Зайырлы мемлекет — дін еркіндігінің кепілі

0
83

Дін қай заманда да қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды, күрделі мәселелердің бірі болып келген. Дін қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құрамы. Дін арқылы адамдар өздігін, өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға мүмкіндік алады. Дін сол әлеуметтік құрылымға пайдалы нормаларды орнықтыра отырып, тұрақтандырушы функция атқарады және адамның моралдық міндеттерін орындау үшін алғышарттар жасайды. Жалпы айтқанда дін қоғам тұтастығына, елді біріктіруінде өте маңызды рөл атқарады.  Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi де осында. Яғни елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығын сақтау. Сондықтан, екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор.

Біздің еліміз зайырлы мемлекет. Конституциямызда зайырлы мемлекет екеніміз ап-анық жазылған. Зайырлы мемлекеттің діни ұстанымы қандай болуы керек? Зайырлы мемлекетте діни тап өкілдерінің мемлекет билігін тартып алуына жол берілмейді. Жалпы Ислам дінінде діни таптың болуына тыйым салынған. Сондай-ақ, зайырлы мемлекетте барлық дәстүрлі діндерге бірдей көзқараспен қарап, оларды бөліп-жармау және адамдардың діни сенімі мен, көзқарасына құрметпен қарау болып табылады. Бірақ бұл деген Қазақстан әртүрлі дінді ұстанатын ел деген пікірді білдірмейді. Елімізді құраушы қазақ ұлты ежелден Ислам дінін ұстанып келеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз» деп ашық, анық қазақ ұлтының негізгі діни ұстанымын айқындап берген. Десе де, мемлекетімізде түрлі этностар мен конфессия өкілдері тұрады. Олардың ұлты мен дініне қатысты кемсітулер мен бөлінушілікке конституция бойынша тиым салынады. Ешқандай бір дінге оның ішінде Ислам дініне де басымдықтар мен артықшылықтар берілмейді. Мемлекет ісіне дін, дін ісіне мемлекет араласпайды. Бұл өз кезегінде зайырлы мемлекет талаптарын сақтау. Осы кезде кейбір дәстүрлі емес діни ағымды қолдайтын адамдардан сұрақ туындайды. Конституцияға сәйкес, әр азамат қандай дінді ұстанып, қолдаса да өз құқығы, оған ешкімнің кедергі жасауға құқығы жоқ, тіпті мемлекеттің де деп зайырлылықты алға тартады. Бұған жауап ретінде жоғарыда келтіргендей зайырлы мемлекет конституцияға сәйкес барлық дәстүрлі діндерге тең құқық беріліп, сол діндерді ұстанушы адамдардың діни сенімі мен бостандығына ешкімнің кедергі келтіруіне жол берілмейді. Бұл жерде дәстүрлі дінді алға тартып отыр. Ал соңғы уақыттарда Ислам дінінің ішінде түрлі діни топтар пайда болды. Олар исламды бүркене отырып, жасырын түрде саяси немесе экономикалық мүдделерді көздеп, мемлекеттің тәуелсіздігі мен халықтың тұтастығына кері әсерін тигізетін  кереғар діни топтар. Міне, осылардың құйтырқы әрекеттерін байқаған соң, мемлекет елдің тәуелсіздігі мен халықтың бірлігінің бұзылмауы үшін кереғар дінді ұстанушы, қолдаушы топ өкілдеріне заңдық тұрғыдан тосқауылдар қойып, халықты олардан сақтанудың жолдарын қарастырады. Мұны кейбір адамдар түсінбегеніней мемлекеттің дінге араласуы немесе зайырлылық принциптерінің сақталмауы деп емес, өз кезегінеде мемлекеттің дін атын жамылған қауіпті топтардан мемлекетті, халықты аман алып қалуы деп түсінген жөн.

Кейде исламның экстремистік бағытын ұстанатын дін көсбасшылары өз аудиторияларына уағыз айту кезінде, Ислам дінінің хақтығы, оның ерекшелігін айту барысында, өзге дәстүрлі діндерге қатысты жағымсыз пікірлерін айтып жатады. Мұндай уағыздарды Қазақстанда отырып жамағатқа айту және оны әлеуметтік желілерге салып тарату заңға да, зайырлылыққа қарсы болып табылады. Себебі, сол сөздер арқылы Қазақстандағы өзге дін өкілдерінің ренішін тудырып, конфессияаралық тұрақтылықты бұзуға әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

Негізінде дәстүрлі діндердің барлығы өзге дінге құрметпен қарап, адамдарды дініне, ұлтына, нәсіліне байланысты бөліп жармайды. Керісінше, айналасына мейіріммен, махаббатпен қарап елде тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Міне осы арқылы зайырлылық ұғымымен ұштасып, мемлекеттің дамуына ықпал жасайды. Демек зайырлы мемлекет пен діннің қоғамда атқарар негізгі фунциялары да, мүдделері де бірдей – халық арасында тыныштық пен бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Таутаев Қуаныш