ҚАЙРАТ ҚҰРМАНБАЕВ – ҚАЗАҚСТАН ДІНТАНУШЫЛАР КОНГРЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

0
660

Қазақстан дінтанушылар конгресінің кезектен тыс мәжілісі өтіп, өзекті мәселелер талқыланды.

Онлайн форматта өткен жиында конгрестің атқарған жұмыстарына шолу жасалды. Еліміздегі дін саласындағы жаһандық сын-қатерлер мен тенденцияларды және олардың Қазақстандағы рухани кеңістікке әсер-ықпалын ескере отырып, бұл құбылыстарды жүйелі түрде зерттеу маңыздылығы сөз болды. 

Қазақстан дінтанушыларының кезектен тыс басқосуы нәтижесінде ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев Қазақстан дінтанушылар конгресінің төрағасы болып сайланды.

«Дінтанушылар конгресін дамытуға қатысты сенімдеріңізге алғыс білдіре отырып, ел игілігі жолында ынтымақтастықта жемісті еңбек етуге үміт артамын» деген жаңа төраға Қайрат Құрманбаев конгресс жұмысын жандандыру жолында күш-жігерін салатынын айтты.

Қазақстан дінтанушылар конгресіне осыған дейін белгілі ғалымдар Ғарифолла Есім, Бақытжан Сатершинов жетекшілік жасаған болатын. Ендігі тізгін ғылым саласында ғана емес, басшылық тәжірибесімен де танылып үлгерген ғалым Қайрат Құрманбаевтың құзырына өтті.