Зайырлылық — түркі ислам өркениетінің мәні

0
946

«Зайырлылық» сөзі қазақ тіліндегі «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. Орыстың «светский» сөзі «зайырлы», «бейтарап» деген мағыналарға саяды.

«Зайырлылық» ұғымы латын тіліндегі «laicus» (лаицизм), «seacularis» (секуляризация) сөздерімен үндеседі. «Саясаттың діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы» деген мағынаны береді. «Зайырлылық» ұғымының ауқымы кең. «Зайырлылық» біздің мемлекеттің барлық салаларына, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни, зайырлылық-дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, мемлекеттің діни емес, құқықтық қағадаттармен басқарылуы. Зайырлы мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси және құқықтық негізгі жүйесінің діни қағидалардан бөлек екендігін көрсетеді. Бүгінде тәуелсіз еліміз өркениетті әлемге айналып, қасиетті де киелі құндылығымыз егемендік халқымыз үшін жаңа өрлеу жолын ашты.  

ҚР Конституциясының 1–бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең басты қазынасы-адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бекітілген. Бұл мемлекет пен оның түрлі наным-сенімге, әдеп-ғұрып, діни ұстанымдағы азаматтарының құрған қоғамдық ұйымдарының ара-қатынасын реттеу жолы. Алайда, зайырлы мелекеттің классикалық үлгісі дегенде біржақты көзқараспен қарау қателік болар. Әр мемлекет өзінің азаматтарының тарихи-мәдени ортадағы қастерлі құндылықтарының тарихи мәні мен ел, ұлт тұтастығының негізінен адастырмайтын жол іздейді. Ғасырлар бойы жинақталған орасан зор тәжірибелер мен қоғам дамуы талаптары тудырып отырған басты өлшем-қасиетті Құранда дәріптелген әділдік, теңдік, заңдылық аясында ғана әрекет еткен. Құқықтық мемлекеттің негізгі принциптері азаматтардың дініне, тіліне, нәсіліне, азаматтығына қарамай оның құқықтарын толығымен қорғауы қажет. Яғни өміріне қауіп төндіретін қызмет атқару, демалу, білім алу, танысу мүмкіндіктеріне қайшы келетін жат пиғылды іс-әрекеттерге тыйым салынуы қажет. Зайырлылық кездейсоқ пайда бола қойған жоқ. Ол адам баласына Алланың берген азаттығын, қалау еркіндігін Құдай тағаланың әділ жолын іздеу барысындағы талпынысының нәтижесіндегі жеткен жетістігі.

Зайырлылықтың түрлі үлгісі бар. Бұрынғы ұстаным – үлгілерде дінге тыйым салып, Құдайсыз қоғам құру мақсатындағы мысалдар оның көне, жабайы, тұрпайы түрлерінің бірі болса, бүгінгі үлгі адамазат қоғамын түрлі текетірестер мен қырғи-қабақ соғыстардан сақтай алатын жолға түсе білді. Тарих беттеріне қарайтын болсақ, қазақ хандығының саяси жүйесінде ешқашанда біржақты теократиялық үлгідегі көзқарас болған емес. Бүгінде еліміздегі тыныштықтың кепілі Конституция болса, ертеректе «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» аталған заңдар жүйесі ел ішіндегі елдікті, қауіпсіздікті, рухани-мәдени, тарихи-әлеуметтік ортаны сақтап, адам тәрбиесі мен оның құқықтарын қорғап отырған. Қазақ қоғамында да өзге әлем діндарлары арасындағы сияқты діни зерде ақыл-ой, сенім, ғибадат, тәрбиелік мәні зор асыл мұра саналып, оған ұлттық зиялы қауымы жанашырлық сипатта ғана емес, одан әсте биік әрекетшіл биік парасат деңгейінде қарай алғанына тарих куә.

Елбасы Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл-біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлылық дегеніміз бұл-озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз» деп атап көрсеткен болатын. Осы жолды ұстана отырып, діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт елде қатар өмір сүруі, ең алдымен заңға бағынған өз халқының салт-дәстүріне құрмет көрсететін және діни радикалды, деструктивті идеологияны қолдамайтын азаматтардың көрінісінен туындаған қоғам екендігін ұмытпайық.

Гүлбану Қуандық
дінтанушы