«БҰЛ АЙДА ТӨРТ ТҮРЛІ ҚАСИЕТТІ КӨБЕЙТІҢДЕР…»

0
1007

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін қасиетті Рамазан айында ораза ұстауға шақырып, берекелі айда жасалған әрбір ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатыны жайлы сүйінші хабар жеткізген.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына ораза ұстаудың маңызы мен аузы берік адамның жасаған амалдарының сауабы еселеніп жазылатыны жайлы сахабаларына былай деген: «Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті. Ал түндерінде намаз оқуды ерікті етті. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындаған болады. Бұл – сабырлық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Бұл – өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді…» деген.

Осы хадистің жалғасында ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «…Бұл айдың басы рақым, ортасы кешірім, ал соңы тозақтан құтылу кезеңі. Кімде-кім осы айда құлына, қызметшісіне жеңілдік жасаса, Алла оның күнәсін кешіріп, тозақтан азат етеді. Бұл айда төрт түрлі қасиетті көбейтіңдер. Оның екеуі Раббыларыңды разы ететін қасиеттер: шәһәдатты (кәлиманы) және истиғфарды (кешірім сұрау) көп айтып жүріңдер. Ал қалған екеуі өздеріңе аса қажетті қасиеттер: Раббыларыңнан жұмақты сұраңдар да, тозақтан азат етуін тілеңдер…» деп баяндаған.

Бұл хадис бізге көп нәрсені аңғартады. Біріншіден, мұсылман баласы мүмкіндігінше күндіз-түні лә иләһә иллалла калимасын айтып жүруі керек. Бұл сөздің пайдасы өте көп. Алла Тағала Мұса (ғ.с.) пайғамбарын Перғауын патшадан және оның әскерінен құтқарғанын Ислам тарихынан жақсы білеміз. Бұл – Исламдағы үлкен оқиғаның бірі. Бұл туралы Құранда көптеген сүреде баяндалған. Бір риуаяттарда Мұса (ғ.с.) пайғамбар Перғауын патшадан құтылып, тәуелсіздікке қол жеткізіп, Аллаға шүкір айтып, Оған құлшылық жасап жатқан кезде: «Иә, Жаратушы Ием, Сенің берген нығметтеріңе шүкіршілік ретінде айтып жүретін бір сөз үйрет» дейді. Сонда Раббымыз: «Ей Мұса (ғ.с.), Лә иләһә иллалла деп айтып жүр» дейді. Мұса (ғ.с.): «Иә, Жаратушы Ием, тағы да бір сөз қосып беріңіз» дегенде Алла Тағала: «Ей Мұса (ғ.с.), таразының бір жағына жеті қат аспан және жеті қат жерді қойып, екінші жағына лә иләһә иллалла калимасын қойсаң, осы калима тұрған жағы басып кетеді» деген екен…

Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың» дейді. Адам баласы тілін калимаға келтіріп, Алланы үнемі ұлықтап, мадақтап жүрсе, оның жақсы сөзі тағдырына айналады. «Кімде-кімнің бұл дүниедегі соңғы сөзі «Алладан басқа Тәңір жоқ» (лә иләhә иллалла) болса, сол адам жәннатқа кіреді» деген хадис бар.

Екіншіден, қателік пен кемшілік – пендеге тән сипаттың бірі. Алла ғана кемшіліктен пәк. Егер адам баласы жасап қойған қателігі немесе күнәсі үшін шынайы ықыласпен истиғфар айтса, Алла Тағала пендесінің күнәсін кешіреді екен. Раббымыз қасиетті Құранда: «Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық қылса да, сонсоң Алладан жарылқану тілесе, Алланы аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді табар еді» («Ниса» сүресі, 110-аят) деп баяндаған.

Алладан кешірім сұраудың қарапайым түрі – истиғфар, яғни, «Астағфирулла!» деп айту. Оның мағынасы: Алла мені кешірсін! Истиғфар – Алланың пенделеріне деген шексіз мейірімі. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Истиғфар (Астағфирулла) айтуды әдет еткен, көп оқитын адамды Алла Тағала дерттерден, қиыншылықтардан құтқарады. Оны ойламаған жерден ризықтандырады» деп, сүйінші хабар жеткізген. Тағы бір хадисте: «Күнә көңілде із қалдырады, тәубе және истиғфар еткенде ол дақ жойылады, көңіл тазарады» делінген.

Алладан шын ниетпен кешірім сұраған адам ары қарай күнә жасамауы тиіс. Алладан жүрекпен де, тілмен де шынайы кешірім сұрау, өкініп, тәубе ету және енді сол күнәні енді жасамауға ниет ету – шынайы тәубе ету болып саналады.

Үшіншіден, Алладан жәннатты сұрау – мұсылманның мәңгілік мұраты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін барлық нәрсені, барлық қажет дүниені, тіпті үзілген аяқ киімнің бауына дейін Алладан сұрауды үйреткен. Әз Елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Егер Алладан жәннатты сұрайтын болсаңдар, Фердаус жәннатын сұраңдар» деп үйреткен.

Бұл ретте дұға қабыл болудың өзіндік шарттары бар екенін ұмытпаған абзал. Олар – тілекте ықыласты болу, ішіп-жеуде, киім киюде, оның адал нәрседен болуына мән беру, «дұғам қабыл болмады» деп асықпау, дұғада Аллаға серік қоспау, тілек жасағанда Алланың көркем есімдерімен сұрау, т.б. Алла Тағала қасиетті Рамазан айында дұғаларымыз бен ізгі амалдарымызды қабыл еткей!

Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,
Шымкент қаласының бас имамы