Исламда бүлік шығару харам

0
1594

Кез келген мемлекеттің гүлденуі, өркендеуі,  бірінші кезекте экономикалық, табиғи рисурстарына емес ішкі тұрақтылығына, ауызбіршілігіне байланысты. Мемлекет өте кедей болуы мүмкін, алайда айрандай ұйыған ауызбіршілік, ынтымақтың арқасында  кез келген қиыншылықтарды жеңеді. «Байлық байлық емес, бірлік байлық» демекші, қазақ халқының басына түскен талай қысылтаяң кездерде осы бірліктің арқасында жол тауып отырған. Ал жүз-жүзге, ру-руға, ұлыстарға бөлініп, әркім өз пайдасын көксегенде кесапатқа, жаудың қолынан қырғынға ұшыраған.

Ислам тарихына көз жүгірткенде бүліктің мұсылмандардың бірлігі мен қуатына қаншалықты зиян тигізгеніне куә боламыз. Сондықтан, Құран Кәрімде: «Фитнә адам өлтіруден де жаман» делінген (Бақара: 191). Сонымен қатар, Құранда бүлік шығарушылардан болмауды ескертіп: «Алла тағала бүлікшілдерді жақсы көрмейді» деген (Мәида: 64).Тағы бір аятта «Бүліктен сақтаныңдар» деп, ескертсе (Әнфал: 25), мына аятта «Жер бетінде бүлік шығарғандарға лағынет болсын» (Рағыд: 26) деп ескерту арқылы бүлікке араласудың соңы қандай болатындығын баяндаған.

Ислам тарихында басшыға қарсы шығу бір мәрте ғана болған және ол жамағатқа кері әсерін тигізген. Мұсылмандарды Хажжаж Юсуф деген залым патша басқарған кезде көптеген әділетсіздіктер орын алып, ғалымдар жазықсыз жазаланып, елдің мазасы қашқан кез болған.  Хасан  Басриге ал-Ашас деген кісі келіп залым патша туралы ойың қалай деп сұрапты. Сонда Хасан Басри айтыпты: «Егер де, бұл Алла Тағаланың бізге жіберген жазасы болса, сен оны қылышыңмен қайтармақшысың ба?. Ал, егер бұл Алланың сынағы болса сабыр ету керек» дейді. Сол кезде ел ішінде бүлік, шығарғысы келген ал-Ашас оның жауабына ашуланып, «Сен жабайы есексің» деп ғалымды айыптапты. Сол соғыста көптеген ғалымдар, қарилар қаза болған. Ғалымдар «Бүлік  болайын деп тұрғанда ғалымдар көреді, ал болғаннан кейін барлық адамдар көреді», – деген.

Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтап күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті – өзара ұрыс-керіс жасап өзгелерді діннен үркіту емес, керісінше, бірлік-ынтымақты дамыту арқылы өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Сонымен қатар исламда зорлық жоқ. Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» Бақара сүресі, 256-аят, – деп Алла тағала анық түрде баян етті. Сондықтан әрбір мұсылман пенде өз дінін бойына сіңірген көркем мінез арқылы насихаттап, қоғамдағы бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.

Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату – әрбір мұсылманның міндеті. Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистері біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін жеке мүддеден бас тарта білу иманның кемелдігіне жатады. Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді И слам дінінің де ең басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап ететіндігінде. Осыған қатысты Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» «Ниса» сүресі 59- аят) деген.

Бүгінгі күнде әлем бойынша тыныштық пен тұрақтылық маңызды мәселе болып көтерілуде. Біздің еліміз үшін де тыныштық пен тұрақтылық басты құндылықтардың бірі. Күн өткен сайын бұл құндылықтың маңызы арта берері сөзсіз. Сондықтан еліміздегі әрбір азамат бұл құндылықтың жауапкершілігін сезініп, түсіне алса ел тыныш,  ауызбіршілігі берік болады.

Шахобов Саъдинқожа, ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы.