қаласы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-ның білікті теологтары мен психологтары діни-танымдық, психологиялық, теологиялық сұхбаттар жүргізіп,  тарихи-мәдени орталықтарға экскурсия жұмыстары, азамтшалардың ұл-қыздарын ойын-сауық орталықтарын тамашалатып, кинотеатрда анимациялық фильмдер көрсету т.б. жұмыстары жүргізіліп, оңды нәтиженің көрсетуі. Бұнымен тоқтап қалмай, кереғар діни ағымдағы азаматтармен т.б. оңды нәтижелі жұмыстар жалғасуда.

Кез-елген мәліметті , әсіресе дін тақырыбындағы мақалаларды оқығанда төмендегі  мәселелерге назар аударыңыз:

  • Осы мәліметтің авторы кім?
  • Оған сенім артуға бола ма?
  • Мәлімет не мақсатпен жарияланды?
  • Мәліметтің мазмұнымен бірден келісе салмаңыз!
  • Ол мәселеге бір жақты қарап отырған жоқ па?
  • Автор мәліметті қайдан алған?
  • Бұл ескіріп қалған мәлімет емес пе?
  • Мақалада негізге алынған ғалымдар?

Тағыда басқа осындай мәселелерге мән берген жөн. Ендеше, ғаламторды шектен тыс қолданып, шырмауына байланып, оған тәуелді болып кетуден аулақ болайық.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Таутаев Қуаныш