АЛҒЫС АЙТУ – АСЫЛ ҚАСИЕТ

0
678

Күллі әлемнің иесі Аллаға мақтау, мадақтар болсын. Әлемге қамқорлық әрі ескертуші ретінде жіберілген әлемнің ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сәлем әрі салауат   болсын!

Шуақты көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.

1 наурыз елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылығын білдіреді.

Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылдың 14 қаңтарында ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады. Міне, осы күннен бастап жыл сайын мереке ретінде өткізіліп келеді. Алғыс айту мерекесі күні туралы ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, яғни  1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді«, — деген болатын.

 Осы орайда,  қасиетті  Құран Кәрімде:    «Сонда Мұса өз еліне: «Алланың сендерді Перғауынның әулетінен құтқарып, өздеріңе жасаған игілігін еске алыңдар. Олар, сендерді – ұлдарыңды бауыздап, әйелдеріңді тірі қалдырып, ең жаман азапқа салатын еді. Міне, осында сендерге, өздеріңнің Раббыңнан үлкен сынақ бар»,-деген еді. Әрі сонда сендердің Раббың: «Егер шүкір етсеңдер, сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер, шын мәнінде азабым өте қатты»,-деп жариялады»,- [1]  деген аят Мұса пайғамбар халқының басынан өткерген адам төзгісіз қиыншылықтарынан Жаратқан Алла құтқарғандығын ескерте отырып, тұтастай бір елдің бейбіт өмір сүруі өлшеусіз бақыт екенін жеткізуде. Ал, осы мамыражай шуақты күндердің баянды болуы шүкіршілікпен жалғасын табатыны да айтылуда.    Алғыс айтуға қатысты, жоғарыдағы Құран аяттарына мәндес Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) –ның хадистерінде баян етіледі: «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» [2].   «Адамдарға алғыс (шүкір) айтпағанның, Аллаға алғысы (шүкірі) жоқ.»,  – десе [3], енді бір хадисінде: «Сендерге жақсылық жасағанға жақсылығына сай оған да жақсылық жасаңдар. Оның жасаған жақсылығына тең келетін нәрсе таба алмасаңдар, теңестіргенге дейін оған дұға етіңдер.» – деп, сахабалары мен үмметін сыйға сый жасауға шақырады [4].

Хазірет Әли (р.а.) былай дейді: «Кейбіреулер бір нәрсе тілеп құлдық ұрады. Бұл – саудагердің құлшылығы. Баз біреулер қорыққанынан құлшылық жасайды. Бұл – малайдың құлшылығы. Тағы біреулер шүкірлік жасау үшін құлшылық етеді. Міне бұл – күллі жағымсыз істерден аулақ түрде жасалған, таңдаулылардың (хауастардың) құлшылығы», — деген екен [5].

«Алғыс алған арымас, Қарғыс алған жарымас»,  — деген дана ата-бабаларымыз. Мұнда алғыс алудың бақыт пен жақсылықтың бастауы екендігін ұрпақ санасына сіңірген.

Түйін

Сөзімізді түйіндей келе, өзара алғыс айту адамдар арасындағы сенімді, сыйлайтықты арттыратын құрал. Адамның жан дүниесін тазартатын, жүргін жұмсартатын, мейірімін оятатын сауапты іс. Әсіресе, бір мүддеге негізделген, бір құндылықты бөліскен, бір мекенді ортақ Отан еткен адамдар арасындағы алғыс пен сыйластық қоғамның рухани тыныштығына, бауырмашылдыққа, Алланың ризашылығына қауыштыратын амал. Сондықтан, айналамызға алғыспен қарау, басымызға келетін көптеген қарғыстан құтылудың жолы екендігін естен шығармағанымыз дұрыс!


[1] (Ибраһим сүресі, 6-7 аяттар)
[2] (Тирмизи, Бирр (жақсылық), 35; Әбу Дәуіт, «Әдеп», 11)
[3] (Ахмет ибн Ханбәл.)
[4] (Әбу Дәуіт.)
[5] (Доцент, доктор Өмер Челик; доктор Мұстафа Өзтүрік, Мұрат Кая, «Үсуе-и хасене», Еркам Йайынлары баспа үйі, Стамбул, І том, 332-бет.),