ШЫМКЕНТТЕ ДӘСТҮРЛІ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

0
1663

Шымкент қаласында Наурыз мерекесі қарсаңында «Қаратау» дәстүрлі ұлттық өнер мектебі ашылды. Салтанатты iс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов және жергiлiктi зиялы қауым өкілдері қатысты.

Дәстүрлi ұлттық өнер мектебінің негізгі мақсаты — еліміздің төл өнері мен мәдениетін дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару және дәстүрлі өнердің түрлi салаларын жан-жақты жандандырып, оны жастар арасында кеңінен насихаттауды көздейдi.

Мектептің ашылу рәсiмiне қатысқан қала басшысы қобыз, айтыс, шертпе күй секілді бiрқатар кабинеттердi аралап, танысып шықты. — Халықтық дәстүрлі өнер — бұл біздің мәдени мұрамыз. Ұлттық өнер арқылы өскелең ұрпақтың бойына қазақтың дәстүрі мен тұрмысын, адамдық мінезін сіңдіре аламыз. Ата-бабадан мирас болған ұлттық болмыс пен ұлттық өнерді ұмыт қалдырмаудың бір жолы – оны жастарға үйрету. Біз бүгін екі тарихтың ортасында тұрмыз. Бұл мектептен кешегі Майлықожа, Мәделідей ақындар, Сүгір мен Төлегендей күйшілер, Тәушен мен Әселхан апаларымыздай айтыскер қыздар шығады деп үміттенеміз. Осындай үлкен үмітпен сенім артып, жас келсе іске деп, мектептің тізгінін өз ұлдарыңыз, өнердің ыстық-суығында әбден шыңдалған, өткір тілді айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуовқа тапсырғалы отырмын. Бұл үлкен жауапкершілік. Ескі өнерді тірілтіп, жаңа заманға алып шығатын, Қаратау өнерін жаңғыртатын, Шымкенттің ғана емес Қазақтың атын әлемге шығаратын шәкірттер шығуына тілектеспін, — дедi Мұрат Әйтенов.

Алғашында саз мектебі үшін жоспарланып салынғанымен, кейіннен қала әкімінің тапсырмасы бойынша дәстүрлі ұлттық өнер мектебі болып қайта жасақталған өнер мектебi 10 бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, ақындық өнер – айтыс, поэзия, әншілік өнер — дәстүрлі ән, жыр-терме, күйшілік өнер – домбыра, қобыз, жетіген, шешендік өнер — көркем сөз, көшбасшылық, актерлық өнер — сахна тілі, кино және театр, би өнері – ұлттық, классикалық, қолөнер — ағаш, былғары, тоқыма, тігіншілік, бейнелеу өнері — кескіндеме, графика, композиция, вокал – эстрада, классика, фортепиано, сольфеджио, мультипликация – анимация, кино, ролик.

«Қаратау» дәстүрлі ұлттық өнер мектебі Шымкент қаласы Бекет батыр көшесі, N5-үйде орналасқан. Мұнда мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер (6-17 жас аралығындағы жасөспiрiмдер мен жастар) қабылданады. Үйірмелер — ақылы. Мектепті бітірушілерге арнайы куәліктер беріледі.