Ақтауда жаңа мешіт салынады

0
1339

Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ескі ғимаратының орнына жаңа мешіт  бой көтереді. Заманауи үлгідегі мешіт 900 шаршы метр аумақты алып, 1 мың адамға арналады.

Имандылық ордасының құрылысы қасиетті Рамазан айынан соң басталып, бір жылға созылады. Бұл туралы бүгін Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаев, Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов, Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев, облыстық және Ақтау қалалық мәслихаттар депутаттары, сондай-ақ мешіт жамағаты мен қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен басқосуда айтылды. 

Жиында алғаш болып сөз алған Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжановтың айтуынша, жаңа облыс орталығындағы 17 шағынаудандағы ескі мешіттің орнына жаңа ғимарат тұрғызу мәселесі көптен сөз болып келеді. Алла үйінің құрылысына жергілікті билік те, жамағат та, мешіт имамдары да  қарсы емес, тек жаңа мешіт үйінің орнына қатысты түсінбеушілік бар.

«Жамағаттың бірқатары жаңа ғимаратты қазіргі ескі мешітті құлатып, соның  орнына салу керек деп санайды. Ал бірқатар азаматтар күмбезді ғибадат үйін  қазіргі автотұрақтың орнына, көшенің бойына тұрғызуды ұсынады. Бүгін екі жақ бір келісімге келіп, әкімдер мен жамағат  алдында осы мәселенің нүктесі қойылды» деді Әнуар Ізімбайұлы.

Басқосуға заманауи жобасымен Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген  кәсіпкер Сапар Игілікұлы да қатысты. Ақтаудың 39 шағынауданында бой көтеріп жатқан Ержан хазірет мешітінің құрылысын жүргізіп жатқан кәсіпкер сыйымдылығы 1 мың адамдық, 130 көлікке арналған тұрағы бар, есігі кітап сияқты ашылатын ақ түсті мешіт үйінің құрылысын Рамазан айы біткен соң бастауға дайын екенін айтты. Заманауи эскиздік жоба көпшілік тарапынан қолдау тапты.

«Мешіттің жобасы өте ерекше екен. Көңіліме қонып тұр, алып қосатын ештеңесі жоқ. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз, бастама оң болғай!» деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаев.

Ал Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай: «Жобада  мешіттің жанынан футбол алаңы, Құран оқу бөлмелері, медресе қарастырылған. Тек асхана жоқ екен. Меніңше, түрлі ас пен садақа өткізуге арналған асхана салынуы тиіс», – деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай. Имамдар өз кезегінде мешіт жанынан асхана, қызметкерлер үйін салу керектігін атап өтті. Мешіт жамағаты атынан сөз алған Бекберген Есеуов мешіт құрылысының басталуын көптен күтіп жүргенін айтса, Сүлеймен Боқанов көпшілікпен бірге игілікті бастаманы қолдайтынын жеткізді.