МҰРАТ МАНАПҰЛЫ: КІТАП ОҚУДЫ ӨЗІМІЗГЕ МІНДЕТТЕУІМІЗ КЕРЕК

0
829

Мүфтият тынысы» айдарының бүгінгі кейіпкері «Мүфтият» баспасының директоры, баспагер-аудармашы Мұрат Әбдіхалықовпен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Мұрат мырза, әңгімемізді «Мүфтият» баспасы жөнінде бастасақ. Қашан ашылды, қандай жұмыстар атқарып үлгерді?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Мүфтият» баспасы жұмысын 2019 жылдың төртінші тоқсанында бастады. Баспа негізгі екі бағыт бойынша жұмыс атқарады. Оның біріншісі – мерзімді басылымдар, екіншісі – діни, рухани, тағылымдық кітаптар шығару.

Баспаның алғашқы жобасы 2019 жылдың 22 қазанында оқырманға жол тартқан Діни басқарманың төл басылымы «Мұнара» рухани-танымдық газеті болатын. «Мұнара» газеті объективті ақпарат таратумен қатар, салт-дәстүр, тарих, білім, медицина бағытындағы ғалымдардың тарихи, ғылыми-танымдық ізденістерін, зерттеу мақалаларын тұрақты түрде жариялайды. Аллаға шүкір, бүгінде өзіндік орны бар, оқырманы қалыптасқан басылымға айналып келеді. Таралымы 30 мыңға жетті.

Адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани азық беретін, сауатын көтеріп, талап-талғамын қалыптастыратын тәрбие құралы – кітап. Кітап – сарқылмас қазына, баға жетпес құндылықтың бірі. «Артық білім – кітапта» демекші, адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім және ғылым қазынасы. Оның ішінде Ислам ғылым-білімінің адам баласының сан ғасырлық ақыл-ой жемісіне, тарихы мен тағылымының алтын сандығына қосқан үлесі зор. Осынау алдыңғы ұрпақтың қалдырған рухани өсиеті саналатын бай мұрамызды, Ислам ғалымдарының асыл қазынасын келер ұрпаққа жеткізу – баспамыздың басты мақсаты.

Әрине «Мүфтият» баспасының бір-екі жыл бұрын құрылуы соған дейін Діни басқарма кітап саласына мән бермеді дегенді білдірмейді. Діни басқарма қашан да кітап саласына жіті мән берген. Діни қайраткерлер мен ғалымдарды зерттеу жұмыстарына жұмылдырудың, имам-молдаларды, дін қызметкерлерін кітап жазуға жігерлендірудің нәтижесінде жанға азық болар көптеген жақсы еңбектер оқырманға жол тартты.

Сонау Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізін қалаған Рәтбек қажы Нысанбайұлынан бастап «Құран кәрімнің қазақша түсіндірмесі», «Пайғамбарлар тарихы», Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Ұлық имам Әбу Ханифа», «Қазақстан мешіттері мен медреселері», «Ислам ынтымақ пен бірлік жолында», Ержан қажы Малғажыұлының «Мүбәрак Рамазан», «Таным тұғыры», Серікбай қажы Ораздың «Тәпсір тұнығы», «Әзірет Сұлтан – Ұлы дала темірқазығы», Наурызбай қажы Тағанұлының «Үміт сәулесі», ҚМДБ Ғұламалар кеңесі дайындаған «Пәтуалар жинағының» екі томы, «Дін мен дәстүр» жинағының екі томы, ҚМДБ бөлімдерінің әзірлеуімен «Жұма мінбері», «Жұма уағызы» кітаптары оқырманын тауып, кітапсүйер қауымның кітапханасында құнды еңбектер ретінде орын алды дей аламыз. Ал «Мүфтият» баспасын ашудағы мақсат – осы жұмыстарды жүйелеу, кітап саласын одан әрі жетілдіре түсу.

– Ашылғанына көп болмаса да, баспадан едәуір еңбек жарық көрген сияқты…

– Иә, құрылғанына санаулы уақыт болса да, баспамыздан біршама маңызды еңбек жарық көрді. Елді тоғандыратын, қоғамды алаңдатып жүрген мәселерге қатысты шариғаттың ұстанымын білдіретін пәтуаларды халыққа жеткізу өте маңызды. Осыған байланысты ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінде көптеген мәселелер қаралып, сол мәселелерге қатысты арнайы шешім шығып отырады. Осы шешімдерді жинақтап, «Пәтуалар жинақтарын» шығарып келеміз. Мәселен, былтыр «Пәтулар жинағының» екінші томы жарық көрді. Оның ішінде, өкінішке қарай, бүгінде кең етек алып бара жатқан «Азаматтық некенің үкімі», сондай-ақ заманауи технологиялардың жетістіктерін қолдануға қатысты «Болашақ баланың жынысын таңдау, құрсақ ана болудың үкімі», «Допинг қолданудың үкімі», «Пойызда, ұшақта және қоғамдық көлікте намазды қалай оқимыз?», «Желілік маркетингтің үкімі» сынды заман тудырған мәселелердің шариғи шешімдері берілген.

Сол секілді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен түркі мұсылман өркениеті мен діни танымының қалыптасу тарихындағы ең маңызды дереккөздердің бірі имам Матуридидің «Таухид кітабы» жарық көрді. Қазақ мұсылмандық түсінігінің басты ерекшеліктері де осы бастауға барып тіреледі. Матуриди ақидасы, яки діни танымы қазақ болмысының мәні десек те болады.

Кітапта дін мәселесіне қатысты ақида және танымдық тақырыптар қамтылып, адамның ең басты танымдық сатылары, қабілеттері мен методологиялық ерекшеліктері көрініс табады. Кітап мазмұнында бүгінгі дін ғылымдары, мәдениеттану, Ислам философиясы, теология салаларына қатысты тақырыптар мен мәселелер қамтылған. Бұл еңбек те араб және түрік тілдеріндегі нұсқаларынан қазақ тіліне алғаш рет аударылып отыр.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы – Діни басқарманың 30 жылдық мерейтойына орай арнайы кітап әзірлеп шығардық. Еңбекте қазақ даласындағы жеке мүфтилік құрудың алғашқы талпыныстарынан бастап, бүгінгі ҚМДБ-ның жүріп өткен жолы, жеткен жетістіктері мен атқарып жатқан ауқымды қызметтері туралы баяндалады. Құран Кәрім – қанша оқысаң да жалықтырмайтын, оқыған сайын тереңдей түсетін мұғжиза кітап. Осы уақытқа шейін қаншама аудармасы жарық көрді. Әрбір аударманың өзіндік орны, Құранның сырын аша түсетін қырлары бар. Осы орайда ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлының Құран Кәрімді қазақ тіліне аударған кітабы жарық көрді.

Алла жазса, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен әрі жетекшілігімен Құранның тәпсірі – Мұхаммед Әли Сабунидің «Сафуат тәфәсир» кітабы 8 томдық, яғни төрт-төрт томнан тұратын қазақ және орыс тілдеріндегі еңбек болып оқырманға жол тартпақ. Мұндай кең көлемдегі Құранның қазақ тіліндегі тәпсірі алғаш рет жарық көргелі отыр. Сол сияқты басқа да танымал дін қайраткерлерімен, ұстаздармен бірлескен жобалар дайындап жатырмыз. Бұйырса алдағы уақытта Исламның классикалық кітаптары болып есептелетін танымал 6 хадис жинағын қазақ тіліне аударуды жоспарлап отырмыз.

– Баспаның жеке кітап дүкенін немесе интернет дүкенін ашу ойда бар ма?

– Әрине, баспаның өз кітап дүкенін, интернет дүкенін ашу жоспарда бар. Осы уақытқа дейін біз кітаптарды негізінен дін қызметкерлеріне арнап аз тиражбен шығарып келдік. Оның себептері де жоқ емес. Ең негізгі себеп – қаржы мәселесі. Жалпы кітап саласы көп ресурсты талап ететін сала. Бұл жерде қаржылық ресурстар, адами ресурстар қажет. Сол үшін алдымен дін қызметкерлерін қамту басты мақсат болды.

Ендігі кезекте таралымын көбейтіп, жалпы оқырман қауымға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін осы сату жүйесінің механизмдерін жасаудамыз. Бұл жерде кітап сатып, пайдаға кенелу мақсаты жоқ. Біздің мақсат – кітап сатылымынан түскен қаражатты қайтадан кітапқа салу. Яғни түскен қаржыны осы саланы одан әрі дамытуға жұмсау. Себебі қоғамға қажетті көптеген еңбектер жарық көру қажет. Қазақ тілінде сөйлей алмай тұрған мұсылмандық мұра әлі жеткілікті.

– Кітап нарығындағы діни кітаптардың өтімділігі қандай деп ойлайсыз?

– Әлгінде айтқанымдай, баспамыз әлі сату жұмыстарын бастаған жоқ. Дегенмен бұл бағытта да біршама жұмыс атқарып жатырмыз. Яғни нарықты зерттедік. Зерттеу нәтижелері бойынша діни әдебиеттерге деген сұраныс жоғары екеніне көз жетті. Әлімсақтан мұсылманмын деген қазаққа дін Исламның қызықты болуы заңды.

Алайда қоғамда дін десе, Ислам десе, қайырымдылық ұғымы елестейтін әдет бар. Яғни Исламға қатысты болса, ол тек тегін жасалып, тегін таратылу керек деген түсінік қалыптасқан. Мәселен, бүгінде трендтегі тұлғалық дамуға қатысты кітаптарды алайық. Көпшілігі – Батыс жазушыларының кітаптары. Сондай кітаптарды ойланбастан 5000 теңгеге сатып алып жатқандар діни кітапқа келгенде 1000 теңгесін шығаруға қиналып жатады. Әсілінде діни кітаптар да кемелдікке жетелеп, екі дүние бақытына жетелейтінін ескермейміз.

 Діни кітап дегенде міндетті түрде діни сараптамадан өткен-өтпегені назарға алынады. «Мүфтият» баспасының кітаптарын сараптамадан кімдер өткізеді?

– Діни басқармаға қарасты Сараптама секторы жұмыс істейді. Біз де өзге баспалар секілді Бас мүфтидің атына өтініш жазып, кітаптарымызды діни сараптамаға тапсырамыз. Сараптама секторының діни кітаптарға қоятын талап-шарттары бар. Соларды орындай отырып сараптамадан өткіземіз. Бұған дейінгі барлық кітаптарымыз діни сараптамадан өтті.

– Өзіңіз кітап оқуға қаншалықты уақыт бөлесіз?

– Баспа ісімен айналысқаннан кейін менің жұмыс уақытымның көбі кітап оқумен өтеді. Себебі бізге келіп жатқан кітаптарды саралау үшін күніне бірнеше бет, кейде тіпті бір кітапты тәулік ішінде оқуға тура келеді. Жұмыстан кейін де, қол бос кезде кітап оқуға уақыт табамын. Өйткені күнделікті кітап оқуға жастайымнан әдеттенгенмін. Мәселен, әр таңымды бірнеше бет Құран оқумен бастауға тырысамын. Одан бөлек, күнделікті араб тілінде бір хадисті түсіндірмесімен оқуды өзіме міндет етіп қойғанмын. Сонымен қатар міндетті түрде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жаныма жақын басқа да кітаптардан бірнеше бет оқуға күнделікті арнайы уақыт арнаймын. Яғни қызметіме, осы дүниеге де, ақыретіме де пайдалы кітаптарды оқуға дағдыланғанмын. Әрі осының жемісін қүнделікті көріп келемін.

– Мұны хобби деп айтсақ бола ма?

– Қазір хобби деуге де болады. Басында қажеттілік ретінде кітап оқуды өзіме міндет етіп қойған болатынмын. Қазір кітап оқудан ләззат аламын десем де болады. Дегенмен, әлі де кейде міндеттейтін кездерім болады. Өйткені мамандығым бойынша маған араб, ағылшын тілдерін меңгеру керек болды. Сөздік қорды байытудың жолы — кітап. Адам ұйықтар алдында кітап оқыса, ұйықтаған кезде де процестер жалғасып, оқыған дүниесі жатталып қалатынын оқыған едім. Сол себепті тіл үйрену мақсатында, оқығанымды ұмытып қалмау үшін ұйықтар алдында міндетті түрде бір бет болса да кітап оқып жатамын.

– Тіл үйренуге кітап оқудың қандай септігі тиді және неше тіл білесіз?

– Ана тілімізден бөлек, орыс, ағылшын және араб тілін меңгергенмін. Кітап оқудың тіл үйренуге пайдасы өте көп. Студент кезімде Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасының араб тіліндегі аудармасын кездестіріп қалғаным бар. Бұрын қазақшасын оқығандықтан мазмұны таныс шығарманы шет тілінде оқу оңай болды. Әрі сөздік қорымды байытуға көп септігін тигізді. Осылайша аталмыш шығарманы бір мезетте орыс және араб тілдерінде оқып шықтым. Осы тәсілмен ағылшын тілінде Артур Конан Дойлдың Шерлок Холмсқа қатысты шығармаларын, ол шығармалардың және араб тіліндегі аудармаларын оқу қызықты әрі пайдалы болды. Қазір де тұлғалық дамуға қатысты кітаптарды аудармасымен қатар төл тілінде оқуға тырысамын. Сондықтан да, тіл үйренуде де өзіңізге ұнайтын шығармаларды, кітаптарды сол тілде де оқудың пайдасы зор.

– Кейінгі іні-қарындастарыңызға қандай кітаптар оқуға кеңес бересіз?

– Кітапты үзбей оқу – жақсы әдет. Пайдасы өте көп. Жаныңызға қандай кітап, шығарма жақын соны оқып бастаған жөн. Тек дүниені ойлап кетпей, ақыреттің де қамын ойлап, екі дүние бақытына жеткізетін діни кітаптарды оқуға да көңіл бөліп, уақыт арнаған дұрыс.

Кітап оқуға дағдыланғанша жанға жақын кітаптардан бастап, күніне кем дегенде бір бет оқысаңыз да жеткілікті. Бұған тұрақты түрде көңіл бөлсе, уақыт өте келе бір күнде бірнеше бет оқуға, тіпті бір кітапты толық оқуға шамасы келетіндей деңгейге жетуі мүмкін. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да амалдың пайдасы оның үлкен-кішілігінде емес, тұрақты істелгенінде екенін айтып кеткен. Бір күнде бір кітап оқып, кейін оқымай қалғаннан гөрі, күніне бір-екі беттен оқып отырса, әлдеқайда пайдалырақ, жемісі мол болатыны сөзсіз.

Ал жастар әдеби-көркем шығармаларды да, соңғы жылдары кеңінен таралып жатқан мотивациялық кітаптарды, тұлғалық дамуға қатысты еңбектерді де оқығаны дұрыс. Ең бастысы, әркім өзінің кәсібіне қатысты кітаптарды түгелдей оқуға тырысу керек. Себебі бұл әдет оның сол істің нағыз майталманы болуға жетелейді. Сондай-ақ адамның өмірін жеңілдетіп, уақытын жүйелеуге көмектесетін, тайм-менеджментті қалыптастыруға үйрететін кітаптарды оқуға да кеңес беретін едім. Уақытты тиімді пайдаланудың қыр-сырын, техникасын үйрететін кітаптар барлық жастағы оқырманға пайдалы.

– Сұхбатымыздың басында «Мұнара» газеті туралы қысқаша айтып өттіңіз. Сөз соңын да «Мұнарамен» қорытындыласаңыз. Көпшілік мүфтияттың төл басылымы болғасын діни газет деп ойлайды екен…

– «Мұнара» газетінің көптеген айдары бар. Діни, рухани тақырыптарға арналған «Насихат», «Ихсан ілімі» айдарлары жиі шығады. Бұл айдарларда ақида, фиқһ, ихсан, басқа да тақырыптар жиі көтеріледі. Айдарда имамдар мен ұстаздардың тың мақалалары жарияланады. Бұдан бөлек, әрине тарихи-танымдық мақалалар да жарық көреді. «Тарих пен тағылым» айдарында ұлт және дін қайраткерлері, Ислам һәм қазақ тарихындағы маңызды оқиғалар жайында жиі жазып жүрміз. Мұндай тақырыптарда көбіне тұрақты авторларымыз – тарихшы ғалымдар, қаламгерлер, қоғам қайраткерлері жиі үн қатады. Бұдан бөлек «Ислам және ғылым» айдары арқылы Ислам ғылымына зор үлес қосқан атақты мұсылман ғалымдар туралы тың мақалалар жарияланып жүр.

Былтыр әл-Фараби мен Хәкім Абайдың мерейтойына арнап арнайы айдар жүргізіп, кемеңгер ғалымымыз бен кемел ақынымыздың өмірі мен шығармашылығына қатысты мақалалар легін жарияладық. Одан бөлек Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Мұнара» газетінде шығармашылық байқау жариялап, жүлдегерлерге қомақты сыйлықтар тағайындадық.

Биыл да «Мұнара» алға қойған мақсат-талаптарын орындап, ақпарат айдынындағы мұратын жалғастырады. Алла қаласа, газетте жаңа айдарлар ашылып, тың тақырыптар көтеріледі. Жыл басынан бері газет бетінде ардагер журналист, ардақты ағамыз Жанболат Аупбаев «Біз де өлең жазғанбыз», журналист-блогер Марфуға Шапиян «Өміріңді сүннет арқылы өзгерт» атты арнаулы айдар жүргізіп жатыр. Басқа да жаңа авторлар газет жұмысына атсалысып жүр.

Сондай-ақ жақында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Мұнара» газеті авторлар мен оқырмандар арасында «Еркіндігім. Қасиеттім. Қастерлім» атты шығармашылық байқау жариялады. Байқауға газет оқырмандары Тәуелсіздіктің бәрінен қымбат ең басты құндылығымыз екенін дәріптейтін барлық жанрдағы (эссе, мақала, естелік, зерттеу, сұхбат, әсерлі әңгімелер т.б) шығармаларын жолдай алады. Сондай-ақ ұлт тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалар, атап айтқанда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы және Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміздің тарихи рөлі жайлы жазылған мақалаларды да жолдауға болады. «Мұнараның» биылға жоспарлаған басқа да біраз дүниелері бар. «Арық айтып, семіз шық» демекші, ол жаңалықтарды өз уақытында газет бетінен көріп, ести жатарсыздар.

– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ