Конфессиялық қатынастарды әлеуметтік зерттеу

0
1211

Әлеуметтану — қызықты және іс жүзінде маңызды ғылым. Ол қоғамда және адамдар арасында не болып жатқанын, әлеуметтік өзгерістердің қалай жүріп жатқанын, өмірдің әр түрлі ағындарының нәтижесі қандай болатынын білуге мүмкіндік береді. Әлеуметтану ғылымы қоғамның түрлі жағдайларда мақсаттары мен мүддесін, болжам нәтижелерін айқын түсіне отырып саналы түрде алға басуына жәрдемдеседі. Жалпы айтқанда әлеуметтану қоғамдағы барлық салаларды, оның ішінде экономика, саясат, дін, ғылым-білім, мәдениет және т.б. көптеген салаларды зерттейді. Әлеуметтану қоғамдағы құбылыстарды зерттеу үшін бірнеше әдістерді ұсынады. Олардың негізгі кең тараған және сапалы әдістері әлеуметтік сауалнама, фокус-топ, контент талдау болып табылады.

Дін – әр қашанда қоғамның маңызды бөлшегі болып саналады. Дін мен адамдар арасындағы қатынас үздіксіз, ұдайы дамып отырады. Сондықтан да, әлеуметтану ғылымы дінді назардан тыс қалдырмаған. Дін әлеуметтануының неігізін еуропалық әлеуметтанушылар Э.Дюркгейм мен М.Вебер қалаған. Э.Дюркгеймнің (1858-1917) көзқарасы тұрғысынан дін қоғамның ынтымақтастығы мен оның тұтастығы үшін маңызды әлеуметтік қажеттілікке жауап береді. Діннің шығу көзі — қоғамның өзі. Ол дінді қасиетті немесе қарапайымнан бөлінген тиым салынған заттарға қатысты сенімдер мен нанымдардың тұтас жүйесі ретінді анықтайды. Олар артынан ерушілердің барлығын шіркеу (ғибадат орнына) деп аталатын моральдық қауымдастыққа біріктіреді. Ол әлеуметтік сезімді оятады, ұжымдық көзқарастарды қалыптастырады. Дінде адамдарға тән жай заттарды құдай деп тану қасиеті жүзеге асады, оларға қасиетті мән беріледі, соның арқасында олар қоғамды тұтас ортаға топтастыру қызметін атқара алатын болады. Олар салт-жоралық әрекеттердің, құрметтеудің, ізгілік көрсетудің ерекше объектісіне айналады. Жалпы айтқанда дін – қоғамды бір топқа біріктіруші фактор болып табылады.

Қазіргі уақытта діни жағдайды бақылауда ұстау өте маңызды. Себебі адамдардың әртүрлі діни түсініктерінен, не болмаса діндердің саясилануы, кейбір топтардың классикалық діндерді бұрмалау арқылы өз мүдделерін кездеуі, және тағы басқа фокторлардың әсерінен дінге адамдардың қатынасы өзгерді. Сол себепті әлеуметтану ғылымы конфессиялық қатынастарды әлеуметтік тұрғыдан зерттей бастады. Ондағы мақсат – адамдардың діншілдік деңгейін, дін ұстанушы адамдардың өзге дінге деген көзқарасын және ең бастысы, қоғамдағы діни тұрақтылықты анықтау болды. Осы арқылы дінге адамдардың қатынасын анықтай отырып, қоғамдағы өзгерістерді, діни мәселелерді алдын ала біліп, оның шешу жолдарын ұсынады. Бұл өз кезегінде қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосады.

Діни қатынастарды әлеуметтік зерттеуде сауалнамалық әдіс тиімдірек болып саналады. Себебі, әлеуметтік сауалнамада зерттеуге көбірек және түрлі саладағы адамдар қатысады. Мысалы ретінде белгілі бір қаладағы конфессиялық қатынастарды зерттейтін болсақ, ең біріншіден алғашқы статистикалық мәліметтер жинақталады. Зерттеу жүргізілетін қала тұрғындарының жалпы саны анықталып, іріктеу жұмыстары жасалынады.

Зерттеу нысаны туралы ақпараттар жинақтап, сауалнама құрастырылады. Сауалнамадағы сұрақтар ықшамды, халыққа түсінікті және ең бастысы зерттеу нәтижесінде мол ақпаратқа қол жеткізетіндей болуы керек. Сұрақтар мен қоса міндетті түрде жауап нұсқалары көсетілуі тиіс. Сауалнамадағы сұрақтарды жасауда респонденттердің психологиялық көңіл-күйін де анықтау қажет. Конфессиялық қатынастарды зерттеудегі ең маңызды сұрақтар «Сіздің дінге қатынасыңыз?» (дінді ұстанасыз ба?), «Сіздің өзге діндерге көзқарасыңыз?», «Қалаңыздағы діни ахуалды қалай бағалайсыз?» және тағы басқа осы секілді сұрақтар болып табылады. Зерттеуге қатысқан респонденттердің белгілеген сауалнамаларын арнайы SPSS программасына енгізу арқылы пайыздық есебі шығарылады. Анықталған пайыздық есеп арқылы, арнайы мамандардың талдауынан өтіп, зерттеу қорытындысы жазылады. Осылайша конфессиялық қатынастарды зерттеп, анықталған мәселелерді көрсетіп, оларды шешу бойынша ұсыныстар жасалады.

Б.Жүнісов Шымкент қаласының дін істері

басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ әлеуметтанушысы