ЖАСЫЛ АЙМАҚТАҒЫ МЕШІТТЕРДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ӨТЕУ ТӘРТІБІ

0
920

Өткен аптада Ведомствоаралық комиссия (ВАК) шешімімен 1 наурыздан бастап жасыл аймақта тұрған өңірлерде жұма намазын өткізуге рұқсат етілген болатын. 

Осы шешімге сәйкес ертең еліміздегі жасыл аймақтағы бірқатар мешіттерде жұма намазы оқылады. Алайда COVID-19 жұқпалы дерті әлі сейілген жоқ. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасыл аймақтағы мешіттерде жұма намазын оқудың арнайы тәртібін белгіледі.

Жұма намазын өтеу үшін мешітке келушілерге қойылатын талаптар:

• Мешітке міндетті түрде бетперде тағып кіру;

• Мешіт кіреберісінде арнайы антисептик заттарды пайдалану; 

• Дәретті барынша үйден алып келу;

• Мешіт ішінде белгілі арақашықты сақтау, бір-бірімен қол алыспау;

• Намаз оқығанда арақашықтық 1,5 метрден жақын болмау, намазды арнайы белгіленген орында оқу; 

• Мешіт ішінде ұзақ уақыт қалмау;

• Дене қызуы 37°-тан жоғары, сондай-ақ тұмау және басқа да ауру белгілері бар адамдардың мешітке келмегені абзал;

• Жасы 65-тен асқан қариялардың, балалар мен әйелдердің мешітке келмегені дұрыс. 

Жұма намазы оқылатын мешіттерге қойылатын талаптар:

• Мешітке келушілерді дене қызуын арнайы құрылғымен тексеріп кіргізу;

• Мешіт кіреберісі мен ішіне тазалағыш антисептиктер, маскалар қою;

• Мешіт ішін 1,5 метр арақашықтықты сақтай отырып арнайы сызып қою;

• Мешіт сыйымдылығын 30%-дан асырмау;

• Парыз намаздарында қысқа сүрелер немесе қысқа аят оқу;

• Мешітке келген жамағаттың ұзақ уақыт мешітте болмауын ескерту;  

• Мешітте қол алыспау;

• Намаз оқу залдарына жиі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу;

• Мешіт қызметкерлерінің бетперде тағуы міндетті;

• Мүмкіндігінше (оңтүстік аймақтар) жұма намазын мешіт ауласында оқу;

• Жамағаттың мешіт ауласында намаз оқуына жағдай жасау;

• Мешітке келушілерге қойылатын талаптарды мешіт кіреберісіне іліп қою.

Айта кетейік, 4 наурыздағы эпидемиологиялық ахуал бойынша Қазақстанның төрт өңірі сары аймақта тұр. Олар – Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары. Ал қалған өңірлер жасыл аймаққа кірді. 

Тағы да еске салсақ, жоғарыда көрсетілген сары аймақтарда тұрған облыстар мен қалаларда әзірге жұма намазы оқылмайды.