Арбау теориясы немесе 3 күнде терроршы дайындау

0
614

Таяу Шығыста жаға ұстатар лаңкестік әрекеттер жиі орын алуда. Ондағы «қасиетті соғыстың» сарбаздары мен құрбандары кімдер? Оған қандай жолмен барды?

Сәл ілгерірек ой жүгіртсек, өз Отанынан жыраққа кетудің басты себептерін аңғару аса қиындық туғыза қоймайды. Қарапайым әдіс қолдану арқылы, яғни діннен еш хабары жоқ жандарды радикал-экстремистер көкейлеріндегі келелі кеңестерімен кестелеп, баурай бастайды. Қатарларына қосуға үгіттейді. Олардың жымысқы әрекеттерін «үш күн немесе үш шақ» теориясымен түсіндіріп көрсек.  Оның алғашқысын еске алу деп белгіледік. Келесі кезекте осы шақтағы – өзін толық сезіну кезеңі, соңғы нүкте – мақсатына жету ісі.

«Бірінші күн немесе өткен шақ»

Жекелеген діни топ және жат ағым өкілдері насихат кіріспесін өткен шақты еске алудан бастайды. Ол – «бірінші күн немесе өткен шақ» кезеңі.

Бұл саты, адамның дүниеге келгенінен бастап жат ағым өкілін кездестіргенге дейінгі уақыт өлшемін қамтиды. Демек, арбаушы адамның жүріп өткен жолындағы жасаған амалдарын қателікке балап, күнәларын ұдайы есіне түсіртіп, кінәлілік сезіміне бойлатып, қолдан «күнәһар» жасап шығарады.

Торға шырмалған пендеге бұл ауыр тиіп, өз-өзінен жиіркеніп, тазаруға асығады. Ол ластығынан құтылудың жолын іздеп, сұрақтарына жауап таппай шөліркейді. Осы тұста, сенім ұялатушы жан құтқарушы секілді жедел қол ұшын созады. Күнәһарлықтан айықтыратын «шипагердей» болып көрінген жат ағым өкілінің уытты сөздері бұдан әрі өтімді болары хақ.

Тиісінше, арбаушы енді өз түсінігін еркін ашық баяндауға кірісіп, екінші сатыға шығады.

«Екінші күн немесе осы шақ»

Алданушының өткен күндерінде күнәһар болғанын айтып, жазғырып келген арбаушы енді «екінші күн немесе осы шақ» кезеңінде өзінің діни сенімі мен ұстанымдарын сіңіртуге жұмыс жасайды. Оның ойында қалыптасқан дін турасындағы таным-түсінігін теріске шығарып, ақиқат аймағының алшақ екендігін, тек өздеріне сену қажеттілігін айтып, арандатады.

Бұл айла-тәсілде күш қолданылмайды, қысым да көрсетілмейді. Сананы улау арқылы нәтижеге жетеді. Қақпанға түскен жанның ақпарат алу шеңберін тарылтып, өздеріне тәуелді етеді. Өзіндік ойы мен пікірін жоғалтып, ермелікке ендіреді.

Сенімге кірген діни топ немесе жат ағым өкілі құрбанына қоғамның тек қараңғы тұстарын жіпке тізіп, өсіп-өнген ортасынан «кетуге» һәм түсініктеріне сай «өзгертуге» үгіттейді. Осылайша өзін бірінші күні «күнәһар» сезінген адам, енді айналасына сенімі жоғалып, төзімсіздікпен қарайтын, агрессивті «радикал» болып шыға келеді.

Осылайша «радикалдан» «терроршы» шығару қиындық тудырмайды. Жат ағым өкілдерінің басты мақсаты да «тірі бомба» немесе «терроршы» дайындап шығару болатын. Дегендеріне жеткен олар ендігі жерде өз алданушыларынан нақты қадамдар күтеді. Бұл қадамдар «үшінші күн немесе келер шақ» кезеңінде жүзеге асады.

«Үшінші күн немесе келер шақ»

Қоғамның тек көлеңкелі тұстарын ғана көретін, тыңғылықты дайындығы бар озбыр одан әрі ол ортада өмір сүруге шыдамайды. Осы шыдамсыздық терроршының алдына екі түрлі таңдау қояды.

Біріншісі: барлық жақындарынан бас тартып, өз ортасынан кету. Оған қазіргі таңдағы «Ат-такфир уал-хижра» ағымын ұстанып, өз отанынан «һижрет» (елден кету) жасап, «нағыз ислам мемлекеті осында» деп, Таяу Шығысқа қоныс аударушылар дәлел.

Жаңа қонысқа орналасқан соң ғана қателескендеріне, адасқандардың өзгелер емес, өздері екеніне көздері жетеді. Әйткенмен, жаңылыс басқанын түсіне қоймағандары жат ағымға толығымен беріліп, «қасиетті соғысқа» қатысады және «шәһид» боламын деп бақилыққа аттанады.

Екінші жол: терроршылар өздерін құтқармаққа жоспар құрады. Яғни, өз көзқарастарымен келіспейтіндерді бұл адасуларынан құтқару керек деп біліп, бейбіт күні соғыс ашады. Түрлі террорлық әрекеттер арқылы өз отанына лаңкестік жасайды.

Мәселен, 1990-жылдары Жапонияда Секо Асахара есімді адам «Аум Сенрике» ұйымын жасақтайды. Сонымен қатар, сол жылы өз жақтастарымен саяси партия құрып, сайлауға қатысады. Бірақ жеңіліске ұшырайды. Осыдан соң Секо Асахара жақтастарына «біз сайлаудан жеңіп адамдарды тура хақ жолға түсіре алмадық, ендеше оларды адасудан сақтап, құтқарайық» деген идеяны негізге ала отырып, 1995 жылы Токионың метросында «Зарин» газын қолдану арқылы теракт ұйымдастырды. Нәтижесінде 13 адам қаза тауып, 6 мыңнан астамы зардап шегеді.

Олардан іс-әрекеттері жайлы сұралғанда, «адамдарды құтқаруға ұмтылыс» жасағандықтарын айтқан. Бұл екі жолды да өз мақсаты етіп алған діни топтардың барлығы «экстремистік-террорлық» ұйым ретінде танылып, әлем елдерінің көпшілігінде тыйым салынды.

Кезеңдерді мысалға келтіргенімізден байқасаңыздар, бұл үш күндік жұмыс нәтижесінде дайындалған терроршының зауалы бір мемлекетке немесе бір ұлтқа емес, күллі адамзатқа тиетіні белгілі. Олар бейбіт күннің бәсін біле алмайды.

                                                     Асхат ЕРУБАЙ, 
Қожа Ахмет Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университеті
«Дінтану» кафедрасының 4 курс студенті