ШЫМКЕНТ: РАМАЗАН АЙЫНДА МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК СЕБЕТІ ТАРАТЫЛАДЫ

0
1040

Шымкент қаласы әкімдігі мен қала мешіттерінің ұйымдастыруымен «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы басталды.

Акция барысында күніне 1000-ға жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға азық-түлік себеттері таратылады. Игі іс қасиетті айда 30 күн бойына жалғасады.

Айта кетерлігі, азық-түлік себеттері қаладағы тұрмысы төмен отбасыларға тізім бойынша беріледі. Егер тізімге енбеген отбасылар келіп сұраса, оларға да үлестіріледі. Қорапшаның ішіне ұн, май, макорон, күріш, шай, қант, құрма сынды қажетті өнімдер салынған. Қаладағы 6 мешітте (Ақмешіт, Ордабасы, Бөртөбе, Байғұт баба, Біләл, Сайрам) дәл осындай азық-түлік жиынтығы көмекке мұқтаж отбасыларға беріледі.

Бұрын қасиетті айда ниет еткен жамағат көпшіліке ауызашар беріп, зор сауапқа кенелетін. Қазіргі таңда эпид ахуалға байланысты ниет етіп, ораза ұстаған жандарға ауызашар себеттері таратылуда.

– Қасиетті Рамазан айының қарсаңында адамзат баласы көптеп жақсылық жасауға асығады. Бұл айда жағдайы бар адамдар әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға барынша көмектесуі керек. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай 30 күн оразада қайырымды іс жасасақ, сауабы молынан болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз сөзінде осы Рамазан айында әрбір істелген игі іске 10 еседен 700 есеге дейін сауап жазылатынын айтқан. Сондықтан, барлықтарыңызды қасиетті айдың қарсаңында қайырымдылық жасауға шақырамын, — деді Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов.