БАС МҮФТИ ЖАСТАРҒА: ҚОҒАМҒА ПАЙДАЛЫ ТҰЛҒА БОЛЫҢЫЗДАР

0
777

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облысына жасаған ресми сапары барысында Ақтаудағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінде болып, студенттерге осылай деді.

«Сіздерге айтар ағалық кеңесім: ең бастысы, тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, қоғамға пайдалы тұлға болыңыздар. Әр студент өзі таңдаған мамандығын кәсіби тұрғыдан меңгеріп, еліміздің өркендеуіне қызмет етуі керек. Әр азамат өз миссиясын ұқыпты, мұқият, адал атқарса еліміз өркендеп, болашағымыз баянды болмақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде», – деген.

Жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай, әуелі халықтың пайдасын ойла, сенің пайдаң соның ішінде. Алла Тағала баршаңызға жар болып, екі дүние бақытын нәсіп етсін!» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы