Рухани келсім — зайырлы мемлекет тірегі

0
1363

Еліміз – бірлігі жарасқан көп ұлты мемлекет. Қазақ халқы әрдайым бей­біт­­шілікті, татулықты жоғары ба­ғалаған. Өзгелерге көмегін ая­маған, адалдықты мейірімді жо­ғары қойған елміз.  Осы игі қасиет  ұлтымыздың бойынан өшкен жоқ. Елбасымыздың сындар­лы саясатының арқасында бей­біт­шілік пен достықты нығай­ту­дың жарасымды үлгісі қаланды. Бүгінгі бе­рекелі күнге бірліктің арқа­сында жетіуіміз.

Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз – Исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, т.б. көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешеніне айналды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген.

Зайырлылық түсінігінің ауқы­мы кең. Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігі. Зайырлылық қағидаты – діни догманы мемлекеттен алшақтату, бірақ дінді қоғам өмірінен ажырату емес. Зайырлылықтың құндылықтар жүйесі адамның ойлау мәнері мен машықтарынан бастап киім үлгілеріне дейінгі мәдени феномендерді қамтиды. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлек болғанмен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлек емес. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы әрі рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орнаған.

         Тарихтың қозғаушы күші – рух пен сана, рухани қуат екені белгілі. Жеке тұлғалардың,  бүкіл ұлттардың тағдыры мен белсенділігі, оның болашағы – осы рухани қуатқа ие болуына және де сол рухани қуаттың қандай дәрежеде болуына тығыз байланысты.  Адамның сана-сезімі, дүниетанымы, тіпті азаматтық позициясы өзгеше қалыптасады. Шын таза діндар азаматтар мемлекетке ерекше құрметпен қарайды, билікті мойынсұнады, отаншыл келеді. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі. Ал ел бірлігі мықты болса, онда мемлекет те мықты, оның іргесі де берік. Біздің ел саясатының басты бағыты да осы. Байқағанымыздай, зайырлылық пен руханият бір-біріне қайшы келмейді, себебі зайырлылық ұғымы – мемлекет басқару формасы, барлығына ортақ қағида – азаматтардың заңға бағынып, заң алдында тең болуы. Ең бастысы, зайырлылықтың идеологиялық негізі жоқ.

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз» деп атап көрсетті.

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы:  Н.Тойшиев