Өскемен: Конференция Ихсан іліміне арналды

0
937

ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі Шығыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасымен және Дін мәселелерін зерттеу орталығымен бірлесіп «Ихсан ілімінің теологиялық мәні мен мазмұны» тақырыбында конференция өткізді.

Шараға ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Мұхан Исахан, дінтанушы Досай Кенжетай және басқа да дінтанушылар мен өңір имамдары, осы саланың мамандары қатысты. Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы алқалы жиынды ашып сөз сөйлеп, іс-шараның маңыздылығын саралап, рухани тәрбиені насихаттаудың маңыздылығын баяндады.

«Биыл ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Ихсан ілімін насихаттап, дамыту қолға алынды. Ихсан немесе рухани тәрбие дегеніміз – адамның иманын бекемдеп, құлшылығын арттыратын, адамгершілікке баулитын ішкі рухани дүниені кемелдендіре түсетін рухани ілім. Қоғамда рухани құндылықтарды қалыптастыру, адамгершілік қасиетті әр адамның жүрегіне нық орнықтыру – Ихсан ілімінің басты нысанасы» деді Ермек Қасболатұлы.

Жиында баяндама жасаған ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы Ихсан ілім туралы кеңінен түсіндіріп, қазіргі уақытта осы ілімді дамыту бағытында ҚМДБ-дан атқарылып жатқан іс-шаралар және осы саланың өзектілігі туралы кең көлемде мазмұнды баяндама жасады.

Конференцияда сөз алғандар қазіргі қоғамда рухани тәрбиені дамыту аса қажетті мәселе екенін тілге тиек етіп, ҚМДБ дер кезінде қолға алып отырғанын жоғары бағалады. Шара барысында өңірде Ихсан ілімін насихаттау жайлы мәселелер талқыланды. «Әсіресе қазіргі уақытта қазақтың ойшылдары мен ғұламаларының рухани тәрбие, ар мен иманға қатысты ой-толғамдарын жас ұрпаққа және қоғамға насихаттау, таныту – өте өзекті мәселе» деп атап өтті ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Мұхан Исахан.

Жиынға қатысушыларға Ихсан ілім жайлы айтылған сүбелі ойлар мен мақалалар жинақталған кітапшалар таратылды.