Қазақстандағы конфессиялардың қызметі

0
1741

Қазақстан – көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін жаңа мемлекет ретінде қалыптасу барысында түбегейлі түрлі жаңарулар орын алды. Қазақстандағы саяси жүйенің жаңаруымен елеулі ықпалы болатын азаматтық қоғамның да осы жылдары құрылымы кеңейіп, қызметі дами бастады. Осы орайда діни ұйымдардың рөлі ерекше екенін атап өтуіміз керек. ҚР Конституциясының 1-бабында көрсетілгендей, елімізде зайырлылық жарияланып, 2011 жылдың 11 қазанында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданғаннан кейін елімізде дәстүрлі және дәстүрлі емес діни бірлестіктер тіркеліп, өз қызметтерін жүзеге асыра бастады. Республикамызда көпэтникалық және конфессионалды Қазақстан халқының діни мүддесін білдіретін 18 конфессияның өкілдері бейбіт қатар өмір сүреді және өзара әрекеттеседі.

Қазіргі уақытта еліміздегі конфессиялар – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, Қазақстан Республикасындағы Митрополит округі, Қазақстандағы Рим-Католиктік шіркеуі, Қазақстандағы Иудаизм, Қазақстандағы Буддизм  бейбітшілік пен келісімді және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Олар  мәдениеттер мен дәстүрлердің және көзқарастардың әралуандығына қарамастан, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында, бейбітшілік пен татулық үшін мәдени, діни іс-шараларды «Бейбітшілік пен келісім сарайында» келісе отырып жүзеге асыруда.

Қазақстандағы діндер өз тәжірибелерімен және қоршаған ортаға деген көзқарастарымен еркешеленетін, түрлі сенімдерді ұстанатын түрлі ұлыстар, тіл, мәдени және әлеуметтік топтағы адамдармен қамтылған. Көп ұлт пен ұлысты және әртүрлі конфессияларды құраған зайырлы мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі – халықтың рухани сұранысына жауап беретін діни құндылықтарға көңіл бөле отырып, осы салада келелі қызметтер атқару.

Зайырлылық ұстанымы бойынша дін мемлекеттен бөлінгенмен, қоғамнан ажырамайды. Дін – халықтың, тұтас қоғамның ажырамас бөлігі. Дін – кез-келген ұлттың болмысын, тарихын және дүниетанымын қалыптастыруда маңызды мәнге ие. Ал зайырлы мемлекет өз кезегінде түрлі конфессияға тән  діни бірлестіктердің қызметін заң қағидасына сай реттеп отырады.

Мемлекеттің зайырлылық сипаты діни бірлестіктердің қоғамдық өмірден, әлеуметтік үрдістерден, ең алдымен, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және сол сияқты басқа  салалардан оқшаулығын білдірмейді.

Қазақстан халықтары  Ассамблеясының мерейлі ХХ сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біздің қоғамның тұрақты дамуының берік кепілі – мемлекетіміздің зайырлы қағидаттарын терең зерттеу болып табылады. Дін – бұл адамның жаны мен әдебінің аясы. Әрбір дін өкілінің уағыздайтын жоғары адамзаттық құндылықтары мемлекет тарапынан әрқашан қолданып, құрметтеледі», деді.

Діни ахуалдың тұрақтылығы – еліміздегі ішкі және сыртқы қауіпсіздіктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, бірлік пен татулықтың және бейбітшіліктің кепілі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы Жарлығына сәйкес ҚР Дін істері агенттігі (қазіргі Дін істері комитеті) құрылды. Агенттік азаматтардың дін ұстану бостандығы құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара іс-әрекеттестік саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша ұсыныстар жасау; елімізде азаматтардың дін ұстану бостандығы құқықтары және діни бірлестіктердің, миссионерлердің қызметі саласында болып жатқан үрдістерді жан-жақты және объективті түрде зерделеу, жалпы қорытынды және талдау жасау, сонымен қатар еліміздің діни ахуалын тұрақтандыру мақсатындағы қызметтері мен міндеттерін атқаруда.

Дін саласын реттейтін қолданыстағы  заңнама ережелерінің мүлтіксіз орындалуына бақылауды қамтамасыз ету арқылы қоғамда бой көрсетіп отырған жат діни идеялардың таралуына пәрменді тосқауыл қоюды жалғастыра беру қажет.      

Еліміздегі әр азаматтың ортақ парызы – дінаралық келісімді, этноаралық татулықты сақтау. Сондықтан осынау істің басы-қасында елдегі тыныштықты, бейбітшілікті қалайтын әр азаматтың жүруі және оған жан-жақты атсалысуы тиіс  деп білеміз

Әсет Әссанди
журналист